Тарихи тағылымы зор қос кітап жарыққа шықты

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт ТОҚАЕВ Ұлттық Құрылтайдың үшінші отырысында сөйлеген сөзінде Қазақстанның жеті томнан тұратын жаңа академиялық тарихын жазу жұмыстары жүйелі жүріп жатқанын айтқан болатын. «Еліміздің өткені, бүгіні мен болашағы оның тарихи мұрасымен тығыз астасып жатыр. Біз болашаққа сеніммен қадам басу үшін төл тарихымыздың ауқымы кең екенін толық сезініп, мəдени мұрамызды сақтап, оны дəріптеуіміз қажет», деген еді өз сөзінде Президент.

Міне, осы тапсырманы жүзеге асыру бізің өңірде басталып та кетті. Жуырда Алматы қаласындағы «Samga Press» баспасынан «Жошы хан» жəне «Ұлытау кереметтері» деп аталатын қос кітап жарық көрді. Ал, аптаның ортасында тарихи тағылымы зор қос кітаптың тұсауы салтанатты түрде кесілді.
Орайы келгенде айта кетейік, тарихи жинақтар «Қазақтың Кетбұқасы» қоғамдық бірлестігінің ұсынысымен, Жезқазған қаласы əкімдігінің қолдауымен, Жезқазған қаласының мəдениет жəне тілдерді дамыту бөлімінің тапсырысымен басылып шықты. Жобаның жетекшісі – Гүлзада Шомаева, құрастырушы – Асылбек Баяжума. Ақылдастар алқасының құрамында Төлеген Бүкіров, Мұхамбет Көпеев, Советбек Медебаев, Ерболат Сатыбалдин, Батырбек Мырзабеков, Ғазиз Ештанаев, Ахат Құрмансейітов бар. Əр жинақтың көлемі – 256 бет. Таралымы – 500 дана.
Жезқазған қаласындағы халықтар достығы мен мəдениеті үйіндегі тұсаукесерге өңірдің зиялы қауым өкілдері мен кітапқұмарлар, əдебиетшілер мен тарихшылар жиналды. Қос жинақтың лентасын «Қазақтың Кетбұқасы» ҚБнің төрағасы, Қазақстанның Құрметті азаматы, «Құрмет» орденді ардагер металлург Төлеген Бүкіров жəне Жезқазған қаласының əкімі Қайрат Шайжанов қиды.

Зардыхан Қинаятұлы, Қаржаубай Сартқожаұлы, Жамбыл Артықбаев, Марат Əбсемет, Дархан Қыдырыəлі сынды ондаған тарихшы-ғалымдардың сүйекті мақалалары енген «Жошы хан» жинағын оқыған оқырман Ұлы Дала тарихының тың қырларына қанық болары, əсіресе тарих саласын зерттеп, зерделеп жүрген жас мамандар үшін аса құндыі мəліметтер берері анық.
Ал «Ұлытау кереметтері» жинағында Ұлытау бауырынан басталатын сайын дала төсіндегі асық аспан астындағы мұражайының тарихи-мəдени ескерткіштері, киелі жерлері, көне заман жəдігерлері туралы қызықты деректерге толы 54 мақала жинақталыпты.
Кітапта Ұлытау өңіріндегі белгілі азаматтар мен қоғам қайраткерлерінің, жазушыларының өңірдің ерекшеліктері мен қасиет, киесі туралы жазған мақалалары жинақталған. Кітап Ұлытау өңірін зерттеп жүрген жас тарихшылар, журналистер мен жалпы оқырман қауымға арналған.

Ізтай БЕЛГІБАЙҰЛЫ.