Халық Қаһарманына – ел құрметі

Ұлт ұясы – Ұлытауда Халық Қаһарманы, армия генералы, әскери қайраткер Мұхтар Алтынбаевтың 80 жас мерейтойына орай, аудандық тарихи-өлкетану музейінде дөңгелек үстел өтті.

Мерейлі шараның мақсаты – Мұхтар
Қапашұлының өмір жолын, әскери қызметін, ерен еңбегін жан-жақты даралап, қаһарман тұлғаның жауынгерлік жолын, отансүйгіштігін өскелең ұрпаққа өнеге ету болды.
Мұхтар Қапашұлы Алтынбаев 1945 жылы 10 желтоқсанда дүниеге келген.
Атамекені – Ұлытау ауданындағы Қотыр қыстағы. Кейіннен әкесі Қапаш Қарағанды қаласына қоныс аударады.
Мұхтар Қапашұлы – әскери қайраткер, ҚР Халық Қаһарманы, армия генералы. 1966 жылдан бастап, Қарулы Күштер қатарында қызмет етті. 1977 жылы Әуе – Қорғаныс әскери училищесін, 1988 жылы Г.К.Жуков атындағы Әуе-Қорғаныс әскерінің әскери командалық академиясын бітірген. Авиациялық полк ұшқышы, жойғыш авиация полкінің аға ұшқышы, звено эскадрилья командирі, ұшуға дайындық полкі командирінің орынбасары, жойғыш авиациялық полк командирі және Әуе – Қорғаныс әскери дивизиясының командирі қызметтерін атқарған. Әуе-Қорғаныс әскерінің қолбасшысы да болған. 1996-1999 және 2001-2007 жылдары екі рет ҚР Қорғаныс министрі қызметін атқарған қайраткер тұлға. Еңбегі де бағаланып, III дәрежелі «Отанға қызмет еткені үшін» және «Отан», II дәрежелі «Барыс» ордендерімен марапатталған, Халық Қаһарманы. Әскери қайраткерге арналған дөңгелек үстелге Ұлытау ауданының Қорғаныс Істері бөлімінің бастығы, майор Дәурен Сәрсенбаев, аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Серік Ташенов, құқық қорғау және азаматтық қорғау органдарының ардагерлері Хайдарбек Ержанов пен Мұхтар Оспанов, аудандық «Ұлытау» газеті бас редакторының міндетін атқарушы Қайрат Кенжекұлы қатысты.
Өз кезегінде үстел басына жиналғандар пайым-пікірлерін ортаға салып та отырды. Әуелі аудандық тарихи-өлкетану музейінің басшысы Рахат Шынбергенов «Ұлт мақтанышына айналған тұлға» тақырыбында баяндама жасап, салиқалы отырысты ашып берді. Келесі кезекте Мұхтар Алтынбаевтың өмір жолы мен әскери қызметі туралы бейнебаян көрсетілді. Деректі көрсетілімнен кейін елдік мұратта мазмұнды әңгіме қаузалып, әскери қайраткердің байыпты бастамалары мен еңселі еңбегі екшелді.
Ұлытау ауданының Қорғаныс істері бөлімінің бастығы Дәурен Сәрсенбаев «Ел қорғаны – ерлік пен тәртіптің символы – Қарулы Күштер жүйесіндегі Алтынбаевтың рөлі, қорғаныс саласына қосқан үлесі туралы» мазмұнды баяндама жасады. Одан кейін аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Серік Ташеновтың «Ұрпаққа үлгі – ұлы ер» тақырыбындағы баяндамасы тыңдалды. Өңірдің ардақтысы, полиция ардагері Хайдарбек Ержановтың әңгімесінде Мұхтар Қапашұлының өзіне жақындығы, туыстығы, адамгершілік қасиеті, адами болмысы қайраткердің жас ұрпаққа нағыз үлгі тұтар тұлға екендігі әсерлі әңгімеленді. Азаматтық қорғау органдарының ардагері Мүхтар Оспанов әскери қайраткердің авиация саласын қалыптастыруға сіңірген еңбегін көбірек сөз етті.
Сонымен, бұл басқосу – бір адамның мерейтойы ғана емес, тұтас ел тарихының, әскери дәстүрдің биік деңгейде бағалануын алға тартып, кең тұрғыда әңгіме өрбіткен маңызды шара болды. Мағыналы жиын түйінінде, ел мақтанышына айналған ұлтжанды тұлға, бүгінгінің баһадүрі деген мазмұнда ортақ тұжырым жасалды.

Қайрат ЖҰМАБАЙ.