Қарымды қаламгер тартуы

Жақында мазмұны мағыналы деректермен өрілген тағы бір баспа өнімі кітап қорын толықтырды. Нақтырақ айтқанда, белгілі қаламгер, Қазақстан Жазушылар одағының және Қазақстан Журналистер одағының мүшесі, ақын, «Құрмет» орденінің иегері Батырбек Мырзабековтың «Тау түбіндегі ауыл» атты кітабының тұсауы кесілді. Рухани шара оқырмандардың қатысуымен Ұлытау ауданының «Сапар» орталығында өтті.

Кітапта автор ұлт ұясы Ұлытаудың қай дәуірден «Ұлы», «тау» атанғанын нақты деректерге сүйене отырып, дәйекті дәлелдер келтіре жазады. Жинақтың келесі бөлімінде тау етегіндегі қараша ауылда ғұмыр кешкен қарапайым еңбек адамдарының өмір жолдары баяндалады. Қайталанбас тағдыр иелерінің ісін, болмыс-бітімін өзек еткен туындының негізгі құндылығы да осында.
Қабырғалы қаламгердің бұған дейін де қаламынан туған «Қос батыр», «Аңшының әңгімелері», «Аманат», «Дүзен», «Дүтбай батыр», «Ахмет ишан», «Мәңгілік ғұмыр» атты көркем прозалары бар. Осының бәрі оқырман көңілінен шығып келеді. Жазуынан қазақылық исі аңқып тұратын жерлесіміздің әр тақырыпта жазған дүниелері құнды, өз алдына бір төбе.
Ал, бұл жолғы естелік-эссесі ауыл адамдарының жарқын мінезін, адамгершілігін, сыйластығын, ілкімді істерін, ізгілікке толы өмір жолдарын көпке таныстырсам деген оймен жазылған туынды. Осы тұрғыда, кітап авторы кешті жүргізуші Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі,
ақын Ғазиз Ештанаевтың сан қилы сауалдарына жауап бере отырып, жаңа кітаптың мазмұнын өзі әңгімелеп берді.
Іс-шараға әрісі – Қарағанды, берісі – Жезқазған, Сәтбаев қалаларынан арнайы келген мәртебелі меймандар қатысты. Жаңа кітаптың тұсаукесер рәсімінде ыстық лебіздерін білдірушілер қатары қаншалықты қалың болса, олар қаламгердің ақындық, жазушылық дарындылығын соншалықты әңгімелеп, дәйекті сипаттама бере білді. Сөйтіп, айтулы қаламгердің жаңа кітабына қатысты өрбіген әңгімелер маңыздылығымен ерекшеленіп, тартымдылығымен есте қалды.

Әуелі Ұлытау облысы мәдениет, тілдерді дамыту және архив ісі басқармасының басшысы Мағжан Табылдиннің жолдаған Алғыс хатын облыстық мәдениет, тілдерді дамыту және архив ісі басқармасының бөлім басшысы Данагүл Алшынбаева оқып берді. Бұдан кейін Ұлытау облыстық қоғамдық даму басқармасының басшысы Бақытжан Жайлаубаев жүрекке жылы тиер лебізін жарасымды жеткізіп, сый-сияпат жасады.
Кешке келген топ құрамындағы танымал тұлғалар Қазақстанның Құрметті металлургі, «Құрмет» орденінің иегері, Қарағанды облысының Құрметті азаматы, «Қазақтың Кетбұқасы» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Төлеген Бүкіров, «Орталық Қазақстан» газетінің бас редакторы, журналист, ақын, Қазақстан Журналистер одағының «Алтын медаль» сыйлығының, Қарағанды облысы әкімінің «Алтын сұңқар» және «Тіл майталманы» сыйлықтарының лауреаты Ерсін Мұсабеков, Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі, әнші Ғалым Мұхамедин, Қазақстан Журналистер одағының Ұлытау облыстық филиалы төрағасы Эльвира Алпанбаева, Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі, өнер зерттеушісі, әнші Серік Оспанов, Қазақстан Журналистер одағының мүшесі, блогер, Жезқазған қаласының Құрметті азаматы Ізтілеу Түсіпов әдемі әдіптелген әрлі сөздерін айтып, қаламгердің туындысына қатысты өзіндік ой-пікірлерін ортаға салды. ҚР еңбек сіңірген қайраткері, айтыстың ақтаңгері, ақын Мұқаш Сейтқазинов та дара мақаммен кітап авторына арнаған жаңа жырын шабыттана оқыды.
Ұлытау ауданы атынан сөйлеген аудандық мәслихаттың төрағасы Ахат Құрмансейітов қаламгердің шығармашылық жолын, азаматтық келбетін, қайраткерлік болмысын толғақты оймен қозғап, Батырбек Мырзабековтың иығына оқалы шапан жапты. Осы тұста, мәслихат төрағасының парасатты пайымға тұнған сөздері кешті одан әрі шырайландырып әкетті.

Жаңа кітаптың лентасын Қазақстанның Құрметті металлургі Төлеген Бүкіров пен Қазақстанның Құрметті журналисі Мағзумбек Машайықов қиды. Айта кетейік, «Тау түбіндегі ауыл» кітабының жарық көруіне демеушілік жасаған меценат Бекзат Алтынбеков пен кәсіпкер Марғұлан Молдашев. Атымтай жомарт азаматтар заманның нарқына қарамай, сөздің парқын түсініп өнерге қолдау көрсеткеніне аудан халқы да риза болды.
Кеш барысында Батырбек Мырзабековтың өлеңдерін аудандық мәдениет үйі жанынан құрылған әдеби үйірменің мүшелері де ерекше мәнермен нақышына келтіре оқып, өнерсүйер қауымды жыр кәусарымен сусындатты. Сонымен қатар, кітап көрмесі де ұйымдастырылып, аудандық орталық кітапхананың әдіскері Сандуғаш Дүйсенбаева қаламгердің әр жылдары жарық көрген кітаптарына библиографиялық шолу жасады. Тайжан Қалмағанбетов атындағы Ұлытау облыстық филармониясының әншілері ырғақты сазды әндерді орындап, жиналған қауымға көтеріңкі көңіл-күй сыйлады. Кеш соңында залдағы барлық оқырманға Батырбек Мырзабековтың «Тау түбіндегі ауыл» кітабы сыйға тартылды. Рухани шара аудандық мәдениет үйінің өнерпаздары орындаған «Ұлытау» әнімен түйінделді.

Қайрат ЖҰМАБАЙ.