Шарапаттың шегі жоқ

Жыл сайын жалғасатын «Мектепке жол» республикалық қайырымдылық акциясына «Қазақстан Халық Банкі» акционерлік қоғамы да үн қосты.

«Жақсылық жасап жарысайық» акциясы шеңберінде HALYK Банкінің аудандағы филиалының басшысы Алтынай Əбдірахманова Ұлытау ауданының көмекке мұқтаж балаларына қамқорлық танытты. «Халық Банкі» атынан 10 оқушыға ортопедиялық сөмкелер сыйлады. Алтынай Қаражігітқызының айтуынша, бұл HALYK Банкінің қабылдаған шешімі екен. Биыл банктің 100 жылдық мерейтойына орай «100 игі іс» шарасы аясында əлеуметтік осал отбасылардан шыққан бірінші сынып оқушыларына оқу құрал-жабдықтары бар сөмкелерді сыйлауды ұйғарыпты.
«Осы сыйлықтарды жасағанда, оқушыларға керекті оқу құралдарды ескердік. Əсіресе, сөмкені арқалау кезінде баланың денсаулығына үлкен мəн бердік. Ортопедиялық сөмкелер балаларға ыңғайлы, арқа мен иыққа біркелкі салмақ түсіреді. Мұны біз аудандық білім бөлімі ұсынған тізімге сəйкес, əлеуметтік ахуалы төмен, көпбалалы отбасылардың балаларына сыйға тарттық», – дейді Алтынай Əбдірахманова.

Филиал басшысы тарту-таралғыны əр мектептің əлеуметтік педагогтарына тапсырды. Педагогтар білім ошақтарында аталған санаттағы отбасылардың балаларына табыс етпекші.

Қайрат ЖҰМАБАЙ.