21 келі күміс, 16 келі алтын
Ұлытау ауданы ауыл шаруашылығы ғана емес, өндірісі де өрге басқан өңір. Бүгінгі күні аудан көлемінде ірілі-ұсақты бірнеше өндіріс орындары жемісті жұмыс істеуде. Соның бірі һәм бірегейі Сарысу ауылындағы «Үшшоқы» кен орны.
Жуырда аудан әкімі Аманжол Мырзабеков және аудан прокуроры Рахымжан Рахатов Сарысу ауылдық округіне қарасты «Үшшоқы» кен орнындағы «BASS GOLD» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің жанадан іске қосылған асыл және түсті металл кендерін өндейтін фабриканың жұмысымен танысып қайтты.
Кен орнында 120, ал өңдеу фабрикасында 50 адам жұмыспен қамтылған. Өңдеу өнеркәсібі биылғы жылдың 6 айында 342,5 млн.теңгенің өнімін, яғни, 21 келі өңделмеген, ұнтақ түріндегі күміс, 16 келі өңделмеген және жартылай өңделген, немесе ұнтақ түріндегі алтын өндіріп отыр.
Сапар барысында аудан басшысы кәсіпорынның еңбек ұжымымен кездесіп, жұмысшыларға жасап жатқан жағдай, еңбек қауіпсіздігін қамтамасыз ету шараларымен танысты.
Ізтай БЕЛГІБАЙҰЛЫ.