Жақсының жалғасы
Марқұм Көпеш ЖАРАСБАЕВ бар өмірін халқының игілігіне арнаған, еліне еңбегі сіңген, халықтың сүйіспеншілігіне бөленген абзал жан еді. Өзінің саналы ғұмырында адалдықты, адамгершілікті, ар-намысты ту етіп, халыққа қалтқысыз қызмет еткен, ұлттық асыл қасиеттерді бойына сіңірген, халықтың адал ұлы еді. Көпекең алапат ашаршылық жылдарында екі жаста, саяси қуғын-сүргін кезінде жеті жаста болды. Сол кездердегі азаптарды жанымен сезініп өсті. 1941 жылғы сұрапыл соғыста он бір жаста болатын. Сол жылдары бұғанасы қатпай, буыны бекімей тұрған кезде еңбекке араласып, азаматтары майданға кеткен əйелдермен, қалтылдаған қарттармен бірге еңбек майданының жауынгерлерінің сапына тұрып, ересек адамдар атқаратын жұмыстарды атқарды. Сол жылдардағы қиындықтардың бəрін басынан кешіп, еңбекпен шыңдалып, шыныққан жан еді.
Еліміз егемендік алып, тəуелсіз мемлекет болғаннан кейін шаруашылықты жүргізу жаңа арнаға ауысып, жекешелендіру саясаты басталды. Көп жыл Ұлытау кеңшарының №3 сүт өндіру фермасын басқарып, алдыңғы қатарға шығарған Көпекең жекешелендіру саясатын қолдаған алғашқылардың бірі болды. Ұлытаудың солтүстік шығысындағы «Ақан» деген жерді алып, балаларымен жеке шаруашылығын құрды. Шағын ғана малмен бастаған шаруа қожалығы аз жылда дамыған іргелі шаруашылыққа айналды.
Көпекең үлкен баласы Ерланды кəсіпкерлікпен айналысуға баулып, шаруа қожалығына екінші баласы Ерболатты ие етіп, балаларын еңбекке тəрбиеледі. Өзі дүниеден өткенде балалары əкесі ұстатқан шаруашылықтарды дамытып, Ерланы ірі кəсіпкер, Ерболаты аудандағы дамығын шаруа қожалықтардың алдыңғы сапында болды. Ерлан аудан орталығынан дүкен ашып халыққа қалтқысыз қызмет етіп жүр. Ал Ерболаты отарлап қой, табындап сиыр, үйірлеп жылқы өсіріп отыр. Шаруашылық иесі мал тұқымын асылдандыруға айрықша көңіл бөліп келеді. Жазда халыққа арзан бағамен бал татыған қымыз, сапалы сары май сатып халықтың алғысын алып жүр. «Əкеден бала туса игі, əке жолын куса игі» — дейді ғой дана халқымыз. Ерлан мен Ерболат əкесінің жолын қуған еңбекқор, қолдары ашық, жомарт жандар. Бұлар көмек қажет еткен отбасыларына тартынбай көмек беріп тұрады.
Иə, марқұм Көпеш Жарасбаев тұғыры биік кесек тұлға еді. Балалары əкесіне тартқан жақсы азаматттар болып өсіп, əкесінің ісін жалғастырып келеді. Міне Ерлан мен Ерболат жақсының жалғасы деп айтуға тұрарлық азаматтар. Бұлардың ұрпақтары да əке ісін жалғасын, атақтары аймақтарды шарласын деп тілейік.
Мағзұмбек МАШАЙЫҚҰЛЫ,
Ұлытау ауданының Құрметті азаматы Қазақстанның Құрметті журналисі.