Елу жылын есепке арнаған ғибратты ғұмыр
Расында да, адал еңбек – абырой бастауы. Өз ісінің кəнігі шебері ғана кейінгілерге үлгі боларлық өмір мектебін қалыптастырса керек. Бір өзі бір мектеп боларлық білігі мен білімі арқылы өңірді өркендетуге зор үлес қосқан аға буынның арасында Сəрсембай ОСПАНҰЛЫНЫҢ есімі де ерекше ілтипатпен аталады.
Сəрсембай Оспанұлының балалық шағы коллективтендіру, бүкіл қазақ халқына нəубат əкелген ашаршылық, Алаш арыстарын қынадай қырған репрессия, сұрапыл соғыс жылдары мен одан кейінгі ауыртпалық арқалаған кезеңдерге тап келіп, белі бекімей 13 жастағы жасөспірім еңбек жолын колхоздан бастады. Осы орайда орыс халқының ұлы жазушысы А.Чеховтың «Менің өмірімде балалық шақ болған емес» деген сөзі еріксіз ойға оралады. Сəрсекеңді бойындағы жауапкершілік қасиеті мен салмақты мінезі бала болса да бас болуға жетеледі.
Жас болса да біліктілігімен көзге түскен Сəрсембай Оспанұлына есепшілік қызметті іліп əкету қиындық тудырмады. 51 жылдық есепшілік қызметінде өңірде қай жердің экономикалық ахуалы қалыс қалса, сол жердің жыртығын жамап, кемтігін толтырып, жұмысын бастау үшін Сəрсембай Оспанұлын жіберіп отырған. Осыдан-ақ бұл кісінің қаншалықты білікті болғанын пайымдай берсек болады. КСРО бухгалтерлік есеп саласында инновация жасап, сол жаңалықты аудан көлемінде тəжірибеге енгізген. Есептің жаңа бланкілері, есеп жүргізу тəсілін оңтайландыру сынды тəжірибелік жұмыстары бүгінге дейін есеп саласында маңыздылығын жойған емес. 1972-1982 жылдары ауыл шаруашылығы саласы мекемелерінің бухгалтерия жəне есеп-қисап жұмысына жариялаған байқауда жеңімпаз атанған.
Əлбетте, еңбек еленді. Кеңестік кезден омырауына қадаған «Ерен еңбегі үшін», «Еңбекте үздік шыққаны үшін» медальдарының қатары еліміз тəуелсіздік алғаннан кейін де бірнеше ордендерімен толықты. Ауданның əлеуметтік-экономикалық жəне мəдени дамуына, аудан тұрғындарының ынтымағы мен бірлігін нығайтуға қосқан зор үлесі, қоғамдық өмірдегі жоғары белсендігі үшін жерлестері «Ұлытау ауданының Құрметті азаматы» атағын берді.
Сəрсембай Оспанұлы жарты ғасырлық есепшілік қызметінен зейнетке шыққан соң да ел игілігі үшін қызмет етуін тоқтатқан емес. Абыз ақсақалдың кейінгі ұрпаққа мұрасындай кітаптары мен естелік жинақтары қалды.
Осындай ғұмыры ғибратты ақсақалымыздың бұл дүниеден мəңгілік мекеніне аттанғанына да жыл толған екен. Жатқан жері жайлы, топырағы торқа болсын!
Ережеп МАҒЗҰМОВ,
Ауылшарушылығы жəне қаржы саласының ардагері.