Еңбекпен есейген жан
«Адам еңбекпен мал іздемек — ол арлы адамның ісі» деп Абай айтқандай, расында да адамзат пайда болғаннан бері өзінің қажеттілігін тек еңбегі арқылы қамтамасыз етіп отырған. Қашаннан еңбек адамды адалдық, табандылық, жауапкершілік сияқты жақсы қасиеттерге жетелейді. Ал, бүгінгі мақалаға арқау болған кейіпкер Рүстем ЖАҚАЕВ. Ол көптің бірі емес, ел көңілінен шыққан еңбекқорлығымен дараланған бесаспап. Оның бір бойында сəулетші, құрылысшы, дəнекерлеуші, шопыр, электр жөндеушісі тəрізді бірнеше мамандық топтасқан. Аталған мамандықтың кəнігі майталманы. Жақынырақ таныған адамға өте қарапайым, сыпайы, мəдениетті, білімді азамат.
Рүстемнің еңбек жолы кешегі XX ғасырдың сексен алтыншы жылынан басталып, қазіргі Тəуелсіз елдің шуақты күндерімен астасып жатыр. 1981-1986 жылдар аралығында Жезқазған политехникалық институтында оқып, автомобиль инженер мамандығын алып шығады. Оқуды бітірісімен туған жері Ұлытау ауданының орталығындағы сельхозтехника бірлестігіне инженер болып келеді. Ол жерде өзінің алғырлығымен, іскерлігімен көзге түсіп, жемісті еңбек етеді. Ал, оның бесаспап ретінде елге танылғаны беріректе. Ол кезде ауыл шаруашылығы бөлімінде техника қауіпсіздігін сақтау инженері еді. Бұл қызметтен кету себебі – айлық жалақысы мардымсыз болды. Алған жалақысы шəй пұлынан сəл-ақ асып жығылды. Осындай жағы Рүстемнің көңілін көншітпеді. Бірден ойын өзгертіп, заман талабына сай жеке кəсіппен айналысуға бел буды. Ондағы мақсаты – аудан орталығына тойхана мен қонақүй салу болды. Əуелі өзі тұратын үйдің ауласына құрылыс материалдарын жинақтайтын орын жасау үшін шыны шөлмектерінен сарай тұрғызды. Одан кейін ауласына екі қабатты еңселі ғимарат салды. Оған қаржыны өз қалтасынан шығарды. Басқалар сияқты несие алып, қарызға белшесінен батқан жоқ. Сырттан материал іздеп əуре де болмады. Ғимараттың қабырғасын кəдімгі табиғи тастармен қалап, сонымен өріп шығарды. Төбесін сым-темірлермен жалғап, ауылдың ұсақ тас құмымен цементті араластырып құйды. Қазір ғимарат төбесі түгелдей бетондалған, мықты. Оның бар жұмсаған қаражаты цементке ғана.
Жалпы, құрылыс жұмысында тас қалаушы, дəнекерлеуші, электрик өзі болды. Өйткені, бар мамандықтың қыр-сырын бір өзі меңгеріп алған нағыз еңбек адамы. Есік, терезе салу да қолынан келіп тұр. Оған материал алу үшін таксист болып қаражат тапты. Таң қалмасқа шараң жоқ. Осы кезде оның еңбекқорлығына, бесаспап екендігіне жерлестерінің көзі жетті. Бастапқыда «жалғыз адамның жұмысы өне қоймайды-ау» деген сөз ел арасында жиі айтылды. Бірақ, көптің көкейінде жүрген ойға Рүстем ісімен нүкте қойғандай болды. Ақыры, бұл ғимараттың иесі өзінің еңбекқорлығы мен табандылығының арқасында, кəсібінің болашағын болжай білетіндігін тұрғындарға көрсете білді.
Бүгін осы тойхана «Жаймашуақ» деп Рүстемнің қызының есімімен аталады. Атына сай залы да шуақты. Күн сəулесі үлкен терезеден нұрын төгіп тұр.Той өткізуге тапсырыс берушілер қатары артпаса, кеміген емес. Ғимараттың екінші қабаты қонақүй. Сыртқы құрылысы толық аяқталған. Ішкі жағы əлі бітпеген сыңайлы. Өйткені, заманауи үлгіде жасауды көздеп отырған тəрізді. «Осы жағы қаражатқа тіреліп отыр» дейді Рүстем бізбен əңгімелескен сəтте. Əйтпесе, ол құрылыс жұмысын əсте тоқтатқан емес. Жылдың төрт мезгілінде де тыным таппай еңбек етуде. Қазіргі кезде көптеген азаматтар жұмысқа қабілетті бола тұра еңбектенуге құлықсыз, кейбіреуі көпбалалы отбасыға берілетін жəрдемақыны талғажау етіп отыр. Ал, Рүстем болса, жоқтан бар жасап, табыс көзін табуда. Зайыбы Лəйла отағасы салған тойхананы шыр айналдырып, отбасылық бизнесті дөңгелетіп отыр. Той тағамдарының барлығы осы Лəйланың қолымен əзірленеді. Ауыл тұрғындары тұсаукесер, тілашар, басқа да қуанышты күндерін осында өткізеді. Бағасы да қолжетімді.
Негізі Рүстем алдағы күнге жоспар құрып жүретін азамат. Ендігі мақсаты – ірі қара мал басын өсіріп, құрт, қаймақ, сары май, сүт өнімдерін сатылымға шығармақшы. Сүт өнімдерінен түрлі тағамдар дайындау жоспарында бар. Өйткені, ол адал еңбекпен келетін еңбектің жемісі де берекелі, ырзыққа толы екенін біліп отыр. Бүгінгі күні елге сыйлы Рүстемнің бəсекеге қабілеттілігі мен еңбекқорлығы өзгелерге үлгі болмақ.