Өмір жолы – тұтас дәуір шежіресі
XX ғасырдың үшінші онжылдығы — Арқаның төсіне от жағып, көшпенді жұртты оятқан, тарих доңғалағын өндіріс дәуіріне бұрған айрықша кезең болды. Бұған дейін төрт түлікпен тіршілігін түгендеп келген қазақ даласында жер қойнауындағы қазынаға бет бұрып, техникалық өрлеуге аяқ басты. Бұл үдеріс даланың төсін дүр сілкіндіріп, елдің өмірін түбегейлі өзгертті. Арқаның дәл жүрегінде — Қарсақбайда бой көтерген мыс зауыты сол жаңғырудың бастауына айналды.
Қарашаңыраққа айналған бұл өндіріс орнына болашаққа үміт артқан, елдің әр түкпірінен ағылған жастар келіп жатты. Қазақтың алғашқы жұмысшы кадрлары осында қалыптасып, ауыр да, абыройлы металлургия саласының іргесін қалады. Сол буынның ішінде қажырлы еңбегімен, парасат-пайымымен дараланған азаматтар аз болмады. Солардың бірі, еліне адал қызмет етіп, ел тарихында есімі алтын әріппен жазылған тұлға — Біләл Әбей болатын.
Біләл Әбей 1900 жылы қазіргі Жезқазған ауданының №6 ауылына қарасты Ақтұма өңірінде кедей шаруа отбасында дүниеге келді. Тағдырдың тауқыметімен ерте есейген бала жасынан сауат ашуға, білімге ұмтылыс танытып өсті. 17 жасында Атбасар уезінің Жақсы ауылындағы мектепте оқып, орыс тілін меңгеріп, қоғамдық ортаға белсене араласа бастайды. Бұл – оның болашақ қоғамдық-саяси жолының алғашқы баспалдағы еді.
1926–1934 жылдары Біләл Әбей аға Жезқазған кенішінде көсеуші, кейіннен кенші болып еңбек етті. Жұмысына адалдығы, тәртіпке беріктігі, адамдармен тіл табыса білуі оны ұжым ішінде сыйлы етті. Шахта ішіндегі күрделі жұмыстарды меңгере жүріп, ол бурғылау партиясының жетекшісі, кейін кенші төрағасы секілді жауапты қызметтерге көтерілді. Қарсақбай мыс зауытында кадрлар бөлімін басқарды, темір жол бөлімінің орынбасары болып та қызмет атқарды.
Жоғары білім алуға мүмкіндік болмағанымен, ол өз бетінше үнемі ізденіп, кітап оқуды жанына серік етті. Кітап оқығанының арқасында қарапайым шахташыдан өндіріс
жетекшісіне дейін көтерілді. Бұл оның ерік-жігерінің еңбекқорлығының тың нақты көрінісі.
1928 жылы Біләл Әбей БК(б)П қатарына қабылданды. 1929 жылы Қызылорда қаласындағы партия мектебін бітіріп, Алматыдағы Комвузда, одан соң Марксизм-ленинизм институтында білім алады. Біліммен қаруланған жас азамат туған жерге оралып, Байқоңыр руднигінде, Қарсақбай мыс зауытында партия ұйымын басқарады.
Кейін Жезқазған аудандық, Қарағанды қалалық партия комитеттерінде жауапты лауазымдарда қызмет етті. Білімі мен ұйымдастырушылық қабілеті арқылы ол өңірлік партия жұмысын жаңа деңгейге көтеріп, ел ішінде беделге ие болды.
Ұлы Отан соғысы басталғанда, Біләл Әбей аға майдан шебінен тыс, тылдағы әскери-өндірістік лагерлерде тәрбие және саяси қызметке тартылады. Карлаг, Степной, Кеңгір, Долинка, Бидайық секілді лагерлерде партком хатшысы, командирдің саяси жұмыстары жөніндегі орынбасары болды. Бұл қызметтерде де өзінің жауапкершілігі мен ұйымдастырушылық қабілетін таныта білді.
Біләл Әбей тек қызметімен ғана емес, адамгершілік қасиетімен де ел жадында қалды. Туған-туыстар мен ауылдастарына қай кезде де көмегін аямай, ел ішінде «кеңпейілді, кішіпейіл азамат» атанды. Зайыбы — қарапайым қазақ қызы Қасымбек Сүйінжанова екеуі тату-тәтті ғұмыр
кешіп, төрт перзент өсірді. Қарсақбайда тұрған жылдары көршісі — атақты ғалым, академик Қаныш Сәтбаев болғаны да — оның өміріндегі бір ерекше тағдыр тоғысы.
Сәбит Мұқановтың «Өмір мектебі» романында да Біләл Әбей аға мен әкесі Әбей туралы жылы естеліктер келтірілген. Әбей ақсақал кезінде Қарсақбай зауытында от жағушы болып еңбек етіп, төңкеріс кезінде
зауытты талан-тараждан сақтап қалғандардың бірі болған.
1954 жылы қызметтік сапармен жолға шыққан Біләл Әбей аға қатты шұңқырлы жолда шаршаңқырап, жүргізуші Сашаға әзілдеп:
— Сашка, кімді алып бара жатырсың? — деп сұрайды.
— Сізді, Біләл Әбейұлы! — дейді жүргізуші.
— Сіз Қарсақбайлық Сталинді алып келе жатырсыз! — деп жауап береді Біләл аға.
Бір қарағанда бейкүнә қалжың сол сәтте-ақ Қарағанды обкомына жетіп, обком хатшысы Біләл Әбейді:
— Қарсақбайлық Сталин келді! — деп қарсы алады. Нәтижесінде, партиялық тәртіп бойынша ол КПСС қатарынан шығарылып, бұл жағдай өміріндегі ауыр кезеңдердің бірі болды.
Осыдан кейін Біләл Әбей аға Рудник кентінде тұрып, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығын басқарды. Уақыт өте келе партия қатарына қайта қабылданып, адал қызметі бағаланып, түрлі наградалармен марапатталды. Ол Рудник кентінің Құрметті азаматы атанып, кентінің бір көшесіне есімі берілді.
Біләл аға 1963 жылы зейнетке шығып, 1969 жылдың 5 наурызында 70-ке қараған шағында өмірден өтті. Жұбайы Қасымбек апамен бірге Сәтбаев қаласының орталық зиратында жерленді.
Бұрынғы Ескі Жезқазған руднигінде бір көшеге Біләл Әбейдің есімі берілген еді. Қазіргі таңда ол елдімекен жойылғанымен, Біләл ағаның елі үшін сіңірген еңбегі Ұлытау өлкесінің тарихынан өшпеуі тиіс. Сондықтан, елге еңбегі сіңген айтулы тұлғалардың есімін мәңгі ұмытпауымыз керек. Олардың еңбегін дәріптеп, өз заманында елімізге тигізген пайдасын ел ішінде насихаттап, кейінгі ұрпаққа өнеге еткеніміз абзал. Ұлт мүддесін ойлаған азаматтардың рухын әрдайым биік ұстауымыз керек. Қарап отырсақ, Біләл Әбей сынды ұлтжанды азамат мемлекетіміздің дамуына өлшеусіз үлес қосты. Оның өмір жолы — тұтас дәуірдің шежіресі. Сол заманның ауырлығына қарамастан, Біләл Әбей ел басқаруға қатысып, халыққа адал қызмет етті. Бұл – кейінгі ұрпақ үшін тағылым, тарих алдындағы жауапкершілік.
Ерғали ҚАСЫМБЕКОВ.