Құрметті аудан тұрғындары! Қадірлі жерлестер!

Баршаңызды мұсылмандардың ұлық мерекесі – Құрбан айт мейрамымен шын жүректен құттықтаймыз!
Береке мен бірлікті арттыратын бұл мейрам адамдардың бір-бірімен етене араласуына, ұлттар мен діндердің өзара ынтымақтастығына жол ашады.
Осынау қасиетті күндері халқымыз құрбандық шалып, бір-біріне тек жақсылық тілейді.
Құрбан айт – кеңпейілділік пен жомарттықтың, бауырмалдық пен қайырымдылықтың мерекесі.
Құрбан айт кезінде ата-бабаларымыздың ғұрпында жетім-жесірді жебеу, мұқтажға қолұшын беру сияқты ізгі дәстүрлеріміз арқылы өзгеге өнеге болатын ізгі әрекеттер көрініс тапқан. Осындай асыл үрдістер ғасырлар бойы ұрпақтан – ұрпаққа жалғасып келеді.
Дін тірегі – имандылық. Имандылық адамды тек жақсы қасиеттерге тәрбиелейді. Әділет пен парасат жолымен ғана жүруге үндейді.
Тәуелсіздікке қол жеткізгелі бері діліміз, тіліміз, дініміз қайта оралып, еліміз күн санап өркендеуде. Бірлігі жарасқан ұлттар мен ұлыстар өкілдері арасында қалыптасқан достық ниеттегі келісім арқасында қазақ жерінде 140 этнос пен 17 конфессия бейбіт өмір сүріп жатыр. Аудандағы мұсылман қауымының осы өңірді мекендейтін өзге дін өкілдерімен өзара бірлігін мақтан етуге болады.
Конфессияаралық келісімге ұйытқы болып, тек имандылықты, инабаттылықты, қайырымдылықты, жан мен тән тазалығын ғана уағыздайтын ислам дінінің ұлтаралық келісімді нығайтуға қосып отырған үлесі зор.
Қадірменді бауырлар!
Елді бірлікке ұйыстыратын Құрбан айт мейрамы құтты болсын!
Баршаңызға зор денсаулық, отбасыларыңызға құт-береке тілейміз.
Құрбан айтта жасаған барлық ізгі амалдарыңыз бен ықылас-ниеттеріңіз қабыл болсын!

Советбек МЕДЕБАЕВ,
Ұлытау ауданының әкімі.
Аманжол МЫРЗАБЕКОВ,
аудандық мәслихаттың
хатшысы