Шеңберден шыққан шымыр жігіт
Ұлттың болмысын, тарихын, рухын айшықтайтын ойындар аз емес. Соның ішінде қазақтың төл өнері – таяқ тартыс. Бұл спорт – тек күш сынасу емес, шапшаңдықты, төзімділікті, табандылықты талап ететін нағыз ерлердің ойыны. Көшпенді бабаларымыздың тұрмысынан бастау алған бұл өнер бүгінгі таңда ұлттық спорттың өрісін кеңейтіп, халықаралық аренаға шығып отыр.
ТАРИХТАН ТАМ-ТҰМДАП…
Таяқ тартыс ежелден қазақ баласының күш-қайратын шыңдаған ойындардың бірі. Көшпенді тұрмыста ер жігіттің ең басты қасиеті – дене күші мен ептілігі болған. Қысқы ұзақ түндерде, жазғы кең жайлауда жастар бір-бірімен белдесіп, арқан тартып, ат жарыстырып қана қоймай, таяқ тартысып та өз күшін сынаған. Бұл ойынның шығу тегі түркі халықтарына ортақ екені айтылады.
Кей деректерде Сібірдің саха халқы арасындағы мас-рестлинг спорты да осы дәстүрмен сабақтас екені көрсетіледі. Шынында, қазақтың таяқ тартысы мен сахалардың мас-рестлингі техника жағынан ұқсас: екі спортшы ортаға отырып, аяқтарын тіреп, таяқ арқылы бір-бірін жеңуге тырысады. Айырмашылығы – қазақы ойында күшпен қоса, әдіс пен психологиялық төзімділікке ерекше мән беріледі.
Бүгінде Қазақстанның спорттық федерациялары бұл өнерді қайта түлетіп, мектептер мен ауылдық жерлерде ұлттық ойындар қатарында насихаттап келеді.
НҰРСҰЛТАН ЕСІМБАЕВ –
ТАЯҚ ТАРТЫСТЫҢ ТАРЛАНЫ
Ұлытау топырағынан түлеп ұшқан Нұрсұлтан Есімбаев – осы спорттың жарқын өкілдерінің бірі. Шеңбер ауылында дүниеге келген ол, мектептен бастап спортқа ерекше ынта танытты. Тау-кен ісін меңгеріп, еңбек жолын шахтадан бастаған Нұрсұлтан өндірістегі қажырлы еңбегін спорттық дайындықпен ұштастыра білді. Қазақы таяқ тартыста ол талай мәрте қарсыластарын қапыда қалдырды. Үш мәрте – Ұлытау облысының чемпионы, екі мәрте – Қазақстан чемпионы, әлем біріншілігінің финалисі атанды. Жуырда Қоскөл ауылының 50 жылдық мерейтойында да Нұрсұлтан қарсыластарына дес бермей, ауылдастарына жеңіс қуанышын сыйлады.
Нұрсұлтан тек таяқ тартумен шектелмей, волейболдан, арқан тартудан, қол күрестен, шаңғы жарысынан, үстел теннисінен де жүлделі орындарға ие болған. Ал соңғы жылдары ол мас-рестлингтен де бақ сынап, саха халқының ұлттық ойынында да шыдамдылық пен күш қайраттың үлгісін көрсетіп жүр.
ҰЛТТЫҚ СПОРТ –
ҰЛТТЫҚ РУХТЫҢ ТІРЕГІ
Шеңберден шыққан шымыр жігіт – Нұрсұлтан Есімбаевтың жолы жастарға үлкен өнеге. Ол арқылы біз ұлттық спорттың тек ойын-сауық емес, елді бірлікке, жас буынды табандылыққа, еңбекке баулитын тәрбиелік маңызын айқын көреміз. Бүгінгі таңда таяқ тартыстың дамуына мемлекеттік деңгейде көңіл бөлініп отыр. Бұл – ұрпақ сабақтастығының, ұлттық кодымыздың қайта жаңғыруының белгісі. Әлемдік спорт аренасында таяқ тартыс пен мас-рестлингтің қатар аталуы – қазақ спортының өрісін кеңейтіп, ұлттық дәстүрімізді дәріптеудің нақты дәлелі.
Таяқ тартыс – бабалардан жеткен аманат. Оны жалғап жүрген жерлесіміз Нұрсұлтан Есімбаев сынды спортшылар – ұлттық рухтың елшілері. Спортшы еңбегі – ел мерейі, ұлт абыройы. Ендеше, ұлттық спортты дамыту – әрқайсымыздың перзенттік парызымыз.
Ізтай БЕЛГІБАЙҰЛЫ.