Тоқаевтың жеңісі — жаңа кезеңнің бастауы
20 қараша күні елімізде кезектен тыс Президент сайлауы өтті. Демократиялық қоғам талаптары өз деңгейінде сақталған саяси додаға ел болып куə болдық. Сайлауда Ұлытау ауданының сайлаушылары да белсенділік танытты. Дауыс беруге құқығы бар 7107 азаматтың 6009-ы сайлауға қатысып, нақты есептік көрсеткіші 84,55 пайызды құрады.
Жалпы, сайлауда қазақстандық қоғамның саяси мəдениеті арта түскендігі байқалды. Сайлаудың қорытындысында 81,31 пайыз дауыспен халықтық коалициядан ұсынылған Қасым-Жомарт Тоқаев жеңіске жетті. Бұл əрине, бүкіл халықтың жеңісі! Осы ретте аудан халқының пікірін тыңдау мақсатында бірқатар сайлаушылармен тілдескен едік.
Марғұлан СƏБДЕНОВ, Ұлытау аудандық балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінің басшысы:
– Сайлау құқығымды пайдалана отырып, «Əділетті жəне қуатты Қазақстан» үшін өз дауысымды бердім. Осындай жауапты кезеңде сайлауға қатысу азаматтардың тек өзін-өзі құрметтеу ғана емес, жалпы Қазақстанның болашағы үшін өскелең ұрпақ алдында жауапкершілікті көрсету. Сол себепті, өз ықтиярыммен Қасым-Жомарт Тоқаевқа сенім білдіріп, биік мақсаттарға бірлесіп жетуге талпынысымды көрсеттім. Ендігі кезек Мемлекет басшысының оң бастамаларына барынша қолдау көрсетіп, одан əрі де бейбітшілік пен əлеуметтікке негізделген қоғамымызды дамытуға атсалысу, ол менің Қазақстан азаматы ретіндегі парызым деп санаймын.
Аружан ОМАРОВ, №727 Қорғасын учаскелік сайлау комиссиясы төрағасының орынбасары:
– Біздің сайлау учаскеде «Сайлау туралы» конституциялық заңның талаптарына сəйкес дауыс беру өз деңгейінде ұйымдастырылды. Əр сайлаушы таңдауын лайықты түрде жасай алды. Бұл халықтың өзінің жəне елінің тағдырына бейжай қарай алмайтынын көрсетсе керек. Сайлауда азаматтар белсенділік танытып, өз таңдауларын жасаумен қатар өз ынталығымен демократиялық құқықтарын толық пайдалана білді.
Бекжан ҚАБЖАНОВ, №8 Егінді орта мектебінің мұғалімі:
– Кешегі сайлауда Қазақстанның алдағы дамуы мен келешегін лайықтыкөшбасшыға табыстау үшін маңызды таңдау жасадық. Өйткені, алдағы жеті жылда елімізді өркендету үшін жасалатын жаңа тəсілдер мен жаңа шешімдер бастау алмақшы. Əділетті Қазақстанды құру, əділ қоғамды бірге құру күн тəртібінде тұр. Əділетті мемлекетті қалыптастыруға жол ашады деген бізде де үлкен үміт бар. Сондықтан елімнің жарқын болашағы үшін өз таңдауымды жасадым.
Лиза САҒЫНТАЙ, Сарысу ауылының ветеринар фельдшері:
– 20 қараша – еліміз үшін маңызы зор тарихи күн болды. Тұтас елдің болмысын, ерекшелігін екшейтін сəт болашақты айқындаумен байланысты екені аян. Өйткені, қоғамның бірлігі, мемлекеттің тұрақтылығы, еліміздегі кез-келген ішкі жəне сыртқы мəселелеріне мəн беру əрбір Қазақстан сайлаушысы ретінде баршамызға маңызды. Ал, бұл сайлау Қазақстанның келешек бағдарын айқындап қана қоймай, жақсы нəтижелерімен бүкіл қазақ елінің дамуына ықпалын тигізеді деп ойлаймын. Елдігіміз бен бірлігіміз салтанат құрған ортақ жеңісіміз құтты болсын!
Шолпан ЖАЛҒАБЕКОВА, зейнеткер-ұстаз:
Қыркүйекте кезектен тыс Президент сайлауы болатынын естігеннен бастап халық үлкен үмітпен ерекше күйде жүрді деп ойлаймын. Биылғы сайлауда Қасым-Жомарт Тоқаевтың дауысы 2019 жылғы сайлау нəтижелерінен де жоғары дауыс жинады. 2019 жылы дауыс берушілердің 75% дауысын жинаса, биыл 81% дауысқа ие болды. Президент халық дауысының басым көпшілігін жинауға шынымен лайық болды. Себебі, оның кандидат, басқарушы жəне жеке тұлға ретінде ұсынған бағдарламасы түпкілікті халықтың көкейіндегіні дөп басып, көңілден шықты деп айтуға
болады Еліміздегі сайлау əділ өтті. Өздеріңіз білетіндей, биылғы сайлауда «барлығына қарсымын» нұсқасы қосылды. Бұл халықтың қарсылығын анықтауға да мүмкіндік берді. Мұндай тəжірибе көптеген елде бар. Биылғы сайлауға шетелден байқаушылар мен БАҚ өкілдері жəне басқа да мамандар келді. Сайлау учаскелеріндегі жағдайлардың барлығы бақылауда болды. Бұл қазақстандықтардың əділетті түрде өз дауыстарын беріп, Отан алдындағы құқықтарын жүзеге асырды.
Раушан ҚОЖАБАЕВА, Жезді кентіндегі «Таңшолпан» бөбекжайының тəрбиешісі:
– Отбасымызбен келіп кезектен тыс Президент сайлауына қатыстық. Таңдауымызды жасадық. Қасым-Жомарт Кемелұлына сенім артып, Əділетті жəне қуатты Қазақстан идеясын қолдап, дауыс бердік. «Бір жеңнен қол, бір жағадан бас шығарып» бірлігіміз бекем ел екенін көрсеттік.
Қорыта айтқанда, Ұлытау ауданы аумағында орналасқан 30 сайлау учаскесінде өңір сайлаушылары аса жоғары белсенділік танытты. Сайлауға қатысу құқығына ие азаматтардың 97,29 пайызы Қасым-Жомарт Тоқаевқа дауыс берді. Бұл сайлаушылардың Əділетті мемлекет қалыптастыруға жол ашқан үкілі үміті. Ел Президенті мен Жаңа Қазақстанды құруға қадам жасаудағы əділетті таңдауы. Əсіресе, бұл жолғы сайлауда ұлытаулықтар азаматтық сана мен саяси мəдениеттіліктің тамаша үлгісін көрсетті.