Жезді кеніндегі сирек металдар – ел ырысын еселеудің ең тиімді тетігі
Биылғы жылдың 16-17 қыркүйегінде Ұлытау ауданының Жезді қалашығында дүрілдеген той болды. Жезді кенішінің 80 жылдық мерейтойын тойладық. Тойды өткізуге бюджеттен бір теңге де жұмсалмады. Ұйымдастыру шараларының бəрі дерліктей демеушілердің жəне жергілікті жастардың көмегімен өтті. Мерейтой аясындағы салтанатты жиында Ұлытау облысының əкімі Берік ƏБДІҒАЛИҰЛЫ сөз сөйлеп, қалың елді қуанышымен құттықтады. Жезді кенішінің Ұлы Жеңіске қосқан қомақты үлесін тілге тиек етіп, келешекте қалашықтың кемелденуі мен жергілікті тұрғындардың əлеуметтік-экономикалық жағдайын көтеру бағытында нақты шаралар қолға алынатынын мəлімдеді.
Ұлы Отан соғысы фашизмге қарсы халықтар біріксе жеңетінін айғақтап берді. Жезділік кеншілердің жанкешті ерлігін бүкіл Қазақ елі білгені дұрыс. Одан қалды əлем білуі тиіс. Кеніштің фашизмді жеңуге ерекше үлес қосқанын ескеріп, болашақта Жезді қалашығына қала мəртебесі беріліп, қаһарман қала аталатынына сенемін.
Академик-геолог Қаныш Сəтбаевтың ұсынысымен Жезді марганец кенішін іске қосу жөніндегі бұйрық 1942 жылы 25 сəуірде шықты. Кеніштің салынуын Мемлекеттік Қорғаныс комитетінің төрағасы И.Сталиннің өзі тұрақты қадағалап, атқарылуы тиіс жұмыстар 38 күнде тиянақталды.
Əрине, жау да қарап жатпады. Мемлекеттік қауіпсіздік комитетінің қызметкерлері Жезді кенішін жою мақсатында жіберілген диверсиялық топты Петропавловскіде қолға түсірді. Жездіге ұшып барып, бомбалап қайтуға Гитлердің ұшақтарының жанармайы жетпейтін еді. Кеніштің ашылуы ең ірі жеңіске бағаланды (История Великой Отечественной войны, первый выпуск, автор Золотарев В.А, том II стр. 154).
Дүниежүзі тарихшыларының зерттеулеріне сүйенсек, «Герман фашизмін жеңуде Кеңес танкілері басты рөл атқарды. Қ.Сəтбаев марганец таппағанда жеңіліп қалады екенбіз» (16/07/2018 жылы Ресейдің «Звезда» ТД, сағат 21 «Т-34 танкілері болмағанда, 1941-1945 жылдарғы соғыста жеңілер едік» деп мойындады).
«Танкілердің сауытына оқ өткізбейтін марганецке қажеттіліктің 80%-ын жезділіктер өтеп, Жеңісті тездетті. Фашистік Германия жеңгенде, 120 миллион Кеңес адамдарын 20 жылдың ішінде газ пештерінде тұншықтырып өлтіру жоспарланыпты (Гитлердің өте құпия №14 сейфінен. Таришы – Рейнхард Опиц). Олар алдымен орыс халқын тарих сахнасынан жоқ қылар еді. Соғыстан кейін Қаныш ағамыз рудасының құрамы кедейленген Жездіні жабылудан аман алып қалды.
Себебі, кеніштің құрамы бай рудасын байытпай-ақ, домна пештерінде ең сапалы танкі сауытына жарамды болат алуға пайдаланған еді. Қ.Сəтбаев қандай руда болса да байыта алатын əмбебап байыту фабрикасын салуды ұйымдастырды. Жəне Жездіде еліміздің марганец тау-кен өндірісінің базасын жасау арманы бар еді. Оған көзі тірі кезінде жете алмай кетті. Қаныш ағамыздың өсиетін кеніш директорлары Тоқтыбаев пен Саринов орындап, Жезді, Промежуточное, Үшқатын, Тур, Шығыс Қамыс, Жақсы-Қотыр, Қаратас, Ақүңгір марганец кен орындарына геологиялық зерттеу жүргізіп, марганец қорын 15 есе өсірді. Шахталар мен карьерлер ашты.
Жезді – он мың тұрғыны бар əсем қалашық болған еді. Жезді кеніші – соғыс кезінде жəне одан кейінгі жылдары рухы мықты еңбекқор ұжымы бар жəне ауданның бюджетіне ең көп үлес қосқан өндіріс орны еді. СССР 1991 жылы құлағаннан кейін, экономикалық байланыстар үзіліп, кеніш банкротқа ұшырады (1997 жыл). Ақсу ферроқорытпа зауыты кеніштің активтерін 25 БелАЗ-дың құнына сатып алды. Зауыт біздің ашқан кен орындарымыздың рудасын пайдаланып, банкрот болудан аман қалды. Қазір ол – дүниежүзілік сапалы ферромарганец қорыт паларын шығарып отырған заманауи кəсіпорын.
Қаныш Сəтбаев – СССР-дың геолог-ғалымдарының ішінде XXI ғасырдың сирек металдар ғасыры болатынын бірінші болып пайымдаған ғалым-геолог еді. Себебі, алғашқы болып сирек металдардың сынағын (анализдерін) бұрғылау ұңғыларының керндерінен алуды енгізді. 1964 жылы Сəтбаев Мəскеуде Жездінің 5 сирек металдар қорын бекіттірген еді. 1990 жылы тағы өте қымбат бағалы төрт сирек металдар табылып отыр (негізгі пласттың өзінде жəне пласттың асты-үстімен жапсарлас 0,5-1 метрлік баланстан тысқары тау жыныстарынан сынақ алып едім). Шахта іске қосылғанда қорын зерттеп, бекіттіруге болады.
Енді Жезді кеніндегі сирек металдардың жарамдылығы мен бағасына тоқтала кетейін. Оларды ядролық энергетикада, электромобильдер мен электровоздардың аккумуляторларында, катализде, электрон өндірісінде, инфрақызылоптикада, медицинада, химиялық өндірісте, өте қуатты лазерлерде, интегралдық схемаларда, өте шапшаң процессорларда, жоғарғы қуатты лазерлік диодтарда, космосқа ұшырылатын спутниктерде, термогенераторларда, авиаөндірісінде жəне тағы да басқа заманауи технологияларда қолдануға болады.
Олардың құны да қымбат. Бір ғана мысал, рубидийдің 3 милли грамы бар бір ампуланың 2022 жылғы қыркүйектегі бағасы – 900 теңге (https://ochv.ru/magazin/ product/rubidiy-metallicheskiy). Бір доллардың курсын 460 теңге деп алсақ, 1 грамы 5 200 $ болады. Жезді кенішінен 1942-1997 жылдар мұғдарында 8 миллион тонна руда өндірілді. Алайда, ішіндегі өте қымбат сирек металдар алынбағандықтан, бір ғана рубидийдің ысырабы 390 миллион доллар болды.
Қазіргі заманда сирек металдар арқылы нанотехнологияларды пайдаланып, экономикасын шарықтатқан елдер баршылық. Нанотехнология деп көзге көрінбейтін молекулаларды мұрнынан тізіп детальдар жасауды айтады. Мысалы, Жапонияның кен орындары жоқ. Бірақ, шетелден келген кенді терең өңдеп, ішіндегі сирек металдарды сүзіп алып, нанотехнологиясында қолданады.
Ресейдің технологиясы Жапонияның технологиясымен салыстыруға мүлдем келмейді, сапасы төмен, ескірген. Сондықтан, сирек металдарға зəру Жапониядан – Жездіге инвестор тартқанымыз дұрыс. Шахтаның кен қоры – 6 миллион тонна. Кеніштің жобалық жұмысы – 40 жыл. Қуаты жылына 150 мың тонна руда, одан алынатын концентрат – 40 мың тонна, сапасы – 40% Mn.
Келешекте шахтамыз ашылған жағдайда, бір тонна 40 проценттік марганец концентратының бағасы кем дегенде 200 доллар болар еді. Ал, инвесторға Жездіде гидрометаллургиялық сирек металдар цехын аштырып, руданы сату құнын шамамен 15 есеге арттыруға болар еді (КазИМС институтының 1994-жылғы есептеулері негізінде). Сонда келешекте жылына шамамен 55 миллиард теңгенің тауарын шығаруға болады.
Міне, сонда Жездінің бағы қайта түлеп, экономикасы дамып, Ұлытау ауданының халқы Қазақстандағы ең бай-қуатты тұрмыс құрар күнге жетер еді.
Тағы бір айналып өтуге болмайтын мəселе – Жездінің тарихы арқылы туған жердің қара тасын мақтан ете алатын, елдің ертеңгі тағдырын ойлап-толғанатын, халықтың жүгін өгіздей өрге сүйрейтін, білімді-білікті отаншыл жастарды тəрбиелеуіміз керек.
P.S. Инвестор табыла қалса, мен Жезді кен орнына қатысты туындайтын барлық сұрақтарға егжей-тегжейлі жауап беруге дайынмын. Ұлытау облысының кен орындары Қаныш Сəтбаевтың зерттеулері бойынша Қазақстандағы ең бай сирек металдар қоймасы болып саналады. Облысымыз сирек металдар өндірісін қолға алса, еліміздің экономикалық драйверіне айналар еді.
Болат ЖҮГІНІС,
Жезді кенішінде жарты ғасыр еңбек еткен ардагер, бұрынғы бас геологы.