Жүлде – Ұлытауда
Жақында №17 жалпы білім беретін мектептің физика пәні мұғалімі Жадыра ДАСТАН жас педагогтердің VII республикалық байқауында бірінші орын алды.
Жадыра Бағдатқызы – 2002 жылы Байқоңыр топырағында дүние есігін ашқан жалынды жүректі, жарқын мінезді педагог. Мектепті «Алтын белгімен» аяқтаған. Е.Бөкетов атындағы Қарағанды университетіне грантпен қабылданып, қызыл дипломмен бітірген. «Дипломмен – ауылға!» бағдарламасы арқылы туған жеріне келген жас маман бүгінгі таңда өзі білім алған мектебінде физика пәнінің мұғалімі. Педагогтік еңбек өтілі – 1 жыл 7 ай.
Талантты жас «Жаңа мектепке – жаңашыл ұстаз» атты байқауда республиканың түкпір-түкпірінен келген 51 жас педагогпен бақ таластырды. Байқау Щучинск қаласының «Балдәурен» республикалық оқу-сауықтыру орталығында өткізілді. Осы бәсекеде Жадыраның бәсі биік болды. Байқау барысында ережеге сай үш кезең бойынша тапсырма орындады. Алғашқы айналымда өзін-өзі таныстырса, келесі кезеңде байқау тақырыбына лайықты эссе жазды. Қос кезеңде де өнерін, білімін жоғарғы деңгейде танытқан Жадыра соңғы сайыста ашық сабақ өткізді. Қаламын – серік, талабын – қанат еткен жас маман теориялық білімін практикамен ұштастырып, біліктілігімен ерекшеленіпті. Сөйтіп, Щучинск қаласынан сүйіншілі хабарын жеткізіп, Ұлытау облысының абыройын асырды.
Біз, бүгін республикалық байқауда қатарынан қара үзіп, ел мерейін асқақтатқан жерлесімізге асар асуың көп болсын демекпіз.
Жүлде құтты болсын, Жадыра!
Қайрат ЖҰМАБАЙ.