Жезді жаңарып жатыр
Жезді кенті əлеуметтік-экономикалық жағынан дамып жатыр. Кентте жаңа құрылыстар бой көтеруде. Бұрыннан бері жұмыс істеп келе жатқан мекемелердің де тынысы ашылуда.
Сондай бір ілкімді іске жуырда жезділіктер куə болды. Кенттегі «Жезбұлақ» жауапкершілігі шектеулі серіктестіктің техника паркі жаңа экскаватормен толықты. Ұлытау ауданының əкімі Аманжол Мырзабеков аудандық бюджет есебінен алынған əмбебап техниканы «Жезбұлақ» мекемесіне өзі арнайы барып табыс етті.
– «Жезбұлақ» тек Жезді кентінде ғана емес, ауданымыздың барлық аймақтарында дерлік ауқымды жұмыстар атқарып жүр. Өңіріміздегі су, жылу желілері мен жылу қазандықтарын жөндеуде, салуда аталмыш мекеменің үлесі зор. Ауданның коммуналдық шаруашылығын жолға қоюда еселі еңбек етіп жатқан ұжымға біз де өз тарапымыздан қолдау көрсеткенді жөн көрдік, – деді аудан басшысы экскаватордың кілтін тапсырып тұрып.
Жездідегі жұмыс сапары барысында Аманжол Батырбекұлы кентте бой көтеріп жатқан жаңа құрылыс алаңына да арнайы атбасын бұрды. Орайы келгенде айта кетейік, жазда аудан əкімі Жезді кентіне арнайы келіп, кезекте тұрған азаматтарды баспанамен қамтамасыз ету мақсатында 6 тұрғын үйдің құрылысы салынатынын айтқан еді. Тіпті, құрылыс басталатын алаңды да кент тұрғындарымен бірге таңдап, алғашқы қадасын қағысқан болатын. Қазір кентте осы алты үйдің іргетасы құйылып, жұмыс басталып кеткен. Құрылыс алаңында болған аудан əкімі кент əкіміне басталған жұмыстарды бақылауда ұстауды тапсырды.
Осы орайлы сəтті пайдаланған Жезді кентінің ақсақалдары Тілеген Рақымбеков, Серік Əбушахманов, Қаумет Əбішев аудан басшысына алғыстарын айтып, алдағы жұмысына сəттілік тіледі.
Ізтай БЕЛГІБАЙҰЛЫ.