2024 жылы кімдердің зейнетақысы мен жәрдемақысы өседі?
2024 жылдың 1 қаңтарынан бастап Қазақстанда мемлекеттік жәрдемақылар мен базалық зейнетақы төлемдерінің барлық түрлерінің мөлшерін 7%-ға, ынтымақты зейнетақыны 9%-ға арттыру жоспарланған.
Еңбек және әлеуметтік қорғау министрлігінің дерегінше, бюджеттен төленетін жиынтық зейнетақының орташа мөлшері 130 414 теңгені құрайтын болады.
2024 жылғы 1 қаңтардан бастап базалық зейнетақының ең төменгі мөлшері ең төменгі күнкөріс деңгейінен 60%-нан 65%-ына дейін арттырылатын болады, яғни, 28 215 теңге болады. Ең жоғарғы мөлшері ең төменгі күнкөріс деңгейінен 100-ден 105%-ға дейін ұлғаяды, бұл 45 578 теңгені құрайды.
Келесі жылы 1, 2, 3 баланың дүниеге келуіне берілетін жәрдемақы 131 100 теңгеден 140 296 теңгеге дейін, 4 және одан да көп бала тууына берілетін жәрдемақы – 217 350 теңгеден 232 596 теңгеге дейін ұлғаяды.
Сонымен қатар жасына байланысты және еңбек сіңірген жылдары бойынша зейнетақы төлемдерінің мөлшері 9 пайызға өседі. Бұдан бөлек мемлекеттік жәрдемақыларды арттыру да көзделген.
Балалар санына байланысты көпбалалы отбасыларға берілетін жәрдемақы 4 баласы бар отбасылар үшін 55 304 теңгеден 59 183 теңгеге дейін, 10 баласы бар отбасылар үшін – 138 000 теңгеден 147 680 теңгеге дейін артады.