Ұлытаудың дәмі – елорда төрінде

06–07 қыркүйек күндері Астана қаласында Ұлытау облысының ауыл шаруашылығы өнімдерінің жәрмеңкесі ұйымдастырылды. Бұл игі шараға өңірдің барлық аудандарымен қатар, Ұлытау ауданының да өнім өндірушілері белсенді қатысты.

Жәрмеңке барысында халықтың таза әрі табиғи өнімге деген сұранысы айқын көрінді. Елорда тұрғындары мен қонақтары Ұлытау жерінің құнарлы табиғатынан алынған өнімдерді зор ықыласпен сатып алды. Сөрелерге қойылған құрт, май, қаймақ, қымыз секілді сүт өнімдері мен қой, сиыр еті және дәстүрлі шұжық ерекше қызығушылық туғызды. Тұтынушылар жергілікті тауар өндірушілердің өнімін жоғары бағалап, оның сапасы мен табиғилығына сенім білдірді.
Жәрмеңке тек сауда-саттық алаңы ғана емес, мәдени шараға да ұласты. Ұлытау ауданынан барған өнерпаздар әннен шашу шашып, жиналған жұртшылыққа көтеріңкі көңіл-күй сыйлады. Ұлттық әуендер мен дәстүрлі әндер елордалықтарға ауылдың дарқан пейілі мен сән-салтанатын сезіндірді.
Ауыл шаруашылығы жәрмеңкесі – ауыл кәсіпкерлеріне өнімдерін тікелей тұтынушыға ұсынуға мүмкіндік беретін тиімді алаң. Бұл бір жағынан ауыл экономикасын дамытуға серпін берсе, екінші жағынан қала тұрғындарын қолжетімді әрі сапалы өніммен қамтуға жол ашады. Ұлытау ауданының кәсіпкерлері осы бағытта белсенділік танытып, өңірдің табиғи байлығын насихаттап қана қоймай, жергілікті брендтің қалыптасуына үлес қосуда.
Астанада өткен жәрмеңке – Ұлытау ауданы үшін үлкен мүмкіндік. Мұнда ұсынылған өнімдер тек саудаға түскен тауар ғана емес, өңірдің экологиялық тазалығы мен табиғи ерекшелігінің айғағы іспетті. Ал елорда жұртының ықыласы – ауыл кәсіпкерлерінің еңбегіне берілген жоғары баға.

Ізбасар ОЙБАС.