Республика күні: Елдікке бастаған мереке
2022 жылы 25 қыркүйекте Президент Қасым-Жомарт ТОҚАЕВ Республика күнін ұлттық мереке ретінде белгілейтін Заңға қол қойған болатын. «Қазақстан Республикасындағы мерекелер туралы» Заңға «25 қазан – Республика күні, ұлттық мереке» жəне «16 желтоқсан – Тəуелсіздік күні, мемлекеттік мереке» болып белгіленетін өзгерістер енгізілді.
Тарихқа көз жүгіртсек, 1990 жылдың 25 қазаны мемлекет тарихындағы ерекше күн болғаны сөзсіз. Бұл күні Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесінің қаулысымен тарихи құжат – «Қазақ Кеңестік Социалистік Республикасының мемлекеттік егемендігі туралы» Декларация қабылданды.
Бұл құжат Қазақстанның нағыз тəуелсіздігіне апаратын құқықтық бастама болды. Қазақстанның толық мемлекеттік тəуелсіздігін ресімдеудің жаршысы болған бұл құжатты дайындау кеңестік империяның кеңістігінде белең алған экономикалық жəне саяси құлдырау жағдайында жүргізілді. Осы ретте бұл құжаттың оңайлықпен қабылданбағанын да айта кеткен жөн. КСРО Жоғарғы Кеңесі басшылығы Қазақстанның мемлекеттік егемендігі туралы Декларацияның қабылдануын үнемі тежеп отырғаны белгілі. Сондықтан Қазақстанның тағдырын шешкен осы саяси-құқықтық құжатты əзірлеу əрі қабылдау азаматтық батылдықтың көрінісі болды.
Мемлекеттік егемендік туралы декларация қабылданып, еліміздің еркіндік жолындағы аса маңызды жүйеленген саяси-құқықтық қадамы жасалды. 1991 жылы 16 желтоқсанда жарияланған Тəуелсіздігіміздің бастауында дəл осы Егемендік туралы декларация тұрғаны анық. 25 қазан еліміздің азаттыққа ұмтылыс жолында тағдыршешті нəтижеге алып келген күн ретінде қадірлі болып тұр. Сондықтан еліміздің Тəуелсіздігі осы күннен бастау алатынына күмəн жоқ.
Тоқтала кететін жайт, əлем елдерінің біразы Республика күнін ерекше атап өтеді. Сонымен қатар, бұл мереке мемлекетімізде 1992 жылдан бастап атаулы күндер қатарына енгізіліп, 2001-2009 жылдар аралығында мемлекеттік мереке ретінде тойланды. Ал 2009 жылдан бері Республика күні атаулы күндер қатарынан түсіп қалды.
Осы орайда Президент Егемендік декларациясы халықтың жан-жақты жəне ұзақ жылғы күресінің нəтижесі екенін қадап айтты.
Сондықтан осы мерейлі күн азаматтарымыздың өзара түсіністігін, тұтас ұлтымыздың еркін өмірге жəне дербес дамуға ұмтылысын паш ететін мереке болмақ.
Ұлытау ауданының прокуратурасы.