Шаяхмет ҮМБЕТОВ, «Ауыл шаруашылығы қызметкерлерінің салалық кәсіптік одағы» қоғамдық бірлестігінің Ұлытау облысы бойынша өкілі: «Ауыл шаруашылығы еңбеккерлерінің мәртебесін көтеру керек»

Қоғамда азаматтардың құқықтарын заңдық тұрғыда қорғау басымдыққа ие. Соның қатарында түрлі салада еңбек етіп жүрген еңбеккерлердің мүдделері мен құқықтарын сақтап, еңбек жағдайларын жақсартуға ынталы бірден-бір ұйым кəсіподақ болып табылады. Міне, «еңбек адамының жағдайы» деп жарғақ құлағы жастыққа тимей жүрген осындай бір ұйым – «Ауыл шаруашылығы қызметкерлерінің салалық кəсіптік одағы» қоғамдық бірлестігі. Бүгін біз осы қоғамдық бірлестіктің Ұлытау облысы бойынша өкілі Шаяхмет ҮМБЕТОВКЕ жолығып, қазіргі атқарып отырған жұмыстары жайында сұхбаттасқан едік.

– Жасыратыны жоқ, ауыл шаруашылығы еңбеккерлерінің жəй-күйі бүгінгі күннің өзекті мəселесіне айналып отыр. Ол жайында өзіңізбен болған өткен бір сұхбатта да айтып, біраз ой-пікіріңізді білдірген едіңіз. Бүгін соған арнайы оралғымыз келіп отыр. Не айтасыз?
– Ең əуелі, сізге де осы саланы жұмыс барысыңызда тұрақты назарда ұстап ауыл шаруашылығы еңбеккерлерінің мəселесіне мəн бергеніңізге ризалығымды білдіремін. Ал, енді «не айтасыз» дегеніңізге айтарым, бұл бағытта өткен жылғыдағыдан айтарлықтай бір өзгеріс болды дей алмаймын. Əзірге ауыз толтырып айта қоятын ештеңе жоқ. Бірақ, түбі бір өзгеріс болар-ау деп күтіп отырмыз.
Олай дейтінім, таяу арада «Кəсіптік одақтар туралы» заңға өзгерістер болатын сыңайлы. Заң жобасымен танысып оған қосымша екі рет өз ұсынысымызды өзіміздің депутатымыз Ерболат Жалғасбайұлына жібердім. Заң жобасы бүгінгі күні мəжілістің жұмысы тобында қаралып жатыр. Алдағы айларда қабылданып қалуға тиісті. Несін жасырайын, елге белгілі болып отырғандай бұрындары қай сала бойынша да заңдарымыздың кемшіліктері көп болды ғой…
– Сіз осы салада соңғы 12 жылдан бері жұмыс жасап келе жатырсыз. Кешегі уақыттарда кəсіподақ жетекшісі болғаныңызды білеміз. Осы уақыттарда кəсіподақ жұмысында айтарлықтай айырмашылықтар болды ма?
– Иə екі түрлі формацияда ғұмыр кешу біздің нəпақамызға бұйырған екен. Кəсіподақтың осы екі замандағы талабы, құқығы, міндеті, жауапкершілігінің айырмашылығы жермен көктей деп айтуға болады. Қазіргі қолданыстағы «Кəсіп одақ туралы» заңды тым демократияландырып жіберген деп ойлаймын. Біздің тұрмысымыз, жұмыс жүргізу жүйеміз даму жағынан ондай дəрежеге жеткен жоқ сияқты. Əсіресе, ауыл шаруашылығы саласында. Мен барлық уақытта осы салада еңбек еттім ғой. Кей нəрсенің шешілуі қаржыға байланысты екенін айтар болсақ, əсіресе осы нарық заманында кəсіподақ өкілдерінің жұмысы көптеген қайталана беретін бос сөзден əрі аса алмай тұр. Ол жасырын емес. Сізге жауапты осыдан бастасам, одан əрі əңгіме түсінік əлі жеңіл болар. Ол уақыттарда кəсіп одақ мүшелерінің жарнасының сыртында мекеме, кəсіп орындар əлеуметтік сақтандыру қорына жіберетін қаражатты сол ұйымның кəсіптік одағына аударатын. Ал кəсіптік одақ ұйымдары болса бұл қаражатты орталықтандырылған жүйе бойынша кəсіподақ мүшелерін əлеуметтік көмекке, еңбекке жарамсыздық парағына, емдеу-сауықтыру орындарына демалу сияқты қажеттілікке жұмсайтын. Ең бір ұнамды, ұмытылмайтын жері – еліміздегі барлық дерлік шипажайлар осы кəсіптік одақтың есебінде болатын жəне олар осы қаражатқа салынған. 70%-ға дейін жеңілдігі бар осы жолдамаларды өткізе алмай жүретінбіз. Қазіргі уақытта мекемелер аударатын əлеуметтік сақтандыру қаржысы арнайы мемлекеттік қорға түседі де оның рахатын өзгелер көріп отырған шығар.
Осындай мүмкіншіліктен болар жұмыс істеп жүргендер түгелдей кəсіподаққа мүше еді. Мемлекеттік марапаттарға кəсіподақ ұйымының пікірі арнайы қажет болса, тəртіптік шараларды жұмыс беруші қолдану үшін кəсіподақ ұйымынан жазбаша келісім сұрайтын. Яғни ол кəсіптік одақ ұйымында талқыланыпп, шешімін шығаратынбыз, онсыз жұмыс берушінің шешімі заңсыз болатын. Бұндай əрекеттер жұмыс беруішінің де жұмыскердің де тəртіпке мойын ұсынуына үлкен септігін тигізуші еді.
Ал, Ауыл шаруашылығы кəсіподақтары ел тəуелсіздік алғаннан кейін 15-20 жылдай жұмыстарын тоқтатып алды. Осы уақыттарда əсіресе кəсіптік одақтардың не қызмет атқаратыны, ондай қоғамдық бірлестік кімге, не үшін қажет екенінен бейхабар болды ел. Қазіргі уақытта басты жұмыстың бірі осы еңбек адамының қорғалуы мəселесін түсіндіру, Заңның орындалуын талап ету. Өзіңіз де байқап жүрген шығарсыз мекеме, кəсіпорын басшылары тікелей қылмыстық іс қозғалатын немесе қызметінен алып тастайтын кемшеліктері болмаса басқаға ешқандайда мəн бермейтінін. Заң тəртібінде ұжымдарда кəсіптік одақ ұйымын құру ұжым мүшелерінің еріктерімен болуы керек. Бірақ мен бүгінгі күнге ондай ұжым мүшелерімен құрылған ұйымды кездестірген жоқпын. Сондықтан біздер, яғни Əділет басқармасынан тіркеуден өткен заңды филиалдар мен өкілдіктер өзіміздің жарғыларымызды басшылыққа ала отырып ұйымдастыру жұмыстарын жүргіземіз. Бұл жерде басты рөлде – ұжым басшысы. Бізде жүйе осылай қалыптасып тұр ғой. Бұл дегеніміз солақайлау шаруа. Бірақ, бүгінгі күнге басқа жолды көрмей отырмыз. Осы мəселеде бір-екі мысал келтіре кетейін. Аудандағы мердігер болып жүрген бір ірі құрылыс компаниясының басылысына біздің кəсіподаққа кіру туралы ұсыныс жасадым. Сонда ол жігіт айтты «Шəке, ұсынысыңыз дұрыс. Бірақ, бізде мұндай жағдайлар көп болады, жұмыс обьектісінің болмай қалуы, құрылыс материалдарымен қамтамасыз етілмеуі, қаражаттың болмауы сияқты. Осындай уақытта мəжбүрлі түрде адамдарымызды бірнеше айға демалысқа жібереміз. Егер бізде заңды құрылған кəсіптік одақ ұйымы болса, олар өз құқықтары бойынша сол уақыттарға жалақы төлеу, немесе басқа да жағдайларды талап етіп отырып алады ғой. Өзіңіз түсінген шығарсыз», – деді. Əрине, «түсіндім» де қойдым.
Соңғы уақытта байқағаным, облыстың департамент басшысы аудандар мен қалалардағы бөлімдердің жұмысына араласатыны соншалықты жұмысқа адам алу, оны басқа жұмысқа ауыстыру, тағы сол сияқты міндеттерді тікелей өзінің басшылығымен орындататынын білдім. Əрине ондай басшыларға кəсіподаққа саясат үшін формально мүше бола салу керек болар, оларға жұмыс істейтін кəсіподақтың керегі де жоқ.
– Сіздер ауыл шаруашылығы бойынша республикалық қызметкерлерінің салалық кəсіподағына тікелей қарайсыздар ма? Тағы басқа кəсіподақ бар ма?
– 2023 жылдың 6 ақпанында «Ауыл шаруашылығы қызметкерлерінің салалық кəсіптік одағы» қоғамдық бірлестігінің Ұлытау облысы бойынша филиалы болып облыстың Əділет басқармасына тіркеліп, «Ережемізді» бекіттіріп алдық. Бұның бəрін өз бетімізше емес республикалық салалық кəсіподақтың ұсынысымен, көмегімен атқардық. Республикада Каппель Егор Яковлевич деген азамат – төраға. Екі шақырылым парламент мəжілісің депутаты, Ақмола облысы əкімінің бірінші орынбасары қызметтерін атқарған сауатты, принципті кісі екен. Қазақ тілінде де сөйлейді.
Əділет басқармасына тіркелген уақыттан бастап 2024 жылдың наурызына дейін осы филиалдың төрағасы болып қызмет атқардым. Төрағалықты Ұлытау аудандық көп жыл аудан əкімінің орынбасары болған Оспанов Мақсұт Сəрсенбайұлына өткізіп, қазіргі уақытта республикалық саланың кəсіптік одағы Ұлытау облысы бойынша өкілі қызметін атқарудамын. Негізгі міндетім облыстық филиалдың жұмысының жүріп кетуіне атсалысу. Солардың штаттарындамын.
Сіз сұрағандай осы кішкентай облысымызда ауыл шаруашылығында екінші өкілдік те тіркелген. Ол – Ұлытау облысы «Ауыл шаруашылығы қайта өңдеу ұйымдары жəне мемлекеттік мекемелер қызметкелерлерінің жергілікті кəсіподағы» қоғамдық бірлестігі деп айтылады. Олар бізден кейін тіркелді Əділет басқармасына. Ол өкілдіктің де біздің облыста мүшелері бар, оны қарағандылық азамат басқарады. Бұл кісі Қарағандыдағы дəл осылай аталатын қоғамдық бірлестіктің Қарағандыдағы бұрынғы жетекшісі. Айта кететін жағдай бұл өкілдік Орталық Ауыл шаруашылығы еңбеккерлері кəсіптік одағы қоғамдық бірлестігіне тіркелмеген яғни, жеке меншік бірлестік сияқты. Мəселе ұйымның қайда тіркелгенінде, атының, затының қалай аталғандыда емес, мəселе тиімді іс-қимылында, жүргізілетін іс-шара, қызметінде. Негізгі бəсекелестік дегеннен де қашуға болмайды. Оның да пайдалы екенін естен шығармауымыз керек.
– Осы салада көптен қызмет жасап жүрсіз. Қазіргі күнгі ауыл еңбеккерлерінің тыныс тіршілігі жайлы не айтар едіңіз?
– Ауыл шаруашылығындағы, ауыл еңбеккерлерінің тұрмыс тіршілігі жайлы халық біршама біліп отыр деп ойлаймын. Сіз де ешкімнен кем білмейсіз, бірақ, менен естігіңіз келіп отырғандай. Бірде Қазақстан фермерлер қауымдастығы төрағасы Жигули Дайрабаевпен телефонмен сұхбаттасқанымда айтты: «Қазіргі уақытта ауыл шаруашылығында не малда, не еңбек етіп жүрген адамда есеп жоқ» деп. Ол кісі мойындады жəне осы мəселе бойынша жүргізіліп жатқан жұмыстарынан мəлімет берді. Мысалы, кешегі кеңшарлар, бұрынғы Жезді, Ұлытау аудандарында негізгі жұмыс беруші 15 совхоз болса, бүгінгі күні олардың саны 1400-ге дейін жетті, яғни əрбір шаруа қожалығы өз алдына бір-бір совхоз, жұмыс беруші. Бұларда еңбеккерлердің кəсіби мамандығы жоқтың қасы. Сондықтан белгіленген еңбек ақы, еңбек демалысы, техника қауіпсіздігін сақтау сияқты ең маңызды мəселелер назардан тыс қалуда.
Алғашқы уақыттарда келісім-шартқа тұруға шаруа қожалықтар жетекшілері қашқақтады, ал қазір шаруа қожалықтар сол келісім-шартқа тұратын жұмысшылар таба алмай қалды. Жұмыскерлердің негізгі құрамы осы қалаларда үйсіз-күйсіз, құжатсыз жүргендерден екенін жасыруға болмайды. Қашанғы жасырамыз. Олар келісім-шартқа тұрып өзіне жауапкершілік алғысы келмейді. Кеткісі келсе кетеді, құжаты болса да жоқ дейді. Қарсы əдіс тауып алған. Ал жұмыскерлердің жағдайын көтеріп жұмыс саласын жақсартуға шаруа қожалықтарының мүмкіншілігі келе бермейтіндей. Оған мемлекет тарапынан көмек керек деп есептейміз осы салада қызмет көрсетіп жүргендер. Қарағанды облысында Ниқанбай Омарханов деген азамат бар. Елімізге танымал ауыл шаруашылығы маманы. Уақытында аудандарда əкім, Қарағанды облысының ауыл шаруашылығы департаментінде басшы, совхозда директор болған. Қазіргі уақытта Қарағанды облысында қоғамдық жұмыстарда жетекшілік ететін өте сауатты, адал, таза жүріп тұратын азамат. Ол кісі ауыл шаруашылығын дамытуда жоғарғы жаққа көптеген тиімді ұсыныстарын беруде. Ақпарат құралдарынан өздеріңіз де хабардар шығарсыздар. Өткенде Ниқанбаймен кездесіп ауызба-ауыз пікірлесудің сəті түсіп, сонда ойымыздың бір жерден шығып отырғаны маған қатты əсер етті. Өз ойымның, бағытымның дұрыстығын байқадым. Ол кісінің азаматтығының бір белгісі сол, көшеде қоғамдық көлікпен жүреді екен. Адамның дəрежесінің биіктігі қарапайымдылығында деген осы шығар. Ниқаң жастарға үлгі болатын тұлға. Ауыл шаруашылығының дамуының шегіншектеп кеткені жасырын емес. «Урбандалудамыз» деп ұрандап жүрсек, ел қамын білетіндер оны «жабайы урбандалу» дейді екен. Осы уақыт аралығында 15 ауыл шаруашылығы министрі ауысып жəне олар біріне-бірі келмейтін өз бағдарламаларын кіргізген. Кеткен министрдің креслосына отырған министр бұрынғы бағдарламаны жойып, өз бағдарламасын тыққыштайды. Осындай əрі-сəріден кейін жергілікті жердегі ауыл шаруашылығымен айналысып отырғандар, еңбеккерлер, əкімшіліктер мен оның мамандары не істеп, не қоярларын білмейді. Бұл тақырыпта əңгіме өз алдына бір бөлек болар.
Ауыл шаруашылығы еңбеккерлерінің бүгінгі тыныс-тіршілігін көріп отырып кешегі уақыттағы еңбеккерлерге деген құрметті еске алмауға болмайды. Ұлытау совхозының Бозшакөл фермасында аға шопан болған азаматтың кешегі 1961 жылы Сталиндегі мавзолейден шығаратын КПСС-тің тарихи ХХІІ съезіне делегат болып қатысқанын біреу білсе, біреу білмес. Бұндай дəреже еңбек адамы үшін үлкен құрмет болушы еді. Уақытында бұндай құрметті еңбек адамдары өте көп болды. Оларды тізе берсек қағаз жетпес. Бүгінгі күнгі еңбек адамына деген көзқарас, əрекеттер олармен салыстыруға келмейді.
– Əңгімеңізге рахмет. Сіздердің еңбек адамына деген жұмыстарыңызға сəттілік тілеймін.

Сұхбаттасқан
Ізтай БЕЛГІБАЙҰЛЫ.