2020 жылы Қарағанды облысында 260 мыңнан астам онкоскриниг өткізілді
Коронавирус пандемиясымен байланысты қиындықтарға қарамастан, Қарағанды облысының емханаларында онкоскринингтер әдеттегі режимде өтуде. Біздің өңір тұрғындары үшін обырды ерте анықтауға арналған тексерулерге ақы төлеуге медициналық сақтандыру қоры өткен жылы 386 млн теңгеден астам қаражат бөлген.
— Енгізілген шектеу іс-шаралары, әрине, 100% қамтуға мүмкіндік бермеді, бірақ жұмыс принципі бұрынғыдай қалады, — деп түсіндіреді «Қарағанды қаласының №1 Көпбейінді ауруханасы» КМК профилактика бөлімінің меңгерушісі Любовь Ковалева. — 2021 жылы біз науқастарды маммографиядан өтуге, онкоцитология мен зертханалық зерттеулерге жағынды тапсыруға шақырамыз.
2020 жылы №1 көпсалалы ауруханада 4 мыңға жуық әйел маммографиядан өтті. Олардың сегізінде 1-2 сатыдағы сүт безінің қатерлі ісігі анықталды, ал 118 науқаста қатерсіз ісік анықталды. Жатыр мойны обырын ерте анықтау үшін көптеген әйелдер тексеруден өтті. 1-ші және 3-ші сатыдағы екі қатерлі ісік анықталды, 100 әйелге ісік алды патологиясы (жатыр мойнының ауыр және жеңіл дисплазиясы) диагнозы қойылды.
Сол аурухананың 4 300-ден астам пациенті нәжістен жасырын қан анықтау зертханалық тексеруінен өтті. Оның 137-сінде оң нәтиже анықталды. Жалпы бейне колоноскопия секілді толық тексеруден соң төрт адамда 1-2 сатыдағы қатерлі ісік анықталды.
— Бүгінгі таңда халықты скринингтік зерттеу бойынша белсенді жұмыстар жүргізілуде. Наурыз айының ортасына қарай маммографиямен 849 әйел, цитологиялық тексерумен 940 әйел қамтылды, колоректальды обырды ерте анықтауға 675 пациент тексерілді — олардың арасында обырдың екі жағдайы және асқазан-ішек жолының полиптері жеті адамда анықталды. Медицина қызметкерлері тарапынан өткізілетін іс-шаралардың белсенділігіне қарамастан, өзін-өзі зерттеу және пациенттердің өз денсаулығы үшін ортақ жауапкершілігінің болуы онкопатологияларды ерте анықтаудың ең маңызды аспектілерінің бірі болып табылады. Кейінге қалдырылған профилактикалық тексеру, уақтылы қарамау, уақтылы жете тексеру және сауықтыру асқынған онкологиялық аурулардың санын ұлғайтып, емдеу тиімділігін төмендетеді, — деп атап өтті Любовь Ковалева.
Естеріңізге сала кетейік, онкологиялық ауруларды ерте анықтауға скринингтік тексерулер жүргізу міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру пакетіне жатады. Бұл қызметтер белгілі бір жасқа толғаннан кейін тексерілуге жататын сақтандырылған азаматтарға тегін көрсетіледі.
Бүгінде Қазақстанда тегін онкосринингтің үш түрі бар: сүт безі обырын, жатыр мойны обырын және колоректалды обырды ерте анықтауға арналған.
Медициналық сақтандыру қорының Қарағанды филиалы баспасөз қызметінің ақпараты бойынша