СПОРТ КЕШЕНІ МАМАНДАРМЕН ҚАЗІРДЕН ҚАМТАМАСЫЗ ЕТІЛУІ ТИІС – БЕРІК ӘБДІҒАЛИҰЛЫ

Жезқазғанда бой көтеріп жатқан денешынықтыру және сауықтыру кешеніне су, кәріз жүйесін жүргізу жұмыстары қыркүйектің ортасында толық аяқталуы тиіс. Ал жалпы аумағы 8000 шаршы метрді құрайтын нысанның өзі қазан айында қолданысқа берілмек. Ұлытау облысының әкімі Берік Әбдіғалиұлы жобаның жүзеге асуына еш кедергі болмауын бақылауда ұстауды тапсырды.

«Жаттықтырушы мамандарды қазірден жасақтауды тапсырамын. Бұл жерде болатын спорттың барлық түрінен кадр тапшылығы болмауы тиіс» – деді өңір басшысы өз сөзінде.

Облыс әкімінің бақылауы барысында ғимараттың және бассейннің суын тазартып тұратын сүзгі орнатылып жатқаны айтылды. Өңір басшысы биыл қазанда аяқталатын Үйтас-Айдос жобасының арқасында нысанды таза сумен қамтамасыз ету мүмкіндігі артатынын жеткізді.

Қазіргі таңда нысанда әрлеу жұмыстары атқарылуда. Оған қоса су жүргізіліп жатыр. Өртке қарсы жүйе дайын, ішкі трибуналары орнатылып жатыр.