Интернет-алаяқтық өршіп тұр

Ақпараттандыру мен ақпараттық технологиялардың даму дәуірінде алаяқтардың да белсенділігі артты. Қарап отырсақ, онлайн арқылы жасалатын қылмыс саны жыл сайын еселеніп келеді.

Қазір әлеуметтік желілерде «Алаяқтар алдап кетті», «Қаржы пирамидасының қақпанына түсіп қалдым» деген жазбалар жиі ұшырасады. Осыны күнде естіп жүрсе де интернет-алаяқтарының арбауына түсіп жатқандары қаншама?! Солардың дені – көзі ашық, оқыған-тоқығаны бар азаматтар. Арасында зейнеткерлері де бар. Мұны біз кибершабуылдың құрбанына айналған азаматтардың аудандық полиция бөліміне шағымданғанынан естіп-біліп отырмыз. Ондағы нақты мәліметке сүйенсек, 2025 жылы Ұлытау ауданы бойынша 3 интернет қылмысы тіркелген. Ал, алдағы күндері қалай болады? Тағы да азаматтарымыз алаяқтың құрбаны болып кетпей ме? Оған ешкім кепілдік бере алмасы анық. Өйткені, онлайн саудасы қызып тұр. Жалған дүкен ашып, «Фейк» парақшалары мен сайдтар ашқан интернет-алаяқтарының күн сайын қатары көбейіп барады. Жұртты уысына түсіріп, қан қақсатып жүрген солар. «Алаяқ» деген атына сай олардың әрекеті де халықты алдау. Дәл осындай оқиғалар күнделікті өмірде болып жатыр. Таң қалуға болмайды. Тек сақтанудың жолын әркімнің өзі ойлағаны дұрыс. Онлайн түрінде тапсырыс бергенде сатушыны толық анықтап алғаны жөн болар. Әсіресе, жастар жағы онлайн арқылы сауданы жиі жасайды. Оларға тауарды сайд арқылы іздеп, көрсетілген есепшотқа ақша аудара салу өте тиімді. Қазір осындай жолмен түрлі саудалар жасалып жатыр. Алдану да осының аясында болып отыр. Тауарларды сатумен қатар алаяқтық та белең алуда. Сатушылар төлемді банктік карта немесе электронды әмиянға ақша аудару арқылы жасауды сұрайды. Осы арада айтарымыз, интернет-дүкендерінен тауар сатып алмас бұрын сол тауарды сатып жатқан сайд немесе парақшаның жалған емесіне көз жеткізу керек. Ол үшін әуелі мекенжай мен телефондарын қараңыз. Интернет-дүкен туралы толық ақпарат алуға тырысыңыз. Өйткені, сатушының бәрі жүрегінде иманы бар, парасатты адал адам бола бермейтіні ақиқат. Арасында алаяқтары да кездесіп жататыны шындық. «Сауда жасаймын» деп жүріп алаяқтарға тап болсаң ше? Нағыз алданғанның көкесі сонда.
Айтпағымыз, қазір қоғамда күтпеген жерден алаяқтардың құрығына ілігіп, банктегі ақшасынан айрылып жатқан адамдар көп. Әсіресе, цифрлық технологиядан хабары жоқ, электрондық әмияндардың «әлегін» біле бермейтін жандар алаяқтардың арбауына тез түседі. Мұндайға көбінесе сенгіш адамдар бірден ұрынады. Ал, бұдан сақтанудың жолы қандай? Ол үшін қарапайым халық нені білу керек? Бұл туралы Ұлытау аудандық полиция бөлімі бастығының міндетін атқарушы Жәнібек Наурызбаевтан сұраған едік…
–Аудан тұрғындарына айтарым, картаның деректемелерін басқа біреулерге жарияламау керек. Еш уақытта жеке басыңызға да, банк картасына да қатысты ақпаратты телефоныңызға келген кодты, логин мен пароль сияқты құпия мәліметті күмәнді әрі бейтаныс адамдарға жібермеңіздер. Егер, алаяқтар картаңыздан деректер алып, ақша алып қойған болса, онда дереу банкке қоңырау шалып, картаңызды бұғаттауға өтініш білдіріңіздер.
Естеріңізде болсын, банк қызметкерлері, операторлары ақпаратты сізден ешқашан телефон арқылы сұрамайды. Ондай мәліметтер тек алаяқтарға қажет. Егер банктер қоңырау шалатын болса, демек олар интернет-алаяқтары осыны қаперге алған жөн, – деді полиция подполковнигі Жәнібек Болатұлы.

Қайрат ЖҰМАБАЙ.