Берік Әбдіғалиұлы мектеп түлектеріне сәт сапар тіледі

Ұлытау облысының әкімі Берік Әбдіғалиұлы Абай атындағы мамандандырылған мектеп-интернаттың алғашқы түлектеріне аттестат тапсыру рәсіміне қатысты. Сондай-ақ өңір басшысы білім ошағының тілек кітапшасына өз қолтаңбасын қалдырып, түлектерге сәт сапар тіледі.

Аталған білім ордасында үш оқушы «Алтын белгі» төсбелгісінің, 10-11 сыныптарды үздік білім нәтижесін көрсеткені үшін бір түлек жалпы орта білім туралы «Үздік аттестаттың» иегері атанды.

Облыс әкімі білім ошағының биылғы түлектері — алғашқы мектеп бітірушілер ретінде Абай атындағы мамандандырылған мектеп-интернатының тарихында қалатындарын айтып, үлкен сенім артатынын жеткізді.

«Қазіргі уақытта Абай мектебінде 598 оқушы білім алып жатса, оның 44-і биыл «алғашқы түлек» атанып отыр. 44 түлектің барлығы Ұлттық біліктілік тестін тапсыруда. Бүгінгі күнге дейін тапсырған оқушылардың арасынан 8 оқушы 100-ден артық ұпай жинады (ең жоғарғы ұпай 126). Алдағы уақытта тестілеуден өтетін түлектерге де осындай жоғары жетістіктер тілеймін» – деді Берік Әбдіғалиұлы.

 

Айта кетейік, биылғы оқу жылында 3442 оқушы 9-сыныпты және 1599 оқушы 11-сыныпты бітіріп, қолдарына мемлекеттік аттестат алып жатыр. Оның ішінде 9-сынып бітіруші 224 оқушы негізгі орта білім туралы үздік аттестат алса, 11-сынып  бітіруші 128 оқушыға жалпы орта білім туралы үздік аттестат беріледі.

Биыл Ұлытау облысы бойынша 65 оқушы «Алтын белгі» төсбелгісінің иегерлері болып отыр.