От-жалында шыныққан

Жыл сайын шілде айының үшінші жексенбісі металлургтердің кәсіби мерекесі ретінде аталып өтіледі. Осынау отты мамандық иелері еліміздің экономикалық әл-ауқатының басты тірегі екендігі даусыз. Қазақ мысының қарашаңырағы – Қарсақбай үшін, соңғы 100 жылдың бедерінде осы шағын ғана елдімекенде туып-өсіп, өмір сүріп жатқан үш буын ұрпақ үшін бұл мерекенің жөні бөлек. Биыл қазақтың мыс қазанында алғашқы балқыма алынып, Жезқазған-Ұлытау аймағының қазынасы әлемге әйгілі болғанына – 93 жыл (1928 жыл, 19 қазан).

 

Еселі еңбекпен, отпен өрілген өндіріс шежіресінде ұрпаққа өнеге болар есімдер аз емес. Бірқатарының есімдері кенді өлкенің шаһарларында көшелерге берілгенін, олар жайлы кітаптар жарық көргенін жақсы білеміз. Аймақтағы музейлерге жолыңыз түссе, өндіріс майталмандары жайлы көрмелер, аса сирек мұрағат деректері жарқырап алдыңыздан шығады. Осындай көрме-кездесу жуырда академик Қ.Сәтбаевтың мемориалдық Музей-үйінде өткізілді. «Металлург жолы» тақырыбындағы көрменің негізгі кейіпкері – «Құрмет белгісі» орденінің иегері, КСРО Құрметті металлургі Нұркамал Ақдәулетов.

Еселі еңбекпен, отпен өрілген өндіріс шежіресінде ұрпаққа өнеге болар есімдер аз емес. Бірқатарының есімдері кенді өлкенің шаһарларында көшелерге берілгенін, олар жайлы кітаптар жарық көргенін жақсы білеміз.

Ардагердің ұрпақтары Қарсақбайда жұртшылықтың басын қосып, көрме-кездесу өткізді. Көрмеге М.Төрегелдин атындағы музей қорынан және Н.Ақдәулетовтің отбасылық мұрағатынан 200-ден астам жәдігер қойылды. Биыл өндіріс ардагерінің туғанына 90 жыл толып отыр.

Кездесу «Сәтбаевтар отбасында қонақта» музейлік іс-шаралар циклі шеңберінде өткізілді. Н.Ақдәулетов – өндіріс ардагері болуымен қатар, Қарсақбай қалашығы, кезіндегі Жезді ауданының әлеуметтік-рухани тіршілігіне де белсене араласқан тұлға. Оның ұзақ жылдар бойы өндірістегі негізгі қызметімен қоса академик Қ.Сәтбаев Музей-үйінің меңгерушісі міндетін қоса атқарып, осынау киелі шаңырақтың сақталуына үлес қосқанын айтсақ та жеткілікті.

Балалық шағы сұрапыл соғыс жылдарына тұспа-тұс келген буынның өкілі Нұркамал Ақдәулетов бұғанасы қатпай еңбекке араласты. Майданға кеткен азаматтар орнын басқан балалар қатарында туған ауылы Байқоңыр кеңшарында егін салу, шөп шабу, мал бағу жұмыстарына 10 жастан бастап араласты. Әскер қатарынан оралған соң 1956 жылдан бастап, Қарсақбай мыс заводының конвентерлік цехында еңбек жолын жалғастырды. Зейнетке шыққан соң да еңбектен қол үзбей, 40 жыл мыс ошағының қазанында қайнады. КСРО Құрметті металлургі, «Құрмет белгісі» орденінің иегері, тыл ардагері, «1941-45 жж. ерен еңбегі үшін» медалі иегерінің есімін, өнегелі өмірін жерлестері мақтан етеді.

Көрме-кездесуді академик Қ.Сәтбаев Музей-үйінің бөлім меңгерушісі Дүйсенбай Бәрекенов кіріспе сөзбен ашты. Еңбек ардагері, металлургия заводы механикалық цехының басшысы Мұхамбетқали Әубәкіров кездесу кейіпкерінің ұрпақтарын мерейтоймен құттықтады. Ол Нұркамал ағадан көп тәлім-тәрбие алғанын, жастарға ерекше қамқорлығын атап көрсетті.

Өлкетанушы Тоңболат Мұқанұлы ардагердің өлке тарихын жинақтауға қосқан үлесіне, әсіресе, аудандық газетке үзбей мақалалар жариялап тұрған тілшілік қызметіне тоқталды.

Кездесу барысында еңбек ардагері Айтбай Бәрекенов, Н.Ақдәулетовтың келіні Алма Қалдыбаева, інісі, байқоңырлық еңбек ардагері Асқар Нұржанов, қызы Гүлнар Ақдәулетова құрметті металлургтің өмір жолы жайлы естеліктерімен бөлісті. М.Төрегелдин атындағы музей әдіскері Мұхит Уатаев, Қарсақбай мәдениет үйінің маманы Ақтөре Қайратұлы мерейтой құрметіне ән-күйден тарту жасады.

«Металлург жолы» көрмесі салтанатты түрде ашылып, М.Төрегелдин атындағы музейдің бөлім меңгерушісі Үрзия Қапарова мыс өндірісінің шежіресін, Қарсақбайдың құрметті металлургтері жайлы сирек құжаттарды, Қадыр Мәткенов пен Нұркамал Ақдәулетовтің жеке кешенді құжаттарымен таныстырып, мазмұнды экскурсия жүргізді.

 Мұхит ТАҢАТАРҰЛЫ,

М.Төрегелдин атындағы Жезді музейінің әдіскері.