Қауіпсіз аймаққа көшірілді
Күннің жылынуы жəне жауын-шашынның болуы көктемгі қызыл су тасқынының қарқынын күрт көтеріп жіберді. Осының салдарынан Жезді кентіндегі «Нарсай» саласынан келетін еріген қар суы ауызекі «Көкбұлақ» аталатын көшенің шеткері аймағындағы үйлер мен қораларды басып кетті. Салдарынан, Жезді кентінде төтенше жағдай жарияланып, тұрғындар қауіпсіз аймаққа көшірілді.
Оқиға сəрсенбіден бейсенбіге қараған күні орын алды. Төтенше жағдай орын алған аймаққа облыс əкімі Берік Əбдіғалиұлы арнайы келді. Өңір басшысы Жезді кентінде баспанасын су басқан азаматтармен кездесіп, шығынға ұшыраған отбасылар уақытша орындарға көшірілетінін, төтенше жағдай аясында барлық көмек көрсетілетінін жеткізді.
– Зардап шеккен отбасылар түгел қауіпсіз жерге көшірілсін. Мəселені түске дейін шешуді тапсырамын. Мердігер анықталып, сараптама жасалған соң барлық шығын өтеледі, – деді өңір басшысы өз сөзінде.
Қазіргі уақытта жергілікті атқарушы органнан 15, Төтенше жағдайлар департаментінен 50-ге жуық, Полиция департаментінен 30-дан астам қызметкер, жалпы саны 13 техника мен 3 сорғы жұмыс істеуде.
Жоғарыда айтып өткеніміздей, оқиға 28 наурызға қараған түні болды. Сала мамандары таратқан ақпаратқа қарағанда сол күні Жезді кентінде 10-ға жуық үйді су басқан. Ізінше сол үйдің тұрғындары жəне жақын аумақтағы баспаналар, бас аяғы 26 отбасы эвакуацияланды. Қазіргі уақытта кенттің жатақханасына орналастыру жұмыстары жүргізілуде.
Осындай жағдай ауданның «Талдысай» елді мекенінде де орын алды. Қардың қарқынды еруінен жəне жер асты суларының көтерілуіне байланысты 8 жеке үй су астында қалды. Көтерілген су деңгейі 50 сантиметрге жетті.
Шұғыл түрде жасалынған шаралардың арқасында елді мекеннің 20 адамы Жезді кентіне жеткізілді. Олардың қатарында 5 бала жəне 7 əйел бар. Сондай-ақ жүзден астам ірілі-ұсақты мал басы қауіпсіз жерге шығарылды.
Қазір су басқан аймақта жергілікті атқарушы орган мен Төтенше жағдайлар жəне Полиция департаментінің 30-ға жуық қызметкері, 6 техника жұмыс істеуде.
Ізтай БЕЛГІБАЙҰЛЫ.