Ардагер кітапханашы – құрмет құшағында

Жақында Ұлытау аудандық орталық кітапхана ұжымының ұйымдастыруымен кітапхана саласының ардагері Балымша Жарасбаеваның 90 жас мерейтойына орай «Кітапханаға арналған ғұмыр» атты бенефис кеші өтті.

Рухани шара саналы ғұмырын кітапхана ісіне арнаған бірнеше ұрпақтың рухани дамуына елеулі үлес қосқан ардагер кітапханашының еңбек жолы мен өнегелі өмірін жас ұрпаққа үлгі ету мақсатында ұйымдастырылды. Кеш барысында мерейтой иесінің өмір жолы мен еңбек қызметі таныстырылып, арнайы бейнекөрсетілімдер мен бейнеқұттықтаулар ұсынылды.
Мазмұнды шарада ауыл еңбеккерлері мен ауыл шаруашылығы салалық кәсіподағының Ұлытау облысы бойынша филиалының төрағасы Мақсұт Сәрсенбайұлы құттықтау сөз сөйлеп, мерейтой иесіне «Құрметті ардагер» медалін табыс етті. Сонымен бірге Аманат партиясы Ұлытау аудандық филиалының атқарушы хатшысы Думан Жұманов, аудандық мәслихаттың депутаттары Марфуға Әбілдина мен Гүлдана Асанханова құттықтау лебіздерін білдіріп, «Аманат» партиясы атынан Алғыс хат пен сыйлықтарды табыстады. Сонымен қатар, мерейтой иесінің замандастары, әріптестері, ауылдастары, сыныптастары, туыстары және отбасы мүшелері құттықтау сөз сөйлеп, есті естеліктерімен бөлісті.
Бұдан кейін аудандық мәдениет үйінің әншілері Рашит Жолдасбек пен Гүлмира Сыздықова ән салып, көрермендерге көтеріңкі көңіл-күй сыйлады.
Кеш соңында Ұлытау ауданының Мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің басшысы Нұрлан Қасымбеков пен аудандық орталық кітапхананың директоры Салтанат Ниязова мерейтой иесіне лайықты құрмет көрсетіп, сый-сияпат жасады.

Бакыткул БЕЙБУТОВА,
Ұлытау аудандық орталық кітапханасының оқу залы кітапханашысы.