Сатай атаның мұрасы

Ауылдың кешкі тыныштығында жас ұрпақ жиналып, Сатай атаның даналық сөздерін еске алды. Атаның айтқан «Ең бастысы, адал бол!» деген өсиеті жастардың жүрегіне жетіп, талқылауға арқау болды. Кішкентай даулар мен түсініспеушіліктердің себебін іздеген жастар атаның даналығын еске алып, өз қарым-қатынастарын қайта қарап, дұрыс жолға түсті. Сол кеште олар бірлесіп, ауылға пайдалы іс-шаралар ұйымдастыруға бел буып, ынтымақтастықтың үлгісін көрсетті. Сатай атаның мұрасы жастарға тек сөзбен емес, ісімен де қолдау көрсету керектігін ұғындырды. Мұндай тұлғалардың өнегесі әрқашан үлгі болары сөзсіз.

Сатай атаның төрт ұлы болды. Сейдахмет, Қожахмет, Қаса және Шахман. Сейдахмет 1880 жылы Ұлытау тауының бауырында дүниеге келді. Жастайынан зерек, ізденімпаз бала болып, жергілікті қолөнер шеберінен ұсталық өнерді үйренді. Бар өмірін Ұлытау ауылдарының тұрғындарына қажет болатын айыр, балта, балға, тырма және басқа тұрмыстық бұйымдарды жасауға арнады. Бала кезінде молданың мектебінде араб тілін оқып, өмір бойы бес уақыт намазын қаза қылмай өтетін діндар адамға айналды.
Ауыл ақсақалдары оны қауіпті керуен жолдарына жіберіп, жауапты топ құрамына қосты. Атбасар мен Қоянды жәрмеңкесіне азық-түлікті тасымалдау оңайға соқпайтын. Әсіресе, жолдар тоналған, ауа райы қатал, ал қауіп-қатер күнделікті серік болатын. Сондықтан керуен құрамына ең төзімді, қайратты және жігерлі жастар таңдалды.
Ауылдан аттанған керуен тек сауда жасап қана қоймай, жұртшылық алдында күш-қуатын, балуандық өнерін көрсетіп, сондай-ақ, түрлі қойылымдар ұсынды.
Ақмола уезіндегі Қоянды, Атбасар жәрмеңкесінен тапсырыс алған азық-түлік, киім-кешек, ыдыс-аяқ, кітаптарды ауылға жеткізгенде, Сейдахмет және Дүзбай аталар керуенді басқарып, қиындықтарға төтеп берді. Ал Дүзбай жәрмеңкеде ат бәйгесі мен күреске белсене қатысып, бір орыс көпесінен сый ретінде үш үлкен қап тұз алады. Сол сыйды ауылға келгенде туыстарына және көршілерге таратып, жомарттық үлгісін көрсетеді.
Жалпы айтқанда, Қоянды жәрмеңкесіне жиі баруы Сейдахметтің орыс тілін меңгеруіне ықпал етті. Ол ауыл балаларын үнемшілдікке, сауда дағдыларын меңгеруге баулып, еңбекқорлыққа тәрбиеледі. Бір сапарында балаларға жануарлардың жүнінен үлбір жинауды үйрету үшін арнайы тарақтарды әкеліп, олардың қабілетін арттырады.
Сейдахмет 30 жасқа келгенімен, әлі шаңырақ көтермеген еді. Әкесі Сатай ұлын адалдыққа, инабаттылыққа лайықты қалыңдыққа қосу үшін Қуат руынан шыққан Оразайдың отбасына барады. Оразай отбасы мықты, қазақтың салт-дәстүрін қадірлейтін кісілер еді. Алайда, тағдырдың тосын мінезі оған тосқауыл болды. Келісілген уақыты келгенде, қалыңдық кенеттен өмірден өтеді.
Бірақ Оразай құда сөзінде тұрды: «Келісім ақшадан қымбат…» — деп, Сейдахметке үлкен қызының орнына сегіз жасар кенже қызы Шаһбалымды ұсынды. Арада жылдар өтіп, Шаһбалым 15 жасқа келгенде, Сейдахмет 35-тен асқан жасында әкесінің батасымен үйленді.
Шаһбалым ақкөңіл, сенгіш, көңілі таза қыз еді. Бір күні қырдың арғы бетінде жаңа төлдеген сиырды саумақ болады, Сейдахметтің інілері әзіл ретінде сиырдың орынына өгізді апарып байлап қояды. Шаһбалым ол әзілге сеніп, ертесіне қораға келгенде қара өгіздің тұрғанын көріп, қатты таңырқап, қалай сауатынын түсінбеді. Қайын інілері жеңгесінің бұл ісіне әбден қүледі. Сол сәттен бастап, Сейдахмет әйелін сүйіспеншілікпен «Барболсын» деп атай бастады.
Шаһбалым (Барболсын) ұзақ ғұмыр кешіп, 1987 жылы 93 жасында Ұлытау ауылында өмірден өтті. Балалары оны Ақтұмадағы қорғанға жеткізіп, ағайын-туыстың ортасына жерледі. Оның өмірі мен мейірімі, адалдығы мен шыдамдылығы ұрпақтарының естелігінде мәңгі қалды. Әрбір күлкісі, әрбір сөзінің жылуы және әрбір даналық кеңесі ұрпаққа үлгі болып жетті.
Сейдахмет пен Шаһбалымның отбасы — махаббат пен сенімнің, дәстүр мен адалдықтың мәңгілік бейнесі ретінде ұрпақ жадында сақталды.
1928–1933 жылдардағы зорлық-зомбылық шаралары жаппай аштыққа және қасіретке әкелді. Бір күні ауылдасы Көпей Сейдахметтен мал тапшылығына (санағы жетпеуіне байланысты) көмектесуін өтінді. Сейдахмет: «Басыңмен істеген ісіңді мойныңмен көтер» деп айтса да, көмегін аямады.
Сейдахметтің алғашқы баласы Қаламұш дүниеге келді, әкесінің Аллаға шүкіршілігі ерекше болды. Бұл қиын кезеңде ауылдасына көмек көрсету арқылы ол халыққа үлгі көрсетті.
Бірде ол Қоқан руының ауылына барғанда бесікте жатқан баланы көріп: «Қыз ба, ұл ба?» — деп сұрады. Марқабайдың әйелі: «Қыз» — деп жауап берді. Сейдахмет құда түсетінін айтып, келісімін алды. Кейін Марқабай соғыста қаза тауып, Сейдахмет өмірден өтті.
1937 жылы Сейдахметтің ұлы Нұрсұлтан дүниеге келді. Ол әкесінің қадағалауымен мал шаруашылығымен айналысып, 25 жылдан астам «Ұлытау» кеңшарында аға жылқышы болды.
1958 жылы Нұрсұлтан әкесі Сейдахмет құда түскен қалыңдығы Қамалды алып қашып, екеуі берік отбасын құрып, 14 баланы (9 ұл және 5 қыз) дүниеге әкелді. Нұрсұлтан мен Қамал 55 жылдан астам бірге өмір сүріп, қиын-қыстау заманда балаларын өсіріп, немере-шөбере көрген үлкен әулет болды. Нұрсұлтан 77 жасында дүниеден өтіп, Ақтұмадағы отбасылық зиратқа жерленді.
Зұлмат жылдары ауыл-аймақ ауыртпалықты бастан кешіп жатқан шақ еді. Сол бір қиын кезеңде ауылға Қозыбай руынан шыққан Зылқайдар байдың баласы келіп, азық сұрайды. Аш-жалаңаш халықтың тұрмысы мүшкіл болғанымен, қазақы кеңдік пен мейірім сол кездің өзінде де өшпеген еді. Сол сапарында Зылқайдардың ұлы Сейдахмет атамызға айрықша бір ұсыныс жасайды. Оған қолындағы алтындатылған ою-өрнектері бар, жүз жылдық тарихы бар қасиетті Құранды бір қап бидайға айырбастауды өтінеді. Бұл – рухани құндылық пен материалдық қажеттіліктің таразы басына түскен сәті болатын.
Сейдахмет атамыз сол кезде кітаптың қадірін түсініп, бұл аманатты ерекше ілтипатпен қабыл алады. Сол күннен бастап киелі Құран әулет үшін қасиетті мұраға айналып, ұрпақтан-ұрпаққа мұқият сақталып келеді.
Бүгінде сол баға жетпес Құран Бексұлтанның қолында. Уақыт қанша өтсе де, ол кітап тек діни жәдігер емес — әулеттің рухани сабақтастығының, ізгілік пен имандылықтың белгісі болып отыр. Әр буын осы мұра арқылы ата-баба дәстүрін, сенім мен жан жылуын қайта сезінеді.
Әулет үшін айрықша мәнге ие көне бесік пен «Бірішек» оқиғасы – ұрпақтар арасындағы рухани сабақтастықтың айқын көрінісі. Бұл асыл мұра — отбасылық дәстүр мен ұлттық құндылықтың біртұтас белгісі. Сонау 80 жылдан астам уақыт бойы бұл бесік бірнеше буынның сәбилерін тербетіп, әрбір жаңа өмірдің бастауына куә болып келеді.
Әр нәресте дүниеге келген сайын, оны осы қасиетті бесікке салу арнайы салтпен өтеді. Бұл — жай ғана тұрмыстық дәстүр емес, ата-баба аманатын сақтап, ұлттың тектілігі мен бірлігін дәріптейтін қасиетті рәсім.
Бесікпен байланысты «Бірішек» оқиғасы да ел ішінде аңызға айналған. Осы бесікте тербелген әрбір сәби ана әлдиімен бірге әулеттің рухани жылуын, ата дәстүрінің киесін сезініп өседі.
Сол уақыттан бері бұл бесік жүзден аса сәбиді тербетіп, қырқынан шыққанша олардың алғашқы мекеніне айналды. Көрші-қолаң да оны «киелі бесік» деп атап, өздерінің жаңа туған нәрестелерін ырымдап сонда бөлеуге ниеттенген.
Осылайша, сырттай қарағанда қарапайым ағаш бесік – тұтас әулеттің тарихын, дәстүрін және ұлттық рухтың ұлы мәнін бойына сіңірген мәңгілік естелікке айналды.
Еліміз тәуелсіздік алып, қазақ даласына еркіндік тынысы енген 1992 жылы Бексұлтанның әкесі Нұрсұлтан өз еңбегіне арқа сүйеп, жеке шаруашылық құруды мақсат етті. Сол жылы ол Ұлытау ауданының Омар қыстағынан Тұяқ деп аталатын жазиралы өңірге қоныс аударып, ата-бабадан қалған кәсіп — мал шаруашылығын қайта түлетуді бастады.
Жолға шыққанда қолында аз ғана мал — тоқты-торым мен екі үйір жылқы ғана бар еді. Бірақ үміттің оты күшті болатын. Табиғаты қатал, жыңғылы мен жымыраны қалың Ержанның қара адыры аталатын тау етегіне тұрақтап, жаңа өмірдің шаруасын сол жерден бастады. Бұл өңірдің қысы қытымыр, жазы шөлейт болғанымен, Сейдахмет аталарының табан ізі қалған қасиетті мекен еді.
Алайда алғашқы жылдар оңайға соқпады. 1992 мен 1997 жылдар аралығында мал төлдей алмай, қасқырлар жиі шауып, шаруашылыққа зор қауіп төндірді. Түн сайын арлан ұлыған дауыстар мал иесінің ғана емес, бүкіл әулеттің мазасын кетіретін.
1997 жылдың мамыр айы. Көктемнің қоңыр салқыны басылып, жер бусанып қалған кез. Сол күні Бексұлтан ағасы Қасқырбай екеуі атқа қонып, Ержанның Қараадырына бет алды. Таудың екі белесін асып, сайдың құламасына жеткенде, күнбатысқа қарап жатқан алып арланды көреді. Қасқырбай мылтығын кезеп, бір-ақ рет атып қалды. Гүрс еткен дауыс тау ішін жаңғырықтырды. Арлан сұлатып түсті. Кейін белгілі болғандай, бұл — «Бірішек», яғни қасқырлар тобының көсемі, бүкіл үйірдің асыраушысы екен.
Осы оқиға — «Бірішек» аңызы — содан бері әулет жадында сақталып келеді. Сол жылы қасқырлар жоғалып, мал төлдей бастады. Шаруашылық қайта жанданды. Бұл сәт — бір отбасының тағдырындағы ғана емес, тұтас әулеттің рухын қайта түлеткен кезең еді.
Бүгінде Бексұлтан Нұрсұлтанұлы Ұлытау өңірінде, Амангелді бағытына қарай орналасқан сол қасиетті Ержанның қара адыры аумағында, Сейдахмет атасының ізі қалған топырақта 30 жылдан астам уақыт бойы өз шаруашылығын басқарып келеді.Еңбегінің арқасында ол аудан жұртына үлгі болып, ел ішінде тәжірибесімен, еңбегімен және адалдығымен танылды.
Сатай атаның мұрасы — Сейдахмет әулетінің жүрегінде мәңгілік орын алған құндылық. Бұл мұра – адалдық пен еңбектің, бірлік пен бауырмалдықтың, ұлт рухын дәріптеген отбасылық дәстүрдің айнасы. Ол тек өткеннің естелігі емес, бүгінгі өмірге бағыт берер рухани темірқазық іспетті.
Сатай атаның өнегелі жолы — Нұрсұлтан ұрпақтарының бойында мәңгі сақталған ұлағат. Әр ұрпақ оның аты аталғанда, тек тарихты емес, еңбектің қасиетін, жерге деген адалдық пен елге деген сүйіспеншілікті еске алады.
Міне, осылайша бір әулеттің өмір жолы арқылы бүтін бір дәуірдің рухани бейнесі көрініс табады.

Ерғали ҚАСЫМБЕКОВ.