Шаруасы шалқыған Шеңбер
«Ауыл – елдің негізгі күретамыры. Мемлекеттің әлеуметтік-экономикалық дамуы ауылдағы елдің өмір сүру деңгейімен бағаланады ғой. Қазір елімізде соған сәйкес жүзеге асырған істері – осы тұжырымның айқын айғағы. Шеңбер ауылдық округі үнемі сол үдерістің бел ортасынан көрініп келеді». Бұл Шеңбер ауылдық округінің әкімі – Сағат СҰЛТАНОВТЫҢ сөзі. Ауылдағы ағайындар үшін аса қолайсыз, ауыр болған өткен 2020 жылдың қорытындысы жайлы сұхбат құруға қоңырау шалғанымызда әңгіменің әлқиссасын осылай бастаған еді Сағат. Несін жасырайын, «ойбой, өткен жылдың несін айтасың, нағыз аласапыран болды ғой» деген сөзді күткенім рас еді. Бірақ, Сағат әдеттегі сабырлылығына басып, әңгімені елдің бірлігі мен ынтымағынан бастады…
АУЫЛЫНА ҚАРАП АЗАМАТЫН ТАНЫ
Ұмытпасам ақпан айының бел ортасы-ау деймін «Фейсбук» әлеуметтік желісінен арқалықтық азамат Нұрбол Әбдиғалимовтың қысқы жолдың азабы туралы жазбасын оқыдым. Оқиға Арқалық-Жезқазған күрежолында болған екен. Қарға кептеліп, Жезқазғанға жете алмаған жолаушылар әупіріммен Шеңбер ауылына келіп қонса керек. «Әбден тоңған, шаршаған бойымызды шаймен жылытып отырғанымызда, үйге ауыл әкімі Сағат Нүриденұлы келді. «Жақсының жақсылығын айт, нұры тасысын» демекші, өте сыпайы, өз ісінің маманы екені айтпай-ақ көрініп тұрды. Ешқандай эмоцияға берілмей, мысал келтіре отырып, бүкіл жағдайды түсіндірді. Сөйлеген сөздеріне қарап отырып, «бұрын қай салада істедіңіз», деп сұрақ қойдым. Адаммен тіл табыса білгеніне қарағанда, ел басқарған кісі шығар деген ой келген. Сөйтсем, сол ауылдың қарапайым ауыл шаруашылығымен айналысқан, сол ауылдың тумасы болып шықты. Ол кісі өзіне қарасты елде «28» деп атап кеткен жолға ғана жауап береді екен. Тракторы сақадай сай, жұмыскерлері де ұйымшыл. Бір тамаша билік пен халықтың арасындағы ұйымшылдықты көрдім. Жазып жеткізе алмай отырмын», деп ағынан жарылыпты Нұрбол Хамитұлы.
Аз отырып көп сынайтын қонақтың осы бір ауыз сөзінің өзі ауыл азаматының іскерлігін, ұйымдастырушылық қабілетін айқын аңғартып тұрғандай. Ал, оның осы шағын ауылды ұршықша үйіріп отырғанына да біршама жылдың жүзі болды. Қабілет-қарымын көрген ауылдастары оны былтырғы жылғы әкім сайлауында да бірауыздан сайлады. Сағат та ауылдастарының сенімін ақтауға бар күш-жігерін жұмсап келеді.
ИГЕРІЛМЕГЕН ЖЕР – МЕМЛЕКЕТКЕ
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өзінің өткен жылғы Жолдауында жерге, оның ішінде ауыл шаруашылығына қажетті жерлерге қатысты өткір мәселелерді көтеріп, оны шешу үшін Үкімет пен әкімдердің алдына қадау-қадау міндеттер қойды. «Жайылымдық жерді тиімді пайдалану да өте маңызды. Қазір мал жаятын жерге шаруалардың қолы жетпей жүр. Өйткені, мұндай алқаптарды кейбір белгілі адамдар иеленіп алған. Тіпті, оны адам аяғы баспайтындай етіп қоршап тастаған. Әкімдер түрлі себептерді сылтауратып, ықпалды адамдардың ығына жығылып, бұл мәселені шеше алмай отыр. Үкімет құзырлы органдармен бірлесіп, осы ахуалды өзгертетін батыл шаралар қабылдауға тиіс», деп атап көрсетті де Президент
Бұл тұрғыдан келгенде Шеңбер ауылында айтарлықтай жұмыстар қолға алыныпты. Округ әкімінің айтуынша 2022 жылғы 1 қаңтардағы есеп бойынша ауылдық округте барлығы 47 шаруа қожалығы тіркелген. Бүгінгі күні осы шаруа қожалықтарының жалпы пайдаланып отырған жер көлемі – 69290 гектар екен. Оның 61 743 гектары жайылымдық жер, 1852 гектары шабындық.
– «Qoldau.kz» цифрлық платформасына шаруа қожалығы иегерлерінің жер учаскелерін енгізу бойынша, 39 шаруа қожалығы жерлері рәсімделіп отыр. Жалпы цифрландырылған жер көлемі – 55273,06 гектар, пайыздық өлшемдегі орындалысы – 79,7 (83,2). Қалған 6 шаруа қожалығы иелері құжаттарын рәсімдеуде. Екі шаруа қожалығының (Жунусов Асхаттың атындағы – 300 гектар мен Ибадильдин Қайраттың иелігіндегі – 1422 гектар) жері бірнеше жылдан бері игерілмегендіктен жерді мемлекет иелігіне қайтару жөнінде ұсыныс берілді, – дейді Сағат Сұлтанов.
АТАКӘСІП АЛҒА БАСЫП КЕЛЕДІ
Шаруашылыққа жаны ашитын, істің ыдығын біліп, ұйымдастыра алатын жан қашанда өзгелерден көш ілгері жүреді. Шеңбер ауылы қаншалықты шағын ауыл дегенімізбен, табиғаты ерекше, істің қыбын таппағандар қиналатындай-ақ өңір. Әйтсе де, ауылдың кешегі дала батырларының ұрпақтары Шеңбердің шаңырағын шайқалтпай, шаруашылығын шалқытып отыр. Негізінен мал шаруашылығына негізделген ауылда атакәсіп алға басып, дамып келеді. Округтегі шаруа қожалықтары мен жеке аула иелігіндегі жалпы мал басы саны, жыл сайын өсуде. Атап айтар болсақ, есепті мерзімде ірі қара малы 116,0 пайызға (2785 – 2399), қой-ешкі 123,0 пайызға, жылқы 104,0 пайызға (1717 – 1650) өсім көрсетіп отыр.
– Мал тұқымын асылдандыру бағытында бүгінгі күні 4 шаруа қожалығы жұмыс істеуде, мемлекет тарапынан «аталық бұқаға және аналық малға» берілетін субсидия толық көлемде төленіп отыр.
Өткен жаз маусымы құрғақ, ыстық, әрі дауылды болуы әсерінен ала жаздай алапат өрт болғаны бәрімізге аян. Дегенмен ауыл азаматтарының еңбекқорлығы арқасында қолдағы мал басы, қажетті жем-шөппен толықтай қамтамасыз етілді. Қазіргі уақытта қыс жайлы, мал қыстату науқаны қалыпты жағдайда өтуде, – дейді округ әкімі.
Сағат Сұлтановтың айтуынша, ауылдық округ бойынша малшылар тұрғылықты үй-жай, қора-қопсымен толық қамтылған, сыртта орналасқан шаруа қожалықтары саны – 23 екен. Осы шаруа қожалықтары мемлекеттік бағдарлама арқылы, ақысыз негізде берілген күн сәулесінен қуат алып, жарық беретін құрылғымен 100 пайыз толық қамтылған. Биылғы жылы жайылымдарды суландыру бағдарламасы арқылы құдық (скважина) қаздыру үшін 12 шаруа қожалығы сұраныс беріп отыр.
Округте ауыл шаруашылығын әртараптанлыру бағытында да жүйелі жұмыстар жүріп жатыр. Бүгінгі күні округте екі шаруа қожалығы («Сабыр» ШҚ , «Жөкебаев О» ШҚ) егін егумен айналысады. Өткен жылы олар 1180 гектар алқапқа бидай, 20 гектар жерге арпа егіп, күзде уақытылы жинап алынды. Түсімі – гектарына 7 центнерден болған. Қуаңшылық болған жылы мұндай өнімнің өзі үлкен жетістік, дейді ауыл әкімі.
КӘСІБІҢ – НӘСІБІҢ
Округ әкімі Сағат Сұлтановтың сөзіне қарағанда қазіргі ауыл тынысы қалыпты. Елдің әлеуметтік жағдайы да жақсарған. Кәсіпкерлікке бет бұрған ауыл азаматтары да аз емес. «Кәсібің – нәсібің» деген қағиданы ұстанған ауыл жастары түрлі бағыттардағы гранттарға қатысып, оны ұтып алып та жатыр. Әрине, қатысу бір басқа, ал оған лайықты бағдарлама-жоспар жасап, оны қорғай білу бір басқа. Бұл тұрғыдан келгенде шеңберлік жастардың шаруаға деген ыдығы көрініп тұр.
– Қазір ауылдық округ аумағында 3 шағын кәсіпкерлік субъектісі жұмыс істейді. «Ерден-Едіге», «Нұрсәт» азық-түлік дүкендері халыққа қызмет көрсетуде. Десек те, осы бағыттағы жұмыс ауқымын кеңейтуге ниет етіп те жатырмыз. Өткен жылы кәсіпкерлікті дамыту және қолдау аясында бөлінген аудан әкімі грантын Саламат Бірлік пен Жұмағат Елдос (750,0 теңгеден) қоғамдық монша салу бағыты бойынша алып, іске асырса, биылғы жылы Саламат Бірлік – 900,0 теңге грантты жеңіп алып отыр. Ол бұл қаржыға әртүрлі пішінді, құм-цементті блок «пескоблок» шығаратын цех ашпақ, – дейді Сағат Нүриденұлы.
АЛДА АУҚЫМДЫ МІНДЕТТЕР ТҰР
Округ әкімі Сағат Сұлтанов әңгіме барысында алда тұрған жұмыстарын да тізіп шықты. Ол әсіресе елдің қалаға, өзге де өңірлерге қиындықсыз қатынауы үшін жол қатынасын дұрыс жолға қоюды басты мақсат етіп отырғанын айтты. Осы орайда жол бойындағы «Ашылысайдағы» суағар құбырға жөндеу жұмыстарын жүргізу үшін – 4.938.000 теңге қаралғанын (қаржысы алынды, биыл жасалынады), Ұлытау көшесін асфальттауға – 51.173.000 теңге, Орталық көшесін асфальттау жұмыстарына – 60.833.000 теңге «ЖСҚ» дайындап өткізіп, сұраныс беріп қойғанын, қаржысы беріледі деген үмітте екенін жеткізді.
Ауылдағы шешімін таппай келе жатқан мәселелердің бірі – ауыз суды үйді-үйге енгізу мәселесі екенін, осы бағытта биылғы жылы үлкен жұмыс тұрғанын да бүкпесіз айтты.
Ауылдағы ескі, пайдаланылмай тұрған ғимараттарды іске асыру бағытында да ауқымды жобалар бар екен. Соның бірі – білім бөлімі есебіндегі ескі жылу қазандығының ғимаратын балансқа алып, жылытылған автотұраққа айналдыру мәселесі де қолға алынып жатыр екен.
– Осыдан екі жыл бұрын ауылдың арғы-бергі тарихынан сыр шертетін энциклопедиялық жинақ шығаруды қолға алған болатынбыз. Бүгінгі күні кітап баспаға ұсынуға дайын. Оның сыртында елді мекенге «Әнұран» болатындай әнге мүшәйра жарияланған болатын. Қазір сөзіне ән жазылған алты туынды дайын тұр. Осының аясында, әрі туризмді жарнамалау мақсатында мамыр айында үлкен деңгейде іс-шара өткізуді жоспарлап отырмыз. Осы іс-шара негізінде өтетін «Аламан бәйге», «Күрес» «Қыз қуу» тағы басқа ұлттық спорттық ойындарға қаржы қаралса деген өтінішім де бар, – дейді Сағат әкім ағынан жарылып.
ТҮЙІН
– Ауылдың дамуы – ел ырысының еселенуі. Міне, сондықтан да, Шеңбер ауылдық округінің әкімдігі іс-қимылды әлі де ширата түсуге мүдделі. Жалпы өткен жылғы жасалған жұмыстар аз болған жоқ. Биылғы межеміз де ауқымды. Бұған елдің бірлігі мен ынтымағының арқасында жетеміз, – деп түйіндеді әңгімесін Шеңбер ауылдық округінің әкімі Сағат Сұлтанов.
Шаруашылығы шалқыған Шеңбер ауылының әлі де талай биіктерді бағындырарына үлкен сеніммен қараған біз әкімнің осы түйінді сөзінен кейін бірдеңе айтуды артық санадық.
Ізтай БЕЛГІБАЙҰЛЫ