Алдағы жылы ауданда бірнеше әлеуметтік нысандар іске қосылады
Бұл туралы Ұлытау облысының əкімі Берік Əбдіғалиұлы Ұлытау ауданының тұрғындарымен болған кездесу барысында мəлімдеді. Кездесуде өңір басшысы тұрғындарды жаңа облыстың əлеуметтік-экономикалық дамуы туралы хабардар етіп, аудан басшылығының алдына нақты міндеттер қойды.
Орайы келгенде айта кетейік, өткен аптаның соңында өңір басшысы Берік Əбдіғалиұлы Ұлытау ауданының орталығындағы мəдениет үйінде аудан жұртшылығымен кездесті. Кездесу барысында облыс əкімі өңірдің даму бағыты, алда тұрған ауқымды істер жайлы кеңінен əңгімеледі. Осы орайда аймақ басшысы Ұлытау ауданына қатысты жайттарды да жіпке тізіп шықты. Əңгіме барысында əкім əлеуметтік нысандарды салу, реконструкциялау жəне жөндеу, жалпы ауданның инфрақұрылымын дамыту жоспарларымен бөлісті.
Облыс əкімі атап өткендей, 2023 жылы Жезді кентінде дене шынықтыру-сауықтыру кешені, ал Ұлытау селосында 100 орындық балабақша, емханасы бар орталық аудандық аурухана жəне ветеринарлық модульдік зертхана салынып, пайдалануға беру жоспарлануда. Сондай-ақ, алдағы жылы ауданда жаңа мектеп пен бассейннің, халықтың əлеуметтік осал топтарына арналған 10 тұрғын үй мен 4 фельдшерлік-акушерлік пункттің құрылысы басталады. Келер жылы су құбыры желілерін қайта жаңарту да аяқталады деп күтілуде. Сол сияқты, электрмен жабдықтау, аудандағы автожолдарды жөндеу сынды елді толғандырған мəселелер де шешімін табады.
Кездесу барысында өңір басшысы Ұлытау ауданының əкімі Аманжол Мырзабековтың ауданның əлеуметтікэкономикалық даму бағдарламасы аясында 2022 жылдың 9 айында атқарылған жұмыстар туралы есебін тыңдады. Өз кезегінде аудан əкімі аудан аумағында атқарылып жатқан əлеуметтік нысандар құрылысының, күрделі жəне ағымдағы жөндеу жұмыстарының барысы туралы егжей-тегжейлі баяндады.
Кездесуден кейін облыс əкімі Берік Əбдіғалиұлы азаматтарды жеке қабылдап, халықтың сұрақтары мен өтініштерін тыңдады.
Ізтай БЕЛГІБАЙҰЛЫ