Музей – өңір тарихының қазынасы

18 мамыр – Халықаралық музей күні. Бұл атаулы күнді 1977 жылы Халықаралық музейлер кеңесі бекіткен болатын. Ал, 1978 жылдан бастап кəсіби мереке ретінде аталып өтіліп келеді. Бұл дата КСРО кезінде 1977 жылы Мəскеу қаласындағы Халықаралық музейлер кеңесінің ХІ Бас конференциясында бекітілген. Осы күні əлем елдері музейлерінде «Музей түні» акциясы ұйымдастырылады. Бүгінгі күні елімізде шамамен 280-ге жуық музей бар. Биылғы жылы бұл атаулы күнді əлемнің 145 елі атап өтті.

Мерекелік күн «Ұлытау» ұлттық тарихи-мəдени жəне табиғи қорық-музей ұжымының ұйымдастыруымен «Ұлытау» сапар орталығында кең көлемде тойланды. Онда жиналғандарға мерекелік бағдарламалар ұсынылды. Іс-шара аудан тұрғындарына арналған концерттік бағдарламамен басталды. Концерт барысында əсем əндер айтылып, домбырадан күмбірлеген күйлер төгіліп, мың бұралған биші қыздар би биледі. Музей директоры Əлібек Күзербаев бұл мерекенің маңыздылығына тоқталып, жиналғандарға жүрекжарды лебізін білдірді. Бұдан кейін суретші Дəулет Абдрахмановтың картиналарынан көрме, реставратор Ерғазы Исатаевтың жəне Бақытгүл Баймағанбетованың шеберлік сабақтары көпшілікке ұсынылды. Келесі кезекте мектеп бітіруші түлектерге арналып, мамандықтары туралы лекция сабақтары өткізілді. Музей басшысы Əлібек Күзербаев пен музейдің бас қор сақтаушысы Баян Шайгөзова оқушыларға таңдаған мамандықтары жайлы пікір қосып, сондай-ақ, осы уақытқа дейін атқарған жұмыстары жөнінде кеңінен таныстырып, қызмет бабымен алыс-жақын шетелдерде болған сапарлары жөнінде баяндады. Əрине, мұнда оқушылардың өздеріне қажетті алған ақпараттары көп болды. Келесі кезекте оқушылармен кездесу викториналық сайыспен жалғасты. Оған 9-11 сынып мектеп оқушылары қатысты. Сайысқа қатысушы оқушылар өз жас ерекшеліктеріне байланысты үш топқа бөлініп, сынға түсті. Сайыс төрт кезеңнен болды. Атап айтар болсақ, «Сен білесің бе?», «Сəйкестендіру», «Əріп кімде?» жəне «Капитандар» сайыстары бойынша өтті. Нəтижесінде, əр сайыс бойынша жиналған ұпай сандары арқылы үздіктер анықталды. Жүлделі орынға ие болған командаларға ақшалай сыйақылар табыс етілді.
Мерекелік іс-шара барысыңда мектеп оқушыларынан бөлек, аудан жастарына арналған ойын-сауық кеші өтті. Алдымен көгілдір экраннан тарихи бейнефильм көрсетілді. Кешкісін жастарға арналып, алау жағылып, маңында əндер айтылып, ойын-сауықкешімен жалғасты. Биылғы жылы өткізілген «Музей түні» мерекесінде іс-шаралардың басым көпшілігі жастарға арналды.
Мереке аясында арнайы сауда-саттық жұмыстары да ұйымдастырылды. Сонымен қатар, садақ атудан спорттық сайыс өтті.
Жалпы, «Музей түні» мерекесі жоғарғы дəрежеде өткізілді. Жыл сайын бұл мерекені жергілікті тұрғындар асыға күтетіндей болатын болды.
Себебі, бұл мерекенің өзіңдік ерекшеліктері əсерлі болғаны анық.

Жасұлан АЯШЕВ,
«Ұлытау» ұлттық тарихи-мəдени жəне табиғи музей-қорығының экскурсия жетекшісі.