Музейдегі құнды жәдігер
2017 жылы «Ұлытау» қорық-музейіне қарасты этноауылда қазақтың салтдәстүрін, ұлттық тағамдарын дәріптеу мақсатында «Тары – ұлттық тағам» атты іс-шара ұйымдастырылып, сол жерде келген кісілерге қордағы этнографиялық жәдігерлерді пайдалана отырып өз шеберліктерін көрсетті. Тарыны жуып, кептіріп, қазанға қуырып, келі түйіп, диірменге тартып ұн жасау жұмыстарын бірінен соң бірін көрсетті.
Қазақстанның Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақаласында ата-бабамыздан келе жатқан салт-дәстүрімізді, әдет-ғұрпымызды берік ұстануға, мәдениетімізді жаңғыртуға ерекше мән берілген. Ұлт рухын жаңғырту жолындағы мақалада «Жаңғыру атаулы бұрынғыдай тарихи тәжірибе мен ұлттық дәстүрлерге шекеден қарамауға тиіс. Керісінше, заманға сынынан сүрінбей өткен озық дәстүрлерді табысты жаңғырудың маңызды алғышарттарына айналдыра білу қажет. Егер жаңғыру елдің ұлттық-рухани тамырынан ала алмаса, ол адасуға бастайды» деп айқын көрсетілген.
Ұлытау қорық-музейінің қор бөлімінде қазақ халқының материалдық мәдениетінің жәдігерлері сақталған. Қазіргі кезеңде қолданыстан шығып қалған жәдігердің бірі – тас қол диірмені.
Тас диірменнің (қол диірмені) қажетті тұрмыстық құрал ретінде күнкөріс үшін пайдаланылғанын қазіргі өсіп келе жатқан жас буынның білмейтініне іштей қынжыламыз.
Халқымыз көшіп-қонып жүрсе де, ағаш сабы бар тас диірменің тастамаған. Қол диірмені екі үлкен жалпақ тастан жасалады, ортасында әртүрлі дақылдар дәндерін салатын үңгісі болады. Егін егіп, оның өнімін пайдаланған халқымыз осы қол диірмені арқылы бидайдан ұн тартып шығарған. Қазіргі техника дамыған заманда қол диірменіне қажеттілік жоқ, себебі ұнтақтауға арналған әртүрлі құралдар жеткілікті. Осындай тас диірменнің музейден орын алғалы біршама уақыт болды. Музей қорында бұдан басқа да бірнеше диірмен бар.
Бір кездері қуырылған қызыл бидайды уыстап үстіңгі қуысынан тастасаң астыңғы қуысынан аппақ бидай ұны төгіліп жатушы еді. Қазіргі кезде мұндай диірменнің аса қажеттілігі болмай қалды. Тек музейлерден ғана кездестіреміз. Бұл жәдігерді музейге тапсырушы – Сыр елінің азаматы Аманкелді Бекжанов. 2017 жылы «Ұлылыққа тағзым» экспедициясы Қызылорда облысына сапарлап барған кезде сыйға тартқан болатын.
Гүлден ӘЙТЕНОВА,
«Ұлытау» қорық-музейінің қызметкері.