Зайырлы мемлекет дегеніміз не? Зайырлылықтың негізгі қағидаттары қандай?
Қазақстан Республикасы Конституциясының 1-бабының 1-тармағында «Қазақстан Республикасы өзін зайырлы, ашық, құқықтық мемлекет ретінде орнықтырады» делінген. «Зайырлы» ұғымы мемлекеттің барлық салаларда, соның ішінде дін саласында да ашық, айқын саясат ұстанатынын, азаматтардың ар-ождан бостандығын қамтамасыз ететінін, діннің мемлекет саясатына араласпайтынын білдіреді. Яғни зайырлылық – дінсіздік немесе дінді терістеушілік емес, ол – мемлекеттің діни емес, құқықтық қағидаттармен басқарылуы.
Негізінде, зайырлы мемлекет пен қоғам – бұл біздің таңдауымыз. Зайырлы атеистік дегенді білдірмейді. Зайырлы дегеніміз – бұл озық, толерантты, ашық қоғам. Біз алдымен осыны анықтап, ажыратып алуымыз керек.
«Зайырлы» сөзі қазақ тіліне «ашық», «айқын», «сыртқы» деген мағыналарды білдіретін араб тіліндегі «захири» сөзінен енген. «Зайырлы» ұғымы латын тіліндегі «laicus» («лаицизм»), «saecularis» («секуляризация») сөздерімен үндеседі. «Саясаттың діннен оқшаулануы, оның табиғи-тарихи үрдіске айналуы» деген мағына береді.
«Зайырлылық» ұғымының ауқымы кең. Зайырлылық аясына гуманистік құндылықтар, соның ішінде адамның ар-ұждан жəне наным-сенім бостандығын еркін пайдалануы кіреді. Яғни зайырлылық – əр адамның дүниетанымдық еркіндігін құптай отырып, қоғамның рухани саласындағы көптүрлілікті мойындау.
Қазір əлемдік тəжірибеде мемлекет пен дін қатынасының екі типі кең таралған. Біріншісі – мемлекет пен дінбөлек, екіншісі – мемлекетте белгілі бір дінге (дəлірек айтсақ, конфессияға немесе діни ұйымға) басымдылық немесе мемлекеттік мəртебе беріледі.
Бірінші үлгідегі діннің мемлекеттен ажыратылу қағидатының саяси-құқықтық мағынасы төмендегідей:
– ар-ождан бостандығы – ол тек діни таңдау бостандығы емес, одан кеңірек – дүниетанымдық, соның ішінде діни емес таңдау. Осы таңдау құқығын мемлекет адамға (азаматқа) қалдырады жəне оның шешімімен келісуге, қабылдауға, оны қорғауға міндеттенеді;
– мемлекет азаматтармен қарым-қатынастарда олардың діни көзқарастарына емес, азаматтық-құқықтық жағдайына сүйенеді. Осылайша, азаматтық қағидатты бəрінен де жоғары қояды;
– мемлекет іс жүзінде барлық діндер мен азаматтардың құқықтық теңдігін жүзеге асыруға ұмтылады;
– мемлекет өзінің ішкі жəне сыртқы саясатында діни-теологиялық қағидаттарға сүйенбейді жəне олармен басшылық жасамайды;
– мемлекеттік жəне діни құқықтар бір-бірінен ажыратылады. Қоғамдық-құқықтық жəне азаматтық мəселелерді шешуде мемлекеттің үстемдігі жарияланады. Діни құқықтың əрекет ету аясы діни институтпен шектеледі.
Діннің мемлекеттен бөлектігіне байланысты мемлекет дін істеріне араласпайды. Зайырлы мемлекеттегі барлық діндер тең құқылы жəне олардың бəріне бірдей талаптар қойылады. Мемлекеттік органдар діни бірлестіктердің ішкі ісіне (заң бұзылмаса) араласпайды, сондай-ақ, діни бірлестіктер мемлекеттік міндеттерді атқармайды. Мемлекет тарапынан көмек немесе қолдау көрсетуге конфессиялық ерекшеліктер негіз болмайды.
Зайырлылық қағидаты – діни догманы мемлекеттен алшақтату, бірақ дінді қоғам өмірінен ажырату емес. Зайырлылықтың құндылықтар жүйесі адамның ойлау мəнері мен машықтарынан бастап киім үлгілеріне дейінгі мəдени феномендерді қамтиды. Мемлекеттің зайырлылығы діннен бөлектігінен ғана емес, сонымен бірге басқа дүниетанымның басымдығын мойындамауымен сипатталады.
Зайырлы мемлекетте діннің өзіндік орны бар. Дін мемлекеттен бөлек болғанмен, халықтың болмысынан, тұрмыс-тіршілігінен бөлек емес. «Зайырлылық» ұғымы мемлекеттің дінге деген ұстанымының демократиялық сипатта екенін, діни сенім бостандығының қамтамасыз етілетінін білдіреді. Мемлекет пен діннің арасында зайырлы əрі рухани құндылықтарға сүйенген жанды байланыстар орнаған.
Зайырлы мемлекеттің маңызды сипаттарының бірі – діни сенімдері мен көзқарастары əртүрлі азаматтардың бейбіт қатар өмір сүруі. Яғни зайырлы мемлекет рухани саладағы көп түрлі қарым-қатынастың құқықтық негіздерін қамтамасыз етеді.
Мұхан ИСАХАН.