4 мердігер компания. Отандық материалдар
«Жезқазған-Қызылорда» бағытындағы жолға қатысты осындай ақпараттар айтыла бастады. Ол облыс əкімі Берік ƏБДІҒАЛИҰЛЫНЫҢ «Қаз- АвтоЖол» ҰК АҚ-ның басқарма төрағасы Дархан ИМАНАШЕВПЕН жəне анықталған компания өкілдерімен болған кездесуінде мəлім болды.
Кездесуде айтылғандай, қос облыс арасындағы жолдың жөндеу жұмыстарын конкурс кезінде анықталған 4 мердігерлік компания жүргізеді. Сондай-ақ, күрежолдың құрылысында міндетті түрде отандық материалдар қолданылады. Биыл жауапты ұйымдар жер тағайындау, инфрақұрылымдық қажеттіліктерді тарту, құрылысшылар қалашығын салу, айналма жолдарды дайындау жұмыстарын бастайды.
– Біз жанар-жағар май тасымалдайтын елімізге белгілі компаниямен келісімге отырдық. Жол құрылысы басталатын аумақта 5 мың тонналық мұнай базасын салуды алдағы аптада бастаймыз. Бұл – трасса бойындағы техникаларға арналған отын тапшылығын болдырмайды. Сонымен қатар, жауапты компаниялардың республика бойынша атқарып келе жатқан жұмыстарын ескере отырып, үлкен сенім артамыз. Мердігерлерді өз облысымызда тіркеу маңызды. Себебі, жергілікті білікті азаматтарымызды да жұмыспен қамтуымыз қажет, – деді өңір басшысы өз сөзінде.
Белгілі болғандай, қыркүйекте «Қазавтожол» ұлттық компаниясы мен Азиялық Даму банкі келісімшартқа отырады. Осылайша, жауапты мердігер ұйымдарына қаржының алғашқы бөлігі төлене бастайды. Аталған жобаны 2026 жылы аяқтауға толық мүмкіндік бар.
Ізтай БЕЛГІБАЙҰЛЫ.