Серік ТƏШЕНОВ, делегат: «Ауылды көтеру – күллі қазақты көтеру»
Өткен аптаның соңында Астана қаласында Мемлекет басшысының ұлықтау рəсімі өтті. Оған əр өңірден делегаттар қатысты. Солардың қатарында Ұлт ұясы – Ұлытаудың да азаматтары болды. Бүгін біз сол ресми іс-шараға қатысып қайтқан делегат жерлесіміз Ұлытау аудандық ветеринариялық станциясы ШЖҚ КМК басшысы Серік ТƏШЕНОВТЫ əңгімеге тартып, ұлықтау рəсімінен алған əсерімен бөлісуін сұраған едік.
– Серік Нығыметұлы, алқалы жиыннан қандай əсер алдыңыз?
– Айтары жоқ. Жалпы, биылғы ұлықтау рəсімі өте ерекше жағдайда өтті. Бұрындары мұндай шараға тек облыс, қала əкімдері ғана барып қатысатын. Биыл қарапайым еңбек адамдары да шет елдерден келген құрметті меймандармен қатар отырып, Мемлекет басшысын ұлықтау рəсіміне қатысты.
Мен де, қарапайым ветеринар ұлы тұлғалармен бірге болдым. Мемлекет басшысының елге берген антын көзіммен көріп, құлағыммен естідім. Бұдан асқан бақыт бар ма?! Бұдан үлкен əсер болуы мүмкін бе?!.
– Хоош. Ал енді Мемлекет басшысының айтқан сөзінен Сізге ерекше ұнағаны болды ма?
– Əрине. Ең бірінші Қасым-Жомарт Кемелұлы министрлерге, əкім-қарарларға үлкен үлгі көрсетті. Əр сөзін ата-баба жолымен əспеттеп əдемі жеткізді. Маған ұнағаны «Қазақта «Байлық не керек, адалдан жимасаң, билік не керек, əділдік құрмасаң» деген сөз бар. Бұл – бұлжытпай ұстанатын өмірлік қағидатым», деген сөзі болды. Бұл ұғына білген адамға көп нəрсені аңғартып тұр емес пе?!
«Қазақта «аманат» деген асыл ұғым бар. Халқымның сенімі – маған аманат. Осы аманатқа адал болу – мен үшін қасиетті парыз. Ел үмітін ақтап, Қазақстанды өркендеген, бақуатты мемлекетке айналдыру үшін қолымнан келгеннің бəрін жасаймын», деген сөзі де елдің көкейіне қонды деп ойлаймын.
Мемлекет басшысы ұзынсонар сөйлеген жоқ. Бірақ, бəрін нақты-нақты атап өтті. Сонысымен де бұл ұлықтау рəсімі ерекше болды.
– Көкейге не түйдіңіз?
– Ең бастысы елдің келешегінің жарқын боларына сенімі ұлғайды. Əділетті Қазақстан орнатамыз деген сөзі де іс жүзіне асады деп ойлаймын. Оған осы ұлықтау рəсімінде айтқан сөздері айқын дəлел бола алды. Шет елдердегі банктерде жатқан, елден заңсыз шығарылған қыруар қаржыны қайтарамын дегені соны нақтылай түседі.
Көкейге түйген тағы бір мəселе, қаза тіліне қатысты. «Көкбайрағымыз, төлқұжатымыз жəне мемлекеттік тіліміз біздің біртұтас халық екенімізді білдіреді» деген сөз қандай керемет. Сөйлеген сөзінің қазақшасы басым болды. Тілімізге деген қамқорлық осылай басталған екен деп түйдім көкейіме.
– Елге ой салар деген басқа қандай пайымдарын айта аласыз?
– Ондай сөздері көп. Мəселен еңбек адамдарына лайықты құрмет көрсету жөнінде айтқан сөзі. Қазір байқап отырсаңыз көксандықтан тек əншілерді, солардың қатысуымен өтетін түрлі шоу-бағдарламаларды ғана көрсетеді. Мұны көріп өскен жас буында «Е,е, əртіс болсақ елдің алдында беделіміз жоғары болады екен деген» ой қалыптасады. Бүгінде жастардың денінің өнер саласын қуып кеткені де сондықтан шығар деп ойлаймын. Енді қарапайым еңбек адамдарын, мұғалім, дəрігер, шопан, шопырларды дəріптеп көгілдір экраннан солар жайлы хабарлар көбірек берілуі керек. Еңбек адамдарын мадақтап, көтермелеу керек. Бұл да ұрпаққа үлгі боларлық нəрсе.
Елге ой салатын тағы бір сөзі ауылға жете көңіл бөлуді қолға алуы. Ауылды көтеруі, ауылға жағдай жасауы қазақты көтергені, қазаққа жағдай жасағаны. Өйткені, қазақтың дені ауылда жүр…
– Əңгімеңізге рахмет.
Сұхбаттасқан Ізтай БЕЛГІБАЙҰЛЫ.