Елге сыйлы – қазыналы қарт едің

Асқар тау алыстаған сайын биіктей береді дегендей, жақсы адам бақилық болғанда, уақыт өткен сайын оған деген сағынышың арта түседі. Қатар жүргенде байқалмаған асыл қасиеттері ойыңа оралады.

Марқұм — Сəрсембай Оспанов ағамыз ұлттық құндылықтарымызды бойына сіңірген даласындай дархан, кеңпейіл, мейірімді, өлім түгілі өкпеге қимайтын кесек тұлға, қазыналы қарт еді. Əділдіктен, адалдықтан ауытқымаған тəңірдің сүйген құлы, халықтың адал ұлы болатын. Алла оның сондай ақ пейіліне берген шығар, тіршілігінде еш нарседен кемде болған жоқ. Өзінің бауырынан өрген ұрпағына үлгі-өнеге болып, тəрбиелеп өсіріп, олардың қызық-қуанышын көрді. Балалары, немере-шөберелері əкелерінің атына кір келтірмей жақсы азаматтар болып өсті.

Сəрсембай Оспанов ағамыз ұзақ жылдар бойы Ұлытау кеңшарында, аудандық ауыл шаруашылық басқармасында бас есепші болып жүріп зейнеткерлікке шыққан. Құрметті еңбек демалысында жүрсе де қоғамдық жұмыстарға, жастар тəрбиесіне белсене араласты.

Сəрсембай ағамыздың елге сіңірген еңбегі əркез өзінің лайықты бағасын алды. Ол кісі «Еңбек ардагері», Ұлытау ауданының құрметті азаматы» болды.

Осындай кесек тұлға, қазыналы қарт, отбасының тірегі осыдан бір жыл бұрын бақилық болды. Алланың бұйрығына шара бар ма? Ешкім мəңгілік емес. Алла марқұмның алдын жарық, артын қайырлы, жанын жəннаттан етсін. Əмин!

Құрметтейтін, халқың қатты сыйлайтын,

Жан едіңіз бір шеңберге сыймайтын.

Ақылың дария, қазыналы қарт едің,

Өлім түгіл өкпеге де қимайтын.

Бұл фəниде кімді ажал алмайды,

Сұм ажалдан ешкім құтыла алмайды.

Атың сенің елмен бірге жасайды,

Өміріңді ұрпақтарың жалғайды.

Иманды бол, жаның кірсін жұмаққа,

Атың мəңгі ел есінен қалмайды.

Мағзұмбек МАШАЙЫҚҰЛЫ,

Ұлытау ауданының Құрметті азаматы,

Қазақстанның құрметті журналисі.