42 жыл денсаулық саласында
Роза ТӨЛЕГЕНОВА осы Ұлт ұясы – Ұлытаудың түлегі. Жасынан тауының биіктігін, тас жарып аққан бұлағының мөлдірлігін, өзінің өміріне үлгі-өнеге етіп өскен, елдің сүйікті қызы. Роза 1946 жылы осы қазақтың қасиетті қара шаңырағы Ұлытауда дүниеге келген. Есін біліп, ержете бастағаннан халықтың денсаулығын қорғайтын, ажалдың арашашысы дəрігер болуды армандады.
Сол арманмен мектеп бітіргеннен кейін Қарағандыдағы дəрігерлік институттың балалар бөліміне оқуға түсіп, оны 1972 жылы жақсы бітіріп шығып, өзінің туып-өскен алтын ұясы Ұлытауға келіп, балалар дəрігері болып қызметін бастады. Содан бері 42 жыл бойы үзіліссіз халыққа қалтқысыз денсаулық қызметін көрсетіп келеді. Осы жылдар ішінде талай балалардың өмірін сақтап қалған білімі терең, іскер, ұқыпты дəрігер. Сол өмірін сақтап қалған балалар азамат болып, Егемен ел, Тəуелсіз мемлекетіміздің əлеуметтік-экономикалық дамуына лайықты үлес қосып жүр. Олар Розаға аса құрметпен қарайды.
Балалар дəрігері – өте қиын мамандық. Бала қай жерінің ауыратынын айта алмайтын кездері көп болады. Оның ауруын дəрігер өзі тауып тиісті ем қолдану керек. Бұл тұрғыдан алғанда да Розаның қарымды қабілеті айқын көрініп жүр.
Роза Төлегенқызы 42 жыл бойы жемісті еңбек етіп келеді. Жасы ұлғайса да қажеттілікке байланысты мамандығынан қол үзбей қызмет етіп жүр.
Роза өзінің елге көрсеткен қызметіне орай əркез лайықты бағасын алып жүр. 1986 жылы «Ерен еңбегі үшін» медалімен марапатталса, бірнеше облыстың, ауданның Мақтау граматалары мен Алғыс хаттарын алған.
Бүгінде балаларын өсіріп, немере сүйіп отырған, отбасының ұйытқысы, берекесі болып отырған абзал ана, аяулы əже.
Мағзұмбек МАШАЙЫҚҰЛЫ.
Суретте: Роза Төлегенова жұмыс барысында.