26 үміткер сертификат алды

Сəрсенбінің сəтінде Жезқазған қаласындағы Сейфуллин кітапханасында «Табысты отбасы» жобасына қатысқан Ұлытау облысының 26 үміткері арнайы сертификат алды. Олардың тоғызы –«SMM», он бірі – «Бьюти индустрия», алтауы – «Тігін ісі» курстарын тəмəмдаған.

Айшықты шарада «Самұрық-Қазына» АҚ қоғамдық желімен байланыс, əлеуметтік-еңбек қатынастары жəне еңбекті қорғау жөніндегі басқарушы директоры Ғибрат Ауғанов пен «Samruk-Kazyna Trust» қорының өкілдері жəне жоба авторы Айжан Нұрланова екінші лектің түлектерін онлайн форматта құттықтады.

Жалпы, жобаның екінші ағымында бес облыстың 143 тұрғыны «Табысты отбасы» əлеуметтік жобасы аясында оқуын аяқтағаны туралы сертификат алды. Қатысушылар мастермайнд, консультацияларды, жеке дамуы бойынша тренингтерді жəне ең бастысы бес бейінді бағыт бойынша («SMM», «Автоэлектрик», «Бьюти индустрия», «Кондитер ісі», «Тігін ісі») оқытуды қамтитын қарқынды кешенді оқыту айынан сəтті өтті. Алдағы күндері осы сертификат алған түлектерге 150 АЕК сомасына жабдықтар жиынтығы, сондай-ақ үш ай ішінде істі енгізу жəне дамыту мəселелерінде тəлімгерлердің қолдауы берілетін болады.

Орайы келгенде айта кетейік, аталмыш жобаға көпбалалы жəне толық емес отбасы мүшелері, ерекше қажеттіліктері бар балаларды тəрбиелеп отырған отбасылар, жалғызбасты аналар мен əкелер, табысы төмен отбасынан шыққан жастардың да бақ сынап көруге мүмкіндігі бар. Олар жаңа дағдыларға үйреніп, тəжірибелік тренингтерден, шеберлік сыныптарынан өтеді жəне өз ісіне тұрақты тəлімгерлік сүйемелдеуге ие болады. Ал, жеңімпаздарға грант қаржысы заттай беріледі. Яғни, үздіктер бизнес жобаға сəйкес қажетті құралдармен қамтамасыз етіледі.

Ізбасар ОЙБАС.