Әзірлік әлеуеті арта түсті

Аудан әкімі Советбек МЕДЕБАЕВТЫҢ тапсырмасына сәйкес, барлық кенттер мен ауылдық округтерде көктемгі су тасқынының алдын-алуға байланысты дайындық жұмыстары тыңғылықты атқарылуда.

Аудан орталығында осы бағытта жүргізіліп жатқан әрекеттердің жай-күйін Советбек Тұрсынұлы арнайы аралап бағамдады. Оның барысында көше жолдары бойындағы суағарлардың қар мен қоқыстан тазартылу деңгейі тексеріліп, үйінді қарды сыртқа шығару жұмыстары сарапталды. Сапар қорытындысында аудан басшысы жұмысты тиімді ұйымдастыруға қатысты ауылдық округ әкімі Талғат Әбжаппаров пен аудандық төтенше жағдайлар бөлімінің басшысы Нұрбек Сабағановқа бірқатар тапсырмалар берді.

Бүгінгі күні мақсатты шараларды ұтымды жүргізіп жатқан кенттер мен ауылдар баршылық. Мәселен, Қарсақбай кентінің әкімдігі мен «Құрылыс-ДК» ЖШС бірлесе отырып, көше ішіндегі және кент аумағындағы суағарларды қардан толық тазартты. Сонымен қатар, су басу қаупі бар бір үйдің аумағы қардан аршылып, арнайы суағар жасалды. Дәл осындай жұмыстар Ақтас кенті мен Сарысу, Борсеңгір, Терісаққан, Қорғасын ауылдарында да сапалы атқарылды.

«Қайырымдылық істер» жобасы аясында аманкелділік Өмірсерік Қуандық ауылдағы көшелер мен мектеп ауласын  қалың қардан тазартып, жерлестерінің алғысына ие болды.

Су тасқынына байланысты қолға алынған шаралар бекітілген жоспарға сәйкес жүргізіле береді.

Жасұлан АЯШЕВ.