Айтарымыз, алғыс болсын!
Көктемнің алғашқы күні – Қазақ даласында Алғыс айту күні. Халқымыз ертеден алғыс алуды ұлағатқа балаған, өміріне қажет өнеге жолы деп қабылдаған. Бүгінгі Алғыс айту күні сан түрлі сынақтардан өткен халқымыздың бірлігі мен татулығын айғақтайтын күн. Әрі ризашылық пен мейірімнің, бейбітшілік пен келісімнің үйлесім тапқан мерекесі.

Алғыс – адамның адамға жасаған көмегі үшін ризашылығын білдіруі, сондай-ақ, оның ойы мен іс әрекетіне жоғары баға беруі. Әріден айтсақ, қазақ халқы қашаннан өзінің көңілі толған жандарға ризашылығын білдіріп, алғысын айтып отырған. Дана халқымыз, Алғыс айту арқылы адам баласы арасындағы азғантай ғана жақындастық, азғантай ғана сыйластық ымыра – бірлікке бастайтындығын сонау ерте заманнан-ақ білген. «Алғыс айту-асыл қасиет» деуі де сондықтан.
Қарап отырсақ, қазақ жұрты алғысты алтыннан да қымбат көретін халық. Амандық-саулықтан кейін бірінші сөзі «Алла разы болсын!» деп айтуы да содан. Демек, алғыс айту – адам мен адамның достық пейілінен туған ілтипат. Біздің қазақ әр атқан таңына шүкіршілік етіп, алғыстарын жаудырып, «Тәуба» еткен халық. Бабаларымыз «Алтын деген жер сыйы, алғыс деген ел сыйы» деп бекер айтпаған. Көпшіліктің алғысына бөленудің өзі зор ғанибет деп түсінген. Бүгінде адамдардың бір-біріне деген сүйіспеншілігі мен сыйластығы жарқын өмірде де көрініс тапқан. Аракідік арасында жақсылық жасағанды бағалайтындар да кездесетіні жоқ емес.
Мына бір мақалда «Жақсылыққа жақсылық – адамдықтың белгісі, жақсылыққа жамандық – надандықтың белгісі» деп тура айтқан. Сонда адам жасаған жақсылықтың да қайырымы бар екенін білген дұрыс деп санаған. «Адамға алғыс айта алмаған Аллаға да алғыс айта алмайды» — делінген Мұхаммед пайғамбар хадисінде.
Негізінде, Алғыс айту – адам мен адамның ризашылық пейілінен пайда болатын разылығы. Кейде адам бір-біріне разы болып, кісінің өзіне жасаған жақсылығын қайтарғанымен, өтей алмасын білгенде, «Тәңір төбесіне тұтсын» дейді. Онысы Алланың мейірімі шексіз, өзі жаратқан пендесін жарылқаусыз қалдырмайды деген пейілде. Өйткені, қазақ «Қарғыс алма, алғыс ал» деген ұстаныммен ғұмыр кешіп, талай жанға ыстық ықыласын білдіріп, құшағына қысып, кеудесіне басқан халық.
Талғам таразысына салар болсақ, қазақ халқы өзі түгілі, өзгеге де көмек беріп шарапатын тигізген ел. Біркездері ата қонысынан зорлықпен көшірілгендерді қараша қазақ ауылдары жатсынбай қарсы алғандары өзгенің де есінде. Өздері ашқұрсақ болып отырса да қоныс аударушыларды бауырына басып, барымен бөліскен ел – болатын. Өзге ұлт өкілдерін баспаналарына паналатып, еңбек етулеріне мүмкіндік жасаған да қазақ жұрты. Қазір олар «Біз Қазақстаннан өз бақытымызды таптық» дейді қазақ жерінде тұрып жатқан өзге ұлт өкілдері.
Бүгінде қазақ пен өзге ұлт өкілдерінің достық қарым – қатынастарынан бірнеше мысалдар келтіруге болады. Ғаламтор беттерінде, әлеуметтік желілерде қазақ халқына алғыстарын жаудырып жатқан өзге ұлт өкілдері жетерлік. Бәрі бірауыздан қазақ халқына алғыстарын айтады, риясыз көңілмен. Сондықтан, Алғыс айту күні қазақстандықтардың бір-біріне деген шынайы сезімінен туған – жарқын мерекесі. Осынау өзегіне ізгілік тұнған мейрам – ата-анаға, ағайын-туысқа, ұстазға, бауырға, әріптестерге алғыс арнайтын күн ретінде бекітіліп, жалпыхалықтық мерекеге айналып отыр. Біле білсек, Алғыс айту – жүрекке жылу сыйлайтын керемет қасиет. Алғыс айта білген, алғыс арқалай да алады.
Түптеп келгенде, Алғыс айту мерекесі – біздің ортақ тарихымыздың символы. Қазақ халқының жалпы ұлттық бірлігінің, құрметі мен ынтымағының күні. Бұл мереке аз уақыт ішінде бұқаралық сипат алып, бүгінгі күні дүйім елдің қуанышына айналды. Осы күні Ұлы Дала кеңістігінде ризашылық сезімі кернейді. Сондықтан, көңілді жадыратар жақсы істеріміз, айтар алғыстарымыз көп болсын! «Алғыс алған арымас, Қарғыс алған жарымас» деген дана халқымыз. Дәл осы күні жақын – туыстарымызға алғыс айтуды ұмытпайық. Бір-бірімізге кішіпейілділік танытып, аппақ көңілмен үн қата білгенге не жетсін! Сыйластық бар жерде татулық бар екені ол – ақиқат. Ендеше, алтын емес, алғыс арқалайық ағайын!
Қайрат ЖҰМАБАЙ.

