Әке жолын жалғастырған
Арман қашанда алысқа жетелейді. Десек те арман қуып, үлкен қалаларға кетпей, ауылдың күйбең тірлігіне араласып, кіндік қаны тамған туған өлкесінің өсіп-өркендеуіне үлес қосып жүрген азаматтар бар. Сондай жанның бірі – Бақыт ТӨЛЕУОВ. Ол – Терісаққан ауылының тұрғыны. 1988 жылы Жезқазған қаласындағы жүргізушілер дайындайтын курсты тәмамдаған. Содан бері көлік жүргізушісі. «Әке көрген оқ жонар» демекші, Бақыттың әкесі марқұм Қожадияс та Терісаққан кеңшарында озат автокөлік жүргізушілерінің бірі болған. Өмірінің соңына дейін автокөлік жүргізушісі болып еселі еңбек еткен еді.
Көзін ашқаннан әкесінің кабинасынан түспейтін бала Бақыт та жастайынан техникаға жақын болып өсті. Отан алдындағы борышын өтеп келісімен автокөлік жүргізушісі болды. Бұл – 1988 жыл еді. Алғашқыда жекеменшік «Уаз» автокөлігімен ауыл тұрғындарына қажетті тауарларды Арқалық қаласынан тасып жүрді. Бертін келе, жолаушыларды да тасымалдады. Осылайша, ел құрметіне бөленген Бақыт 2011 жылы №9 Терісаққан орта мектебіне көлік жүргізушісі болып жұмысқа орналасты. Міне, содан бері мектеп басшылығы тарапынан берілген тапсырмаларды мүлтіксіз, уақытылы орындап жүр. Тәлім-тәрбие ордасы болғандықтан, мұғалімдер мен оқушыларды тасымалдауға да тура келеді. Аудан, қалаларда өтетін түрлі іс-шараларға, байқауларға қатысушы жеткіншектерді дер кезінде жеткізу – Бақыттың міндеті. Ұзақ жыл рульде келе жатқан тәжірибелі жүргізушіге балалардың ата-аналары да сенеді. Қашан көрсең де оның автокөлігі жолға сақадай-сай болып тұрғаны ауыл тұрғындарын да қуантады. Бұл әкесі Қожадиястан дарыған қасиет.
Бүгінгі таңда Бақыт Қожадиясұлының өзі де «Уаз» көлігін тізгіндеген кәнігі майталман жүргізуші. Көпбалалы отбасының отағасы. Балаларының қызық-қуанышына бөленіп отырған – ардақты әке.
Қайрат ЖҰМАБАЙ.