«ҰЛЫТАУ – ҰЛТЫМЫЗДЫҢ ҰЖДАНЫ!»
Үш апта бұрын еліміздің саяси-географиялық картасында жаңа әкімшілік құрылымдардың – Ұлытау, Абай және Алматы (Бұрынғы Алматы облысының орталығы Талдықорған шаһарында орналасқан Жетісу һәм орталығы Қонаев қаласы болып бекітілген Алматы облыстарына бөлінуі нәтижесінде!) облыстарының пайда болғаны баршаға мәлім. Қарағандыдай алпауыт аймақтан енші алып шыққан жаңа өңірдің басшысымен жеке кабинетінде емес, жұмыс сапары барысында «Қарағанды — Жезқазған» тас жолының бойында жолықтық. Шалғайда орналасқанымен (65 км) Жезқазған қалалық әкімдігіне қарасты Теректі темір жол бекетіндегі жаңа мектептің «жырға айналған» құрылысының жай-жапсарын анықтау үшін түгел тараптардың басын қосып, ауқымды дауды бағамдағалы барған ат үстіндегі азаматтың «Қазақ әдебиеті» апталығына біршама уақыт бөле алғанын аз олжа көрмедік. Сонымен, «СЫРАЛҒЫ» айдарының бүгінгі кейіпкері – Ұлытау облысының әкімі Берік ӘБДІҒАЛИҰЛЫ.
– Берік Әбдіғалиұлы , армысыз?! Жаңа құрылған облыстың тізгінін алып жатқан жайыңыз бар. Әрине, шешімін күтіп тұрған шаруа көп. Алайда өзіңіз де өңірді өте жақсы білетін адамсыз ғой… Ұлытау ауданы мен Жезқазған қаласын басқардыңыз. Бүгінгі ең күрделі шаруа, негізгі мәселе неде болып тұр?
–Бармыз. Сіздерге де саулық тілеймін! Біздің облыстың жер көлемі үлкен әрі елді мекендердің арасы алшақ болғандықтан шешімін таппаған шаруалардың да шаш етектен екендігі жасырын емес. Тап осындай жағдай, менің білуімше, Абай облысында да орын алған. «Қызылорда-Жезқазған» тас жолын салып бітіру, «Жезқазған-Қарағанды» жолын күрделі жөндеуден өткізу сияқты көлемді дүниелерден бөлек, ірілі-ұсақты жергілікті мәселелер де жетіп-артылады. Қарағанды облысының әкімдігі бұл сұрақтармен түбегейлі айналыспады деуден аулақпын. Жеңіс Махмұдұлы «Қызылорда-Жезқазған» тас жолына қатысты жұмыстарды өзі тікелей қадағалап, барлық мәселелердің шешімін дер кезінде тауып та отырған болатын. Бұл жобаның қаражаты бөлініп қойған уақытта бағалар күрт көтеріліп, құрылыс тоқтап қалған еді. Дегенмен осы жол да, жобалық-есептік құжаттары дайын тұрған «Жезқазғанды сапалы сумен қамтамасыз ету» бағдарламасы да жалғасын табады. «Жезқазған-Қарағанды» тас жолының да барлық құжаттамасы дайын болып қалды. Аталмыш мәселелердің баршасына республика басшылығы да барынша қолдау көрсетіп жатыр және өзіміз күні кеше бөлініп шыққан Қарағанды облысының әкімдігі де бейжайлық танытып отырған жоқ. Дербес өңір ретінде аталған ауқымды жұмыстардан бөлек, қордаланған көптеген шаруалардың шешімін табуымыз керек әлі де. Жалпы инфрақұрылымдық немесе коммуналдық сұрақтардың легі бірер күнде біте салатын сауалдардан емес қой. Жақын аралықта Жезқазған, Сәтбаев және Қаражал қалаларының, Ұлытау мен Жаңаарқа аудандарының әкімдіктерінің деңгейінде шешілетін дүниелермен қатар, облыстық, тіпті Республикалық маңызы бар мәселелермен айналысатынымыз анық.
– Ұлытауда өткен Ұлттық Құрылтайда осы айтқандарыңыздың біразын тілге тиек еткен екенсіз.Сол жиында «Қазақмыс» секілді алыптардың қайта тіркеуден өткізіліп, Ұлытау облысының қаржы қорын толықтыратындығы да сөз болған еді…
– Иә, «Қазақмыс», «Казцинк», «Арселор Миттал» қатарлы ірі корпорациялардың облыста тіркеліп, жергілікті салық базасының түсімдерін еселеп көбейтетіндігі сөз болған және сол айтылған шаралардың баршасы іске аса бастады. Түскен тиісті төлемдерді тиімді жұмсап, ауылдардың абаттандырылып, өсіп-өркендеуіне жұмсауымыз керек. Бар мүмкіндіктерді жұмылдырып, ең негізгі мәселелерді шешуге бағыттамақпыз. Әкімдік халықпен есептесіп, күрделі кезеңдерде, түйткілі көп тұстарда бір-бірімізге ақыл қосып, күш біріктіріп отырсақ деген оң ниеттеміз. «Келісіп пішкен тонда келтелік» болатын ба еді?!
– Біз осы сапар барысында Жаңаарқа, Қаражал, Жәйремді, тіпті, Ұлытаудың шалғай ауылдарына дейін аралап, халықтың шын қуанып жатқанын көзімізбен көрдік. Жергілікті адамдардың өңір орталығының жақындап, өз қолдарының өз ауыздарына жетіп қалғандығынан марқайып жүргендігін, көп ізгіліктен үміттері барын байқадық. Бұрынғы Жезқазған облысының жартысына жуығын «жоғалтып» алғандарын айтып жатқандар да болды…
– Бір нәрсені дұрыс түсінуіміз керек… Бұл қайта жаңғырған Жезқазған облысы дей алмаймыз, бұл – жаңадан құрылған Ұлытау облысы! Мұндағы басты сауал облыстың құрамында екі аудан мен үш қаланың ғана болуында да емес. Жер көлемі жағынан біз республика бойынша бесінші орында тұрған өңірміз ғой. Халық санының аздығы, жер көлемінің көптігі шешілуі тиісті мәселелердің басқа аймақтардан кемдігін көрсетпесе керек. Ең алдымен Орталық Қазақстандағы ішкі көші-қонды реттеп, халықтың өңірімізден өзге жақтарға қоныс аударуын тоқтатуымыз қажет. Көп шаруаның шешімін табуы да тікелей ірі өндірістік компаниялар мен өнеркәсіптік кешендерге байланысты болып тұр. Келешекте кен қорының кемуіне орай, бірқатар алпауыттардың ол өңірге қаражат құюға ықыласының азаятыны да айқын. Ал іргеде облыс орталығы болып, ыңғайлы жағдай жасалса, бұл қадамдар инвесторлардың да қызығушылығын арттырары сөзсіз. Біз болашақта арнайы экономикалық аймақ құру арқылы, йа, өндірістің жаңа түрлерін ашып, аграрлық бағытты барынша дамытуға баса назар аударып, өңіріміздің тұрақты өркендеуіне жол ашуымыз керек. Мыстың сарқылу-сарқылмауы аймақтағы шешуші факторға айналмауы тиіс. Алдағы онжылдықта күретамырларды – төрт тарапқа жалғастырып жатқан жолдарды жасап, әлеуетімізді толық іске қосуымыз – шарт. Іргедегі «Атасу-Алашанькоу» мұнай құбырының мүмкіндіктерін пайдаланып, неге мұнай өңдеу кластерін қалыптастырмасқа?! Тас жолдар жасалса, темір жол үздіксіз жұмыс істеп тұрса, өнімді тасымалдау турасында да сұрақ туындамас еді. Металлургиямыздағы негізгі және қосалқы өнімдердің қатарын арттырып, өңдеу мен қайта өңдеу салаларын да назардан тыс қалдырмаған жөн. Елорда мен Алматыға қатынап тұрған ұшақтар, келер күндерде еліміздің әр түкпіріне бағыт алып жатса, құба-құп. Әлбетте, қасиетті Ұлытауды ұлықтап, төл тарихымыз бен рухани құндылықтарды әлемдік деңгейде насихаттау өте маңызды. Бірақ бұл бізге басты мақсатты – орталықта орналасқан облысымызды қарқынды түрде дамытуды ұмыттырмай, керісінше, заманауи ұлы көштен қалыс қалдырмай, қажыр-қайратымызды арттырып, қамшылап отырса керек!
– Жол үстінде бұрын бөлек аудан болған Жездінің де тұрғындарымен кездесіп қалып, аз-кем әңгімелескен едік. Ол жақтағы ағайынның да жеке шығуға қатысты алаң көңілдерін аңдадық. Ондай сүйіншілетер жоспарларыңыз жоқ па еді?!
– Қателеспесем, бұрынғы Жезді ауданы аумағында 6-7 мыңдай адам тұрып жатыр. Мұншалықты аз тұрғынға қаншама мемлекеттік құрылымдарды ашып, дербес аудан құруға рұқсат та берілмейтіндігі, мүмкіндік те шектеулі екендігі анық. Болашақта Ұлытау ауданында халық саны артып жатса, ондай оңды шараларды жоспарлауға да болар. Тап қазіргі күн тәртібінде бұл мәселе тұрған жоқ. Әрине, облысымыздың жер көлемі өте үлкен, бірақ, жаңа әкімшілік бірліктерді құруға 227 мың адам аздық етеді.
– Өз танымымдағы Ұлытау облысы –аса үлкен өнеркәсіп шоғырланған өлке ғана емес, аграрлық маңызы зор аймақ.Елімізде еш кедергіге қарамастан, озық шаруашылықтар қалыптастырып, тасын өрге домалатып әкеткен азаматтар бар ғой.Сырдағы Нағи Ілиясов атындағы ауыл немесе Жетісудағы Бауыржан Оспановтың шаруашылықтары қандай керемет жетістіктерге қол жеткізгенін білеміз. Бірақ бұндай үлгі тұтуға да, өнеге алуға да әбден лайықты мысалдардың насихатын қарық қылмайтынымыз да, үздік әрі бай тәжірибесінен үйреніп те жарытпайтынымыз рас. Ұлытау облысы бойынша ауыл шаруашылығын дамытуға және аграрлық саланың сан алуан өнімдерін шығаруға қатысты жоспарларыңыз бар ма?
– Әлбетте. Ұлытау мен Жаңаарқа аудандарының аграрлық әлеуетін толық игеруге бағытталған кешенді шараларды жүзеге асырмақпыз. Күні ертең шаруалар өсірген малының етін, сауған сүтін өткізе алатындай кәсіпорындар керек болады. Қазір де олардың қажеттілігі білініп-ақ тұр. Сол үшін де тез арада Жезқазғаннан ет комбинатын, Жаңаарқадан сүт өңдеу зауытын қосуымыз керек. Біздегі ауылдардың басым көпшілігі мал өсіріп отырғандығын ескерсек, шаруаларымызға малдың басын көбейтуге қажетті жағдай жасауымыз қажет. Таяуда фермерлермен кездесіп, олардың көкейінде жүрген көп сауалды тыңдадық. Енді сол айтылған дүниелерге құлақ асып, асырап отырған түліктерінің еті мен сүтін ғана емес, жүні мен терісін де тиімді бағаға өткізуіне, жем-шөптен, техникадан, тыңайтқыштан тапшылық болмауына бар күш-жігерді жұмылдыра алсақ қана оң нәтижелерге қол жетпек.
– Ертеректе көктем келісімен түстіктегі ағайындар Арқаға асығып, дархан даланы еркін жайлап, қара күзге дейін төрт түлікті осында бағып, жем-шөбін де осы жақтан сайлап алатыны есімізде…
– Қазір шаруалар жем-шөпті ауылдарының іргесінен дайындауға бейімделіп алды. Тым алысқа ұзамай, жақын маңды төңіректегенді тәуір көреді. Бұл күндері ауа-райы да бұрынғыдай емес, табиғат та қатты өзгерістерге ұшыраған. Сондықтан сіз айтып отырған кезеңдер келмеске кетті десек те болар.
– Бір ғана Түгіскен ауылынан жеті мыңға жуық жылқының өріске шығатынын көзімізбен көрдік.Маңайындағы мекендермен қоса есептегенде, 20 мыңға жетеғабыл деген ақпарат алдық…
– Иә, ол – рас. Былтырғы мәліметтерге сүйенсек, Жаңаарқа ауданы бойынша ғана 85 мыңнан астам қылқұйрықты түлік тіркелген. Осыншама бас жылқының беретін өнімдерін терең өңдеуді жолға қою оңай емес, әрине. Дегенмен тиісті мониторинг жүргізіп, жобалардың есеп-қисабын жасап жатырмыз. Болашақта дәл осы бағытқа басымдық беріп, аталмыш шаруашылықтың көкжиегін кеңейтіп, дәйім қолдау көрсетіп отырмақпыз.
– Берік Әбдіғалиұлы, өзіңіз тарихшысыз ғой. Бұрнағы қызмет жолыңыздан да, Мәжіліс депутаты болған кезіңізден де білімділігіңіз бен біліктілігіңізді байқай алдық.Осы айдың он алтысы күні айтылған «Рәміздер алаңы» туралы тарқатып айтсаңыз…
– «Бұл жерде бүкіл рулардың таңбасы тасқа жазылған. Сол арқылы бабаларымыз ұлт бірлігін көрсеткен. Қаныш Сәтбаев: «Еліміздің ту тіккен жері – Таңбалы тас!» — деген. Өкінішке қарай, қастерлі жазулар кейін әбден бүлінді. Ел азаматтары Ұлытауға ескерткіш қойып, тастағы таңбаларды жаңғыртты. Бірақ бұл жеткіліксіз деп ойлаймын. Мұнда қазақтың бірлігін әйгілейтін сәулетті нысан тұру керек. Мен Әулиетаудың етегінде мемлекеттік рәміздер алаңын ашуды тапсырамын. Қасиетті өңірде көк байрағымыз асқақтап тұруы тиіс!» — деп, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев тапсырма берді. Ұлытаудың рәміздік мәнінің өзі ұлттық тұтастық қой. Біздің бірегей ұлт ретінде бірігіп, мемлекеттік тұтастығымызды тасқа таңбалаған ескерткіштер бұрын да болғаны тарихта бар. Түркістан облысының Созақ ауданымен шектесіп жатқан біздің Мибұлақтың жанында сондай байырғы жәдігерлердің бірі болған. Кезінде Академик Манаш Қозыбаев ол таңбалы тасты «Қазақтың Конституциясы» атандырған еді. Қазақтың әр жерге таңбасын сала бермейтінін білеміз, сірә. Ал мұндай тастардағы барша рулардың таңбаларының болуы – Ел бірлігінің айғағы.
«Ұлт ұясы» атанған қасиетті жерді қанша ұлықтап жатсақ та, Ел Бірлігіне еңселі ескерткіштер тұрғызсақ та еш артықтығы жоқ, меніңше. Ақиқатын айтсақ, Ұлытау ұлтымыздың ұжданы емес пе?! Осыдан он жыл бұрын Ұлытауда өзіміз қойған «Хан алаңы», «Абыз», «Халық» деген үш композициядан тұратын ескерткіш те осы тарихи шындықтың реконструкциясы іспетті. Алдымызда осы ұлы ұғымдардың әлдеқайда көлемді үлгісін дайындау міндеті тұр. Сол замандардан күні бүгінге дейінгі рәміздеріміздің барлығын қамтып, ұлттық тұтастықты паш ететін ескерткіш орнату үшін алдымен лайықты жерді ыңғайлап, содан кейін байқау жариялауымыз керек. Ол байқау Республикалық деңгейде өткізіледі.
– Есіңізде болса, Жезқазған облысының барында Республика бойынша еш баламасы жоқ, бірнеше жанрларды қамтыған «ҰЛЫТАУ ҮНІ» атты халықаралық фестиваль тұрақты түрде өткізіліп тұратын. Тәуелсіздік алардан бір жыл бұрын басталған бұл фестивалдің негізін қалағанСағындық Қожамсейітов, Қабжан Досмақов әкелеріміз еді. Шынболат Ділдебаев, Дүйсенбай Жұмасейітов, Мұқаш Сейітқазинов, Рамазан Сәттібаев ағаларымыздан бастап, осы күні аттары елге мәлім әдебиет, өнер мен ғылым қайраткерлерінің біразын көпшілікке танымал еткен де, үлкен жолға жолдама берген де «ҰЛЫТАУ ҮНІ» болатын («Қазақ әдебиетінің» Бас редакторы екеуіміз де сол сахнадан қанаттанғандар қатарынанбыз – авт.). Бүгінгі Ұлытау облысында сол ізгі іс-шараны, шынтуайтында, дүр дәстүрді жаңғыртудың қажеттілігі бар ма?!
– Бұл керемет фестивальдің ұлттық руханиятымыз үшін керек екендігі талас тудырмаса керек. Бірақ бұндай игі бастаманы қолға алған соң өте жоғары деңгейде өткізбесек, көпшіліктің наразылығына қаларымыз хақ. Сондықтан қажетті қаражат мөлшерін есептеп, шығындарға да мейлінше ыждаһаттылықпен қарап, «ҰЛЫТАУ ҮНІН» ғана емес, өскелең ұрпаққа берері бар, халықтық сұраныстың үдесінен шығатын басқа да рухани-мәдени жобаларды іске асырамыз. Келешекте қазаққа қалтқысыз қызмет қылатын талай талантты ұлдарымыз бен қыздарымыздың осы жерден өсіп шығатындығына сенімдімін. Төл әдебиетіміз бен руханиятымыздың қарашаңырағына айналған Қазақстан Жазушылар одағымен тығыз байланыс орнатып, бірлесе жұмыс істеуге мүдделі екендігімізді де реті келіп тұрғанда айта кетуіміз орынды болар.
– Бірер күн бұрын әлеуметтік желілерде: «Ұлытау өңірінің әкімі Берік Әбдіғалиұлы облыстық әкімдікке жаңа ғимарат салудың ешқандай қажеттілігі жоқтығын атап өтті», — деген ақпарат тарады. Осыған қатысты алып-қосарыңыз бар ма?!
– Бұрын облыс орталығы болған біздің қалаға ондай ғимарат салудың шынымен де қажеттілігі жоқ қой. Қалалық әкімдік қазір жөндеу жұмыстары басталған бұрынғы өз орнына барса, облыстық әкімдік те өзіне тиесілі мекенжайға орнығады. Біздегі республикалық мекемелердің жергілікті өкілдіктеріне, сот пен прокуратура сияқты құқық қорғау органдарына жаңа ғимараттар салу керек шығар. Ол құрылыстарды да әрқайсының өз басшылықтары жүргізіп, республикалық бюджеттің есебінен іске асырады. Біздің міндетіміз сол нысандарға қажетті жер бөліп берумен шектелмек. Облыстық әкімдікке, оған қарайтын басқармаларға бұрыннан бар ғимарат жеткілікті. Оның үстіне, біздегі аппаратта 251 адам ғана болатынын ескергеніміз ләзім ғой.
– Жезқазғанның басында елімізге танымал қаламгерлермен де кездесіп, пікір алмасқан едік.Кенжебай Ахметов, Ахат Құрмансейітов ағаларымның айтуынша, әлі сіздің аппаратыңыздың құрамы да бекітілмепті. Мәслихат хатшысы екеуіңіздің ғана қызметтеріңіз заңдастырылып, серіктесіп жұмыс істеп жүр екенсіздер…
– Ол да рас, әлі аппараттың анықталмай, штат кестесінің бекітілмегендігі жасырын емес. Елордаға ұсыныстарымызды жіберіп, Президент Әкімшілігі тарапынан берілетін рұқсатты күтіп жүрміз. Тәртіп солай. Осы аптада ұсыныстарымыз құпталса, облыстық әкімдік қызметкерлері жұмысқа кіріседі. Алайда түрлі ұйымдастыру шаралары да, негізгі шаруалар да тоқтап тұрған жоқ.
– Әзірге жаныңызда жүрген жігіттер таза энтузиазммен жүр екен ғой…
– Иә, энтузиазм да, жаңалық пен жақсы жобаларға жаны құмар жастықтың қызығушылығы да жеткілікті жігіттерде. Жұмысқа білек сыбана кіріскен азаматтардың, әрине, қалалық және аудандық әкімдіктердегі негізгі жұмыс орындары бар ғой. Екі-үш күннің мұғдарында бұл мәселе де шешілуі керек. Өз орныма да облыс әкімінің міндетін атқарушы адамды тағайындап, Мәжілістегі қызметім бойынша есеп беріп, жұмыстарымды тапсырып келуіме әзір мүмкіндік болмай тұр.
– Мемлекет Басшысының «Абай, Жетісу және Ұлытау облыстарын құру» туралы Жарлығы сізге тосын шешім болды ма?Әлде алдын-ала хабардар болып па едіңіз?Өзіңіздің жаңа өңірге әкім болатындығыңыз жайлы білдіңіз бе?
– Тосын шешім болды. Ұлытау облысының құрылатындығынан да хабарсыз едім және көп ұзамай әкім ретінде менің бекітілетіндігімді де білген жоқпын. Әрине, Алматы облысы жайлы айтылмағанымен, Ел ішінде Жезқазған мен Семейдің болашағы туралы талқылаулар көп болды ғой. Алайда Президентіміздің үш бірдей облысты құруға қатысты тез арада мұндай шешімдер қабылдауын күтпеген әрі сүйінішті жаңалық деп қабылдағанымыз анық. Алда атқарылар қыруар шаруалар бар. Бізге артылған үлкен сенімді ақтап, жүктелген жауапкершілікті жоғары ұстауға ыстық ықыласымызды арнап, бар күш-жігерімізді жұмсау серт болмақ.
– Ел ағасы ретінде Ұлытау өңіріне ерен еңбек сіңіретін әділ әрі іскер әкім болатындығыңызға өңір тұрғындары да, жалпы қазақ халқы да сенім артып отыр. «Қазақ әдебиеті» апталығының атынан біз де бұл жауапты қызметте абыройлы жетістіктерге жетіп, Елдің сүйіспеншілігі мен құрметіне бөлене беруіңізге тілектестігімізді білдіргіміз келеді.Сұхбаттасуға келіскеніңізге бек рақмет!
– Сіздерге де осы жауапты кезеңде қолдау білдіріп жатқандарыңыз үшін алғыс айтамын. Мемлекетіміз көркейіп, Қазақстан өркендей берсін! Баршамыз бұл жолда аянбай еңбек етейік. Қазақ руханиятының қызметіндегі «Қазақ әдебиеті» басылымына да толағай табыстар тілеймін.
Сұхбаттасқан АЛАШТУҒАН
21. 06. 2022 жыл
«Қазақ әдебиеті» газеті, 01.07.22