71 жастағы велотурист Жезқазғанға аялдады
Жезқазған қаласына Қазақстанды велосипедпен аралап жүрген 71 жастағы саяхатшы, теміржол саласының ардагері Жұмабай Отарғалиев келді. Ол Жезқазған жоғары политехникалық колледжінің материалдық-техникалық базасымен танысып, студент жастармен жүздесті.
Жұмабай ата — жас күнінен спортты серік еткен жан. Қазіргі таңда ол еліміздің түкпір-түкпірін аралап, жас буынға салауатты өмір салтын насихаттап келеді. Бұл жолғы сапары – Абай Құнанбайұлының 180 жылдығы мен Қазақстан халқы Ассамблеясының 30 жылдығына арналды. Орал қаласынан шыққан велошеруші Жидебайға дейінгі бағытта жүріп өтіп, ұлт ұясы – Ұлытауға да аялдап үлгерді.
— Ел аралап, жер көру – бала күнгі арманым еді. Велосипедпен алғаш рет 2017 жылы сапарға шықтым. Содан бері 100-ден аса елді мекенде болдым, – дейді ол.
Қарапайым зейнеткер 49 мың теңгеге алған велосипедімен бірнеше жылдан бері мыңдаған шақырымды артқа тастап келеді. Шалқардан Ақтөбеге дейінгі алғашқы сапары 4-5 күнге созылыпты. Содан бері оның әр сапары – жастарға үлгі, елге өнеге.