Ұстазымыз – 60 жаста
Дүниеде ғұмыр кешіп, өмірде де, еңбекте де өз орныңды табу – үлкен бақыт. Жемісті еңбек етіп, өз жолыңды табу – ол да бір берекелі іс. Адам болып дүние есігін ашқан соң, азамат боп қалыптасу – əркімге міндет. Тек ізденіс пен қайсарлық, талап пен табандылық қана адамды берекелі істің парасатына бөлейді.
Міне, осындай ізгі мұрат жолында ілкімді іс атқарып, ел ағасына айналған журналист əрі ұстаз Қайрат Кенжекұлының өмірі мен шығармашылық жолы ізденіске толы.
Мектептегі қазақ тілі мен əдебиеті пəнінен ұстазым болған білімді де білікті жан Қайрат Кенжекұлы Жұмабаев жақында алпыс деген асқардың шыңына шықты. Ол бірталай жыл білім саласында талмай еңбек етті. Осы мерзім ішінде қаншама шəкірт тəрбиелеп, олардың қазақ тілі мен əдебиетінің шын жанашыры, білікті маман болып шығуына өз үлесін қосты. Менің де білім нəрімен сусындауыма үлкен көмегі тиді. Əркез білмегенімізді сұрап, ағалық ақыл-кеңестерін тыңдап өстік.
Қайрат ағамыз негізі қазақ тілі мен əдебиеті пəнінің мұғалімі болғанмен, бүгінгі таңда тілші болып жұмыс істеп, қарымды журналист ретінде өзін жанжақты көрсетуде. Былтыр Ұлытау облысы əкімінің «Ұлар» сыйлығын иеленген-ді. Сол кезде төбем көкке жеткендей қуанған болатынмын ұстазым үшін.
Жалпы, қазақ тілі білімінің көсегесін көгертем деп тер төккен атпал азамат Қайрат Кенжекұлы əріптестері мен шəкірттері арасында зор беделге ие. Ол кезінде əрбір сабағына үлкен дайындықпен келетін, айтатынын жан-жақты пайымдап, сабақты қарапайым жатық тілмен түсіндіріп, жеткізе білетін. Осындай қажырлы еңбегінің арқасында ол мектеп басшылығы тарапынан бірнеше мəрте алғысқа ие болды.
Қайрат аға – отбасының ұйытқысы, қамқоршы, үлгілі əке. Жұбайы Сəуле тəтеміз екеуі – перзенттерінен тараған немерелерінің ақылшы ата-əжесі. Ол – ешқашан да еш нəрсеге мойымайтын, рухы мықты, бойында күш-қуаты зор, интеллектуалды азамат. Сабырлы да салмақты, ізденімпаз, «ақырын жүріп анық басатын, еңбегі далаға кетпейтін» Қайрат Жұмабаевтай абзал азамат қандай мақтауға да лайық. Ұстаздық келбеті кең, ойы терең, əркез ашық ақжарқын мінезімен көптің көңілінен шыққан білімді ұстаз, журналист Қайрат Кенжекұлын бүгінгі 60 жылдық мерейлі мерейтойымен құттықтай отырып, деніне саулық, отбасына амандық, асар асуларыңыз əлі де көп болсын демекпін.
Еркебұлан КАМАЛИЕВ.