1 қыркүйекте тексеріс басталады

Денсаулық сақтау министрлігі вакцина салдырмаған қызметкерлерді тексеру нақты қашан басталатынын айтты, — деп хабарлайды Экспресс К сайты. Министрліктің баспасөз қызметінің хабарлауынша, бұған дейін айтылғандай, жұмыс орындарында вакциналауға қатысты тексеріс 10 тамызда емес, 1 қыркүйекте басталады екен.

Осының алдында еліміздің Бас мемлекеттік санитар дәрігері Ерлан Қиясов өзінің қаулысында міндетті вакциналаудың мерзімін көрсеткен еді. Яғни, екпенің бірінші компонентін 2021 жылдың 10 тамызына дейін, ал екіншісін 1 қыркүйекке дейін алуға тиіс екені жазылған болатын.

Ал екпе алмаған қызметкерлер аптасына кемінде бір рет ПТР-тестілеуден өтуі керек (медициналық қарсы көрсетілімі барлар мен соңғы үш ай ішінде ауырған адамдарды қоспағанда). Мұндай жағдайда ПТР-дің ақшасын қызметкердің өзі немесе жұмыс беруші төлеуі тиіс. Мұны Денсаулық сақтау министрі Алексей Цой айтты.

Министрліктің баспасөз қызметі тексеріс 1 қыркүйекте басталатынын, бірақ әзірге нақты алгоритм жоқтығын айтып отыр.

«Мұндай тексерулер екінші компонент салатын уақыт аяқталған соң, яғни 1 қыркүйектен бастап жүргізіледі (жұмысшылар вакцинаның екінші компонентін 1 қыркүйекке дейін алуы тиіс). 1 қыркүйекте екі дозасын салдырғандарды бірдей тексереміз. Сол себепті әлі де уақыт бар. Алгоритм коронавирусты таратпау жөніндегі ведомствоаралық комиссияның қарауына жіберіледі. Сосын шешім қабылданады», — дейді санитарлық-эпидемиологиялық бақылау комитетінің ресми өкілі Ержан Байтанаев.

Министрліктің мәліметіне сүйенсек, егер қызметкер вакцина салдырмаса, онда жұмыс берушіге айыппұл салынады. Бірақ екпе алмаған қызметкер айыппұл төлемейді.

Вакцина алмаған қызметкерлерге қандай бап бойынша айыппұл салынатыны заң бұзушылықтың түріне байланысты. Шешім нақты бір істі қарау кезінде қабылданады.

Әкімшілік құқықбұзушылық туралы Кодекстің 462-бабы, үшінші бөлігі бойынша хаттама толтырылады.

«Мемлекеттiк бақылау және қадағалау органдары (лауазымды адамдар), мемлекеттік органдардың лауазымды адамдары өздерінің құзыретi шегiнде берген заңды талаптарды, нұсқамаларды, ұсынуларды, қаулыларды орындамау немесе тиiсті деңгейде орындамауы үшін айыппұл төлейді», – делінген осы бапта.

Бұл бапта көрсетілген айыппұлдың көлемі: жеке тұлғаларға – 5 АЕК (14 585 теңге шамасында), лауазымды адамдарға – 15 АЕК (43 755 теңге шамасында), шағын кәсiпкерлiк субъектiлерiне немесе коммерциялық емес ұйымдарға – 100 АЕК (291 700 теңге шамасында), орта кәсіпкерлік субъектілеріне – 200 АЕК (583 400 теңге шамасында), ірі кәсіпкерлік субъектілеріне – 500 АЕК (1 458 500 теңге).

Бұған дейін қай саланың қызметкерлері вакцина салуға міндетті екенін хабарлағанбыз.

Өз тілшімізден.