Мемлекеттік қызметке іріктеудің жаңа жүйесі – ашықтық пен әділдіктің жаңа кезеңі
Қазіргі таңда елімізде мемлекеттік қызметке іріктеудің жаңа жүйесі іске қосылып, бұл салада түбегейлі өзгерістер жүзеге асырылуда. Аталған бастама мемлекеттік басқару жүйесін жетілдіруге, үміткерлер үшін ашық әрі әділ бәсекелестік орта қалыптастыруға бағытталған.

Жаңа жүйенің негізгі ерекшелігі – барлық процестердің толық автоматтандырылуы және үміткерлерге онлайн форматында қатысуына мүмкіндік берілуінде. Бұл жаңашылдық мемлекеттік қызметке қабылдау рәсімдерін жеңілдетіп қана қоймай, заманауи технологияларды кеңінен қолданудың жарқын үлгісіне айналып отыр.
Осы жылдың шілде айынан бастап іріктеудің жаңа жүйесі Ұлытау облысының жергілікті атқарушы органдары мен орталық мемлекеттік органдардың аумақтық бөлімшелеріне енгізілді.
Жаңа жүйе арқылы шілде, тамыз және қыркүйек айлары бойынша жергілікті атқарушы органдарда екі жүзден астам конкурсқа хабарлама жарияланып, екі жүзге жуық адам құжат тапсырған. Жаңа жүйе арқылы өткізілген конкурстардың нәтижелері бойынша тағайындалғандар жүз отыздан астам адамды құрайды.
Бұған дейін мемлекеттік қызметке қабылдау үдерісі бірнеше кезеңнен тұрып, қағаз түріндегі құжат айналымына және адами факторға тәуелді болатын. Енді барлық кезеңдер электрондық форматта жүзеге асырылады. Үміткер өзінің деректерін электрондық үкімет порталы арқылы тіркеп, қажетті құжаттарды онлайн түрде жолдай алады. Конкурстық кезеңдердің барлығы тестілеу, әңгімелесу және құжаттарды тексеру автоматтандырылған жүйе арқылы өткізіледі. Бұл тәсіл процестің ашықтығын қамтамасыз етіп, субъективті шешім қабылдау ықтималдығын барынша азайтады.
Жаңа жүйенің енгізілуі азаматтарға уақыт пен ресурсты үнемдеуге мүмкіндік берді. Енді мемлекеттік қызмет конкурстарына елдің кез келген өңірінен және өзіне ыңғайлы уақытта онлайн түрде қатысуға болады. Бұл, әсіресе шалғай аймақтардағы үміткерлер үшін үлкен қолайлылық туғызды. Сонымен қатар, жаңа жүйеде заңнама саны 9-дан 4-ке дейін қысқартылып, іріктеу үдерісі барынша ықшамдалды. Мұндай өзгерістер талаптарды
түсінікті әрі қолжетімді етіп, үміткерлерге қажетті ақпаратты жеңіл меңгеруге жағдай жасады.
Сондай-ақ, іріктеу кезеңдерінен өту барысында дербес деректердің құпиялылығын сақтау және анонимділікті қамтамасыз ету мақсатында әрбір үміткерге жеке ID нөмір беріледі. Бұл жаңашылдық әділдікті арттырып, бағалау нәтижелерінің бейтараптығына кепілдік береді. Барлық деректер бірыңғай электрондық жүйеде сақталып, конкурстық процестің ашықтығы мен есептілігін қамтамасыз етеді.
Мұндай қадамдар мемлекеттік қызмет жүйесіндегі жемқорлық тәуекелдерін азайтуға және кадрлық саясаттың сапасын арттыруға бағытталған. Автоматтандырылған іріктеу жүйесі адами фактордың ықпалын төмендетіп, біліктілік пен қабілетке негізделген әділ таңдау тетігін қалыптастырады.
Жаңа жүйенің енгізілуі мемлекеттік аппараттың тиімділігін арттыруға, сондай-ақ, қоғам тарапынан сенімді нығайтуға ықпал етеді. Мемлекеттік қызметке қабылдаудың ашық әрі әділ өтуі – халықтың билік институттарына деген сенімін арттыратын маңызды фактор.
Қорытындылай келе, мемлекеттік қызметке іріктеудің жаңа жүйесі – еліміздің басқару мәдениетін жаңғыртудың, тиімді әрі заманауи мемлекеттік аппарат қалыптастырудың нақты көрінісі. Автоматтандырылған және онлайн форматтағы конкурстық рәсімдер арқылы мемлекет ең лайықты кадрларды іріктеп, кәсіби мемлекеттік қызметтің жаңа дәуірін бастады.
Ерлан ЕРМАХАНБЕТОВ,
Қазақстан Республикасы
Мемлекеттік қызмет істері агеттігінің
Ұлытау облысы бойынша
департаменті басшысы,
Әдеп жөніндегі кеңес төрағасы.
