«Қарттарым, аман-сау жүрші!»
1 қазан – Халықаралық Қарттар күніне орай, аудандық Мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің ғимаратында осындай тақырыпта мерекелік іс-шара ұйымдастырылды.
Шараға аудан әкімі Аманжол Мырзабеков, аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы, аудан ақсақалдары мен аналар, сондай-ақ мекеме басшылары қатысты.
Салтанатты жиында елдің берекесі мен бірлігінің алтын арқауына айналған ардагерлерге құрмет көрсетіліп, олардың еңбектері ерекше атап өтілді. Мерекелік кештін шымылдығын ашқан аудан әкімі қазына қарттарға өзінің ақжарма тілегін жолдады.
– Қымбатты ардақты қариялар! Сіздер – халқымыздың шежіресі, жас ұрпаққа бағыт-бағдар берер ақылман ақсақалдарсыздар. Еліміздің өсіп-өркендеуінде, ауданымыздың дамуы жолында атқарған еңбектеріңіз ұрпаққа өнеге. Бүгінгі мереке – сіздерге деген алғысымыздың айқын көрінісі. Баршаңызға мықты денсаулық, ұзақ ғұмыр, отбасылық амандық тілеймін, – деді Аманжол Батырбекұлы өз құттықтауында.
Аудан басшысы сондай-ақ, қоғамдық, әлеуметтік-экономикалық дамуға сүбелі үлес қосқан бірқатар ардагерлерге Құрмет грамотасы, Алғыс хаттар және Құрмет төсбелгілерін табыстады. Бұдан бөлек, елдің өркендеуіне елеулі үлес қосып жүрген қарияларға да ізгі ілтипат көрсетіліп, сый-құрмет ұсынылды.
Мерекелік кеште ауыл өнерпаздары әуелете ән шырқап, күмбірлете күй төкті. Жүрек тебірентер жыр жолдары мен халық әндері қарттарымызға ерекше әсер сыйлады. Сонымен қатар, қонақтар назарына спорттық ойындар ұсынылып, достық пен татулықты дәріптейтін мәдени бағдарлама ұсынылды.
Бұл мерекелік іс-шара – ұрпаққа үлгі болған қазыналы қарттарға көрсетілген шынайы құрметтің, ілтипат пен ізеттің белгісі ретінде есте қалды.
Шара соңында дастарқан жайылып, қарттарға сый-сияпат табысталды. Ардагерлер ізгі тілектерін арнап, ел бірлігі мен жас ұрпақтың амандығын тіледі.
Ізбасар ОЙБАС.