Ауыл тұрғындарының мәселелері – назарда

«АMANAT» партиясы халықпен тікелей диалогты дамытуға, елді мекен тұрғындарының мұң-мұқтажын тыңдауға тұрақты көңіл бөліп келеді. Соның айғағы ретінде Ұлытау аудандық филиалының ұйымдастыруымен Байқоңыр ауылында көшпелі қоғамдық қабылдау өтті.

Іс-шараға Ұлытау облыстық мәслихатының депутаты Мұрат Маткенов, «AMANAT» партиясы Ұлытау аудандық филиалының төрағасы, аудандық мәслихаттың төрағасы Ахат Құрмансейітов, аудандық мәслихат депутаты Бақытжан Нұрғазинов сондай-ақ Байқоңыр ауылдық округінің әкімі Шәріп Бекетов қатысты.
Көшпелі қабылдаудың басты мақсаты – ауыл тұрғындарын алаңдатқан өзекті мәселелерді тыңдап, шешу жолдарын қарастыру.
Кездесу барысында ауыл азаматтары бірнеше маңызды мәселені көтерді. Оның ішінде – «Қарсақбай – Байқоңыр» автокөлік жолының жағдайы мен оны жөндеу мәселесі, ауылдағы фельдшерлік-акушерлік пункттің қолданысқа беру мерзімі, жедел-жәрдем көлігінің қажеттілігі, электр қуатына қатысты түйткілдер, ауыл жастары үшін спорттық ангар салу мәселесі қозғалды.
Депутаттар тарапынан әрбір сұраққа жауап беріліп, шешімін табу жолдары түсіндірілді. Облыстық мәслихат депутаты Мұрат Маткенов көшпелі қоғамдық қабылдаудың мәні зор екенін атап өтті.
– Мұндай қабылдаулар тұрғындарға өз ауылынан шықпай-ақ мәселені көтеруге мүмкіндік береді. Әр ұсыныс пен өтініш назарға алынып, тиісті органдарға жеткізіледі», – деді халық қалаулысы.
Кездесу соңында халық қалаулылары көшпелі қоғамдық қабылдаулар ауданға қарасты барлық ауылдық округтерде жалғасатынын, ал түскен өтініштердің ешқайсысы жауапсыз қалмайтынын айтты.
Байқоңыр ауылындағы қабылдау – билік пен халық арасындағы ашық диалогтың көрінісі. Мұндай кездесулер тұрғындардың өзекті мәселелерінің уақытылы шешілуіне жол ашып қана қоймай, елдің әлеуметтік ахуалының жақсаруына да ықпал етпек.

Ізбасар ОЙБАС.