Төрт түлік – тірліктің тірегі
Бесінші жылға аяқ басты, елімізде Малшылар күні ресми түрде аталып өтіп келеді. Бұл – жыл он екі ай мал соңында жүріп, тіршіліктің негізгі тамырын ұстап отырған еңбеккерлерге арналған ерекше күн. Еңбек адамына деген шынайы алғыс пен құрметтің көрінісі. Бүгінде Қазақстан бойынша ауыл шаруашылығы саласында еңбек етіп жүрген мыңдаған малшы бар. Олар – елдің азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етуші, ауылдың әл-ауқатын арттырушы азаматтар. Осы орайда біз бұл мақаламызда Малшылар күнінің мәнін ашып, өзге өңірлердегі озық тәжірибелерді саралап, сала маманының пікіріне сүйене отырып, мал шаруашылығына қатысты нақты жағдайларды талдап көруді жөн көрдік.
МЕРЕКЕНІҢ МӘНІ – ЕҢБЕК АДАМЫНА ҚҰРМЕТ
Төрт түлікті төрге оздырған халқымыз үшін мал шаруашылығы – тіршіліктің алтын арқауы. Мал – қазақтың байлығы ғана емес, салт-дәстүрі мен болмысының ажырамас бөлігі. Осы бір саланың қазанында қайнаған қарапайым еңбек адамдарына, малшыларға арналған кәсіби мереке – Малшылар күні жыл сайын республика бойынша маусым айының екінші жексенбісінде атап өтіледі.
Бұл – жай ғана кәсіби мереке емес, ауыл еңбеккерлерінің маңдай тері мен табанды еңбегіне берілген үлкен баға. Әсіресе қыстың аязына, жаздың аптабына қарамай, мал соңында жүрген азаматтардың еңбегі – өлшеусіз.
Қысқасы, Малшылар күні – ауыл шаруашылығы саласында еңбек етіп жүрген мыңдаған азаматтарға ел болып алғыс айту күні. Бұл мереке елімізде 2020 жылдан бастап ресми түрде аталып өтуде. Мемлекеттік деңгейде мойындалуы – мал шаруашылығына, соның ішінде малшы еңбегіне деген құрметтің айқын көрінісі. Өкінішке орай, осы атаулы күн, еңбек мерекесі біздің өңірімізде өз дәрежесінде аталып өте алмауда.
ӨЗГЕ ӨҢІРЛЕРДЕН ҮЙРЕНЕРІМІЗ КӨП
Иә, еліміздің өзге аймақтарында Малшылар күні кешегі кеңес заманындағы шопандар тойынан кем тойланбауда. Олардың озық тәжірибелері мерекенің мәнін арттырар жол екені де айқын. Сонымен, басқа өңірлерде бұл мереке қалай тойланып жүр?
Шығыс Қазақстан облысы – Малшылар күнін жыл сайын кең көлемде өткізетін өңірдің бірі. Облыстық әкімдік пен ауыл шаруашылығы басқармасы бұл күні үздік малшыларды, ветеринарларды, механизаторларды марапаттап, арнайы көрме-жәрмеңкелер ұйымдастырады. Сонымен қатар ауыл шаруашылығы техникасының көрмесі мен жас мамандар форумдары да өткізіліп тұрады.
Маңғыстау облысында түйе шаруашылығымен айналысатын шаруалар бұл мерекеде «Түйешілер форумы» өткізуді дәстүрге айналдырған. Онда түйе сүті, шұбат өндірісіндегі жаңалықтар талқыланып, кәсіби біліктілік алмасу шаралары өтеді.
Түркістан облысында мереке күніне орай «Малшы дастарханы» атты этнографиялық шара ұйымдастырылады. Шара аясында ұлттық тағамдар ұсынылып, жастарға арналған «Төрт түліктің қасиеті» атты танымдық сабақтар өтеді.
МАЛ ШАРУАШЫЛЫҒЫН ДАМЫТУ – УАҚЫТ ТАЛАБЫ
Осы бір орайлы сәтті пайдалана отырып мал шаруашылығының жай-жапсарын, орын алған мәселелер мен оларды шешудің жолдары жайлы да сөз еткенді жөн көрдік. Өйткені, мал шаруашылығы – тек дәстүрлі сала емес, ол – экономиканың маңызды бір тармағы. Бұл жайында ауыл шаруашылығы кәсіподағы саласының ардагері, тәжірибелі фермер Шаяхмет Үмбетов малшылар жан-жақты болуы керек екенін айтады. «Бүгінде малшыларға тек қана мал бағумен шектелуге болмайды. Олар кәсіпкерлік негіздерін де білуі керек. Мемлекеттік бағдарламаларға қатысып, техника мен құрал-жабдықтарды жаңғыртып отыру маңызды. Сонда ғана ауыл дамиды, жастар ауылда қалады» – дейді ол.
Ал «АМАNAT» партиясы облыстық филиалының баспасөз хатшысы Гүлден Ғалымжанқызы кәсіби мерекенің жастарға әсері туралы ойын білдіре келіп: «Малшылар күні секілді мерекелер жас ұрпаққа еңбек адамының қадірін ұғындырады. Біз жастарды ауыл шаруашылығына тарту үшін осындай шаралардың танымдық сипатын арттыруымыз қажет. Мектептерде фермерлермен кездесу өткізу, агробілім беру – тиімді тәсіл» – дейді.
МАЛ ШАРУАШЫЛЫҒЫ – ҰЛЫТАУДЫҢ БАСТЫ ТІРЕГІ
Бүгінде Улытау өңірінде де мал шаруашылығына ерекше көңіл бөлініп отыр. Қазіргі таңда облыс аумағында ірі қара, қой, түйе және жылқы шаруашылықтарымен айналысатын 600-ден астам шаруа қожалығы тіркелген. Олардың басым бөлігі жайылымдық жерлерді тиімді пайдалана отырып, отандық ет пен сүт өндірісін арттыруға үлес қосуда. Ұлытау – мал шаруашылығына ежелден қолайлы өңір. Табиғи жайылымы мол, ауа райы қатал болғанымен, төрт түлік өсіруге бейімделген өлке. Осы орайда облыстық мәслихат депутаты, «Ауыл» партиясының мүшесі Гүлназ Омарова төмендегідей пікір білдірді:
«Мал шаруашылығы – қазақтың тірегі. Қиындығы мен қызығы қатар жүретін бұл кәсіппен айналысатын жандардың еңбегі әрдайым құрметке лайық. Қазіргі таңда ауыл экономикасының негізі – осы сала. Сондықтан мұндай кәсіби мерекелер – шынайы ризашылық пен қолдаудың белгісі», – дейді ол.
Сөзіміздің басында айтып өткеніміздей, облыс аумағында бүгінде мыңға жуық шаруа қожалығы жұмыс істеп тұр. Соңғы жылдары мал азығы, техникамен қамтамасыз ету, жайылым инфрақұрылымын жақсарту бағытында нақты жұмыстар жасалып жатыр. Алайда шешілмеген мәселелер де жоқ емес.
КӨЛЕҢКЕЛІ СТАТИСТИКА МЕН МАЛ ӨЛІМІ
Мал басына қатысты ресми есеп пен шынайы жағдайдың алшақтығы – шешімін күтетін түйткіл. Қарсақбай мен Кеңгір ауылдарында жүргізілген тексеру барысында мал саны ресми деректермен сәйкес келмегені анықталған. Нақты деректер не дейді?
Қолымызға тиген кейбір деректерге қарағанда Қарсақбайда ірі қара саны 35%-ға артық көрсетілген. Кеңгірде жылқы саны 22%-ға көбірек тіркелген. Бұл – мал санағын электронды форматқа көшіріп, нақты есеп жүйесін енгізуді қажет етеді.
Одан бөлек, соңғы жылдары малдың өлімі де жиілеп кеткен. Әсіресе, Жаңаарқа ауданы мен Қаражал қаласы маңында қыстағы ауа райының күрт бұзылуынан мыңнан астам жылқы қырылған. Бұл жағдай мал иелерінің көпшілігі өз малын сақтандырмайтынын, жем-шөп қоры алдын ала дайындалмайтынын көрсетті.
САЛАДАҒЫ НЕГІЗГІ МӘСЕЛЕЛЕР
Мал шаруашылығын дамыту мақсатында қазіргі таңда қордаланған мәселелер де аз емес сыңайлы. Гүлназ Омарованың айтуынша, мал шаруашылығындағы басты проблемалар мыналар: Кадр тапшылығы – жас мамандар ауылға барғысы келмейді;
Жем-шөп тапшылығы – климат өзгерісіне байланысты шөп шығымы тұрақсыз;
Сақтандыру мен тіркеу жүйесінің әлсіздігі – мал шығыны артқан сайын бұл мәселе өзектене түседі; Мал өнімдерін өткізудегі кедергілер – нарықпен байланыс әлсіз, логистика дамымаған. Депутаттың сөзіне сүйенсек, бұл мәселелерді шешу үшін ветеринарлық қызмет сапасын арттыру, фермерлерге арналған оқыту алаңдарын ашу, лизингке техника беру және мал есебін цифрландыру жұмыстары қолға алынған жөн.
ҚОЛДАУ БАР, АЛАЙДА ТИІМДІЛІГІ ҚАЙ ДЕҢГЕЙДЕ?
Малшыларға мемлекет тарапынан берілетін қолдаудың ішінде асыл тұқымды мал сатып алуға субсидия беру, жем-шөп дайындауға арналған қаржы бөлу, сүт өндіру мен бордақылау шығындарын жабу, Аграрлық несие корпорациясы арқылы жеңілдетілген несие сынды бағдарламалар бар.
Алайда бұл бағдарламаларға қатысу үшін фермерлерде толық ақпарат пен біліктілік жетіспей жатады. Осы орайда жергілікті әкімдік, кәсіпкерлер палатасы және қауымдастықтар бірлесіп семинарлар мен түсіндіру жұмыстарын жүргізуді жетілдіру керек.
ТҮЙІН
Мал шаруашылығы – жай ғана кәсіп емес. Ол – ұлттың рухын сақтайтын тірек саланың бірі. Бұл саланың болашағы – жас мамандар мен саналы саясаттың қолында. Ал малшы – сол саясат пен өндірістің алғы шебінде тұрған, қарапайым, бірақ ұлы еңбек иесі. Осы орайда депутат Гүлназ Омарованың «Малшы – ел тірегі, ауылдың жанашыры. Осындай аза Осындай азаматтарды ұлықтау – елдің өрке маттарды ұлықтау – елдің өркениеттілігінің бір белгісі», де ниеттілігінің бір белгісі», деген сөзін тағы бір мәрте қайталай кеткенді жөн көрдік.
Еңбек адамын дәріптеу мақсатында мерекені жоғары деңгейде атап өту үшін төмендегідей ұсыныстар айта кетуді де ұйғардық. Мәселен:
Үздік малшылардың слетін ұйымдастыру;
Ауыл шаруашылығына арналған облыстық форум немесе көрме өткізу;
Мектеп оқушыларына арналған танымдық сабақтар мен экскурсиялар;
Ақпарат құралдары арқылы малшылар еңбегін көрсететін арнайы телехабарлар немесе мақалалар циклі;
Малшылар өмірін насихаттайтын деректі фильмдер мен фотокөрмелер жыл сайын ұйымдастырылса Малшылар күнінің мәні мен маңызы да арта түсер еді.
Тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйінін айтар болсақ, малшылар – ел ырысын еселеген еңбек адамдары. Олардың еңбегі – ұлттық болмысымыздың, елдігіміздің негізі. Осы орайда Малшылар күнін кең көлемде атап өту – құрметтің ғана емес, саланың дамуына түрткі болатын маңызды құрал. Ендеше төрден орын алған төрт түлікпен бірге, төрге озған еңбек адамын ұлықтай білейік!
Ізтай БЕЛГІБАЙҰЛЫ.