210 ШАҢЫРАҚТА ҚОНЫС ТОЙЫ ТОЙЛАНАДЫ

Көпқабатты үш тұрғын үй облыс орталығының батыс ауданында бой көтеруде. Оның 60 пәтерлі біреуі маусым айының соңында аяқталып, шілдеде кезекте тұрған отбасыларға беріле бастайды. Ал 90 пәтерлі төрт және жеті қабатты, сондай-ақ 60 пәтерлі бес қабатты несиелік баспана жыл соңында салынып бітеді. Құрылыс қарқынын бақылаған Ұлытау облысының әкімі Берік Әбдіғалиұлы аталған үйлерді жылумен қамту жұмыстарын шұғыл қолға алуды тапсырды.

«Биыл жаңа ауданда құрылысы басталатын екі қазандықтың біреуі – әлеуметтік нысандарды, екіншісі тұрғын үйлерді жылумен қамтамасыз етуі қажет. Үйлер салынып болған соң, жылу мәселесі туындамасын. Қазандықтардың жобасын дайындау мен құрылысын бастау жұмыстарын жеделдетуді тапсырамын» – деді өңір басшысы өз сөзінде.

Айта кетейік, бес қабатты қос үйде 2 бөлмелі 30, 3 бөлмелі 30 пәтерден болса, төрт және жеті қабаттан тұратын баспаналарда 1 бөлмелі 30, 2 бөлмелі 30, 3 бөлмелі 30 пәтер жоспарланған.