Маңызды белеске қадам

Қазақстан Республикасы Президентін сайлау алдағы жылдардағы еліміздің даму жолын айқындайтын маңызды белес болғандықтан, сайлаушылар оған бейжай қараған жоқ. Учаскелер ашылғаннан бастап халық белсенділігі байқалды. Үлкен де, кіші де өз таңдауын жасауға асықты. Əсіресе, аға буын таңнан тұрып, дауыс беру дəстүрінен айнымаған.

Қарттарымыздың белсенділігінен орта буын да, өскелең ұрпақ та үлгі алуға тұрарлық деп ойлаймын. Бүгінгі күннің аса маңызды екенін ұғынған Ұлытау облысының сайлаушылары өте жақсы көрсеткіш көрсетті.

Жер-жерден келіп жатқан хабарларға қарағанда, сайлау учаскелеріндегі көңіл-күй көтеріңкі болған. Өйткені халық ертеңін бүгінгі күнмен байланыстырады. Өз дауысының маңызды екеніне сенеді. Сондықтан сайлауға бір қолдың саласындай бірлікте қатысты. Бұл жаңа облыс жұртшылығының елдік істерде бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығара алатынын көрсетті.

Қазақстан Республикасы Президентін сайлаудың саяси маңызы сайлауға дейін де талай айтылды. Кандидаттардың бағдарламасымен халық жіті танысты. Шешуші күні халықтың учаскелерге келіп дауыс беруі – сайлаудың басты көрсеткіші. Сондықтан электораттың белсенділігі туралы сағат сайын жария болған көрсеткішті назарда ұстап отырдық.

Біздің Ұлытау ауданы бұл орайда үлкен ұйымшылдық көрсетті. Аудан бойынша дауыс беру 84,55 процент болды. Бұл жақсы көрсеткіш. Мұны Ұлытау өңірі жұртшылығының Мемлекет басшысына деген зор құрметі, үлкен сенімі деп қабылдадық. Өйткені биыл облысымыз жеке шаңырақ көтеріп, оған Ұлытаудың есімі берілді. Ұлттық Құрылтайдың алғашқы отырысы Ұлытауда өтті. Мұның бəрі Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың Ұлт ұясы – Ұлытауға деген құрметі.

Жалпы, сайлаудағы елдің белсенділігі – жұртшылықтың ертеңге деген сенімінің, тарихи таңдау жасауға деген жауапкершілігінің көрсеткіші.

Аманбек СҮЛЕЙМЕНОВ.

 Ұлытау аудандық қоғамдық кеңестің төрағасы.